Атам айтқан ақыл

Бала күнім. Сабақтан, дұрысы сабақтан қашып, ауыл сыртындағы доп ойынынан қас қарайғанда бір-ақ қайттым. Қақпа алдында атамның қарайған сұлбасы көрінеді. Жүрегім зырқ ете қалды. Бір әулеттің балаларын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған атамның көзіне тік қарауға қорқатынбыз. Көзінің астымен аларып бір қарағанынан қорқып, «Сабақ енді аяқталды…» деп өтірігімді бастап келе жатқан болатынмын. Атам саусағының ұшымен «отыр» деп нұсқау берді.
Атам үнсіз, түнеріп отыр. Мен де демімді ішіме тартып отырмын. Атам: «Балам, өмірде ешқашан өтірік айтушы болма! Сонда үлкен өмір жолыңда кедергілер болмайды. Өтірік айту өзіңді жаман әдетке, жаманшылыққа тәрбиелеу болып саналады. Ал сенің ойыңда шаңның тозаңындай арам ниет пен жаманшылық болса, өмірде соның азабын тартасың. Қай кезде де шындықты жақта, әділдікке үйірсек бол, жақсылық жаса. Есіңнен шығарма, сенің әр қадамыңа таразы болатын өзіңді тәрбиелеген жақсылығың не жамандығың…» —деген болатын.
Одан бері қаншама жыл өтті. Өмір өз ағысымен ағып жатыр. Атам дүниеден өткен. Қаншама жыл өткен соң, осы әңгіменің санамда жаңғыруына мына бір тәмсіл себепші болды.
«Бір күні атасы немересіне өмір сабағының алғашқы сырын ашқан екен. «Балам, әрбір адамның жүрегінде бір азулы, адуынды екі қасқырдың шайқасы жүріп жатады. Бірінші қасқыр зұлымдық пен қастықты, өзімшілдікті, өтірікті жақтайды. Екінші қасқыр болса адамгершілікпен қайырымдылықты, махаббат пен мейірімділігі, шыншылдық пен адалдықты жақтайды» деп айтқан екен. Атасының әңгімесін тыңдап отырған немересі сәл ойланып отырып: «Ата, қай қасқырдың күші көп? Қайсысы жеңіп шығады?» — дейді. Сонда атасы: «Балам, сен қай қасқырды асырасаң, түбінде сол жеңіп шығады», — деген екен.
Осы кішкентай ғана әңгіменің біздің бүкіл ғұмырымызға сыйып кететіндей мәні бар. Расында да, біз қай қасқырды асырап жүрміз? Өзіңіз өткен өміріңізге, бүгініңізге қарап есеп беріп көріңізші…

Даниярдың хатынан,
Қызылорда қаласы

(26)