Ата-ананы сыйла, пенде, өлгенше

Ата-ананы ешкім таңдап алмайды,
Тау мен тасқа соқса-дағы маңдайды.
Іші арамға ақ-қараның бәрі бір,
Бір құмалақ шірітпей ме сар майды.

Ата-ананың жоқ жақсысы, жаманы,
Әр балаға бәрі олардың жағады.
Ең жақыны ата-анаға тек бала
Бере алады нағыз әділ бағаны.

Тәлімді ұрпақ ұмытпаған тобасын
Жыртпайды әсте үлкендердің жағасын.
Ата-аналар зат емес қой жақпаса
Айырбастап алар ертең жаңасын.

Ата-анамен биік арман аспаны,
Сүйе алмайды бала жүрек басқаны.
Қатал тағдыр жүндей түтіп жемей ме
Ата-анасыз тұлдыр жетім қасқаны.

Ата-ананы сыйлаған жөн құрметтеп,
Сынтас емес, олар дағы жүрмес көп.
Өмірге әкеп, бағып-қаққан олармен
Тұрғаны абзал бар тілегің үндес кеп.

Ата-анасы бардың бағы зор керім,
Кем санамас басқалардан өздерін.
Ата-анасыз жетім жайын сезесің
Бір-ақ рет көрсең жасты көздерін.

Ата-ананы сыйла, пенде, өлгенше,
Қос жұлдызың маңдайдағы сөнгенше.
Ертең сен де күй кешесің солардай
Айтпай келер ажал құрық төнгенше.

Ермек Сахариев

(8)