Алдымен құлақ, содан кейін жүрек шыдамайды екен

Ол кіріп келген кезде бәріміз орнымыздан тұрып, шапалақ соқтық. Бұл шапалақтың бірен-сараны ғана сол адамға деген ықыласпен соғылмаса, тең жартысынан көбі амалдың жоқтығынан соғылды. Өйткені келіп тұрған қонаққа деген сыйластық жоқ. Әлбетте, оның жеке өмірдегі қиыншылығы бөлек әңгіме. Бірақ жеке қиыншылық пен қоғамдағы батырлығы тағы бір бөлек дүние. Адам өзі үшін еңбектенеді, өзі үшін қиыншылық көреді. Ақыры жеңеді. Бірақ жеңген күні аспандап кетсе қайтпек керек…
Өз төріне келіп жайғасқан сәтінен бастап, мен алдымда отырған адамды өліп қалған болар дедім. Өйткені өлген адамның құлағы шыңылдар деп мақтау да, даттау да айтпайтын едік. Бірақ өзі тірі, өзі осында отырған адамның жанында тұрып, мақтаудың максималды түрін айтқан кезде қонақтың құлағы түсіп қалмай ма екен…
Өз басым бірінші құлағым кетті. Шыдамады. Тіпті әрең отырмын. Әйтпесе түк қатысым жоқ. Одан кейін жүрек ауырды. Қызғанып отыр демеңіздер, көк тиын. Себебі ол адамда бар дүние менде бар. Тек екеуімізде бар дүниелер басқаша суреттеледі екен.
Жалпы, адамды бетіне мақтау деген дүниені кім ойлап тапқан? Жағымпаздық деген болады. Ол — бар дүние. Бірақ жағымпаздықты көрсетпей өзіне жасайтын секілді еді. Қоғам барған сайын ашық іске көше бастады. Тек ақиқатты ашық көрсете алмай келеді. Осы жерде тарихи шындықтарды да қоса кетейін. Бетің бүлк етпестен мақтау сөз есту, одан қала берді сені «Ұлы» деген сайын марқайып, дым болмағандай отыра беру қандай қасиет?
Ең жаманы сіз өзіңізді сыйламайтын ортаға тап келіп отырсыз. Бірақ соның өзінде мақтау естіп, одан ары сүйкімсіз кейіпке түсесіз. Қандай пайда? Санаулы жағымпаздардың әңгімесіне тойып отырсыз. Ал шынайы ықылас, халықтың сөзі сізді алаңдатпайды. Ең ақыры қарапайым болу да қолыңыздан келмейді. Қазақ «өзіңді сыйлайтын жерге келе берме, сүйкімің кетеді» дейтін еді, дөп айтқан екен.
Сізді мақтасын, сіз мақтанбаңыз! Ал халық кімді мақтау керектігін жақсы біледі.
Марғұлан Ақан

(14)