Досымды күтіп тұрмын

Күн жұма болатын. Христиан жігіті (орыс) мұсылман досымен көшеде келе жатқан. Намазға шақырған азанды естіген жұрт ағылып мешітке қарай лек-легімен кетіп барады. Мұсылман жігіт (қазақ) алаңдай бастады.
— Досым, ел жұма намазға асығуда. Мен де парызымды өтеп шығайын. Сен көлеңкеде күте тұрсаң қайтеді? — деген, сары шашын сілкіп, көгілдір көзі күлімдеп, басын изеді. Күн сондай ыстық еді. Досын күткен христиан жігіті мешіттің кіре берісінде қалды. «Неғып босағада тұрсың, мұсылман өстеді ме екен? Ішке таман енсеңші», — деп, адамдар оны өздерімен бірге ішке қарай алып кетті. Христиан жігіт: «Мен орыспын ғой!» — деді. Мұсылмандар күлімдеп: «Жалғыз сен деп пе едің? Орыс болсаң ше? Бұл Алланың үйі, ешкімді де алаламайды. Оз төрге!» — деп жатыр. Бұл қысылып-қымтырылып қалың мұсылманның ортасынан бір-ақ шыққанын өзі де байқамай қалды. Өзінің еш қарсылық көрсете алмағанына, ағымға көніп ілесе бергеніне өзі де қайран. Содан ғибадат амалдары басталып, жамағат жапатармағай намазға жығылды. Состиып тұра беруге айналасынан ұялған христиан жігіт жанындағылардың қимылын қайталауға тырысты. Тұла бойын тер жуып кетті. Қиналып-ақ тұр. Үлкен күнә жасап, өз дінін сатып жатқандай күй кешті. «Мен не істеп тұрмын?» — деді өзіне-өзі. Бірақ ештеңе істей алмады. Болып жатқан жайттың анық кейіпкері өзі еместей ақылы аңтарылып, еркі қаңтарылып қалған. Жамағат тыныс алды. Дұғалар оқылды. Жігіт демін алып, айналасына көз жіберді. Өзі сияқты орыс жігіттері бар екен. Бұл жалғыз болмады шынымен де. Таңырқады. Ал оған ешкім де көз қадап, дегбірін алмады. Бәрі ғибадатымен болған. Барлығы бір кісідей жұмылып, Алланың дәргейіне бас иген. Бұл көрініс христиан жігітке әсер ете бастады. Әлгіндегі алабұртқан асау көңілі басылыпты. Жан сарайында жақсы бір әсер күшейе түскен. Содан парызын оқуға жамағат түрегелгенде иін тіресе сап толтырған адамдар мұны алдыңғы жақтан бір шығарды. «Сапты толтыр! Бермен-бермен!» — деп, әйтеуір имам тұрған қатарға таяды. Намаз басталды. Бір сөзін білмесе де Құран сүрелері христиан жігітті өзге күйге түсірді. Ол толқыды, тебіренді. Жан жүрегі рухани әсерге берілді. Бұрын-соңды болмаған айрықша ахуал кешкен жаны осы бір сәттің толастамауын қалайтындай. Кезекті рукуғқа еңкейгенде мойнындағы алқасы салбырап кетті. Алтын түсті крест алдында көлбеңдейді. Оны елеп жатқан жігіт жоқ, есіл-дерті намазда. Ақыры бұл бір илләһи құлшылық та тәмәм. Жігіттің көзі сәл жасаураған. Ет жүрегі елжірей ғибадаттан әсерленгені көрініп тұр. Жамағат бір-бірін «Намаз қабыл болсын!» айтып қол берісіп құттықтап жатыр. Орыс жігіті де төңірегіндегі мұсылмандардың қуана қолдарын қысты. «Олег?!» — дейді кезекті қол алысқан жігіт. Өзінің қазақ досы.
— Сен?..
— Иә, бұл мен, сені алыстан емес, жақыннан күтейін деп, сен сенген Аллаға бас иіп, дініне құрмет еттім! Білесің бе, мен өмірі мұндай сезімге бөленіп көрмеппін!.. Сондай сезім!.. Тіпті бар ғой, тілмен жеткізу мүмкін емес мұны.
— Ерекше күйге бөленгенің көрініп тұр. Ана мойныңдағы кресің де сәждеге құлапты ғой, — дегенде Олегтің екі беті ду етіп, қызарып кетті.
— Мә, мен бүлдірдім, иә? Бұл күнә ғой… Енді не істеймін?
— Сен әдейі істеген жоқсың ғой. Алла бәрін біледі. Кешіреді. Алла қаламаса, сен бұл арада болмас едің. Мен сені исламға шақыра алмай жүргенімде, қарашы, қиын күрмеудің өзі Алла қалауымен осылай, қарапайым да керемет түрде оп-оңай шешімін тапқанын! Мен бақыттымын!
— Мен де, досым, — деп христиан жігіті крестін шешіп, қалтасына салды.
— Досым, енді есік алдында мені күтпейсің. Иықтасып жанымда тұрасың!
— Сөз бар ма?! Маған сен ұстаз бол. Үйрет. Осы уақытқа шейін неге?..
— Ендеше алдымен имамға жолығайық, — деп, қазақ жігіті өзінің орыс досын имамға қарай жетелей берді.
Мұнайдар Балмолда

(10)