mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

WSEC-2017: ЭНЕРГИЯНЫ ҮНЕМДЕМЕСЕК, ҚҰРДЫМҒА КЕТЕМІЗ

Күні кеше елордада энергетика саласындағы еңбегі өлшеусіз ғалымдардың, халықаралық деңгейдегі эколог-сарапшылардың қатысуымен өткен «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және олардың жүзеге асыру әдістері» атты үлкен конгресс жиыны аяқталды. Төрт бірдей Нобель сыйлығының және сегіз «Ғаламдық энергия» сыйлығының иегерлері құрметті мейман болған үлкен жиында көптеген бағдарламалар қабылданып, ұсыныстар айтылды. Оқырманға түсінікті етіп әрі қысқаша айтқанда «WSEC-2017» Халыақаралық Конгресінің басты мақсаты «ЭКСПО — 2017» көрмесінің тақырыбын қамтиды. Яғни, энергия үнемдеу, энергетика саласына жаңа әрі экологиялық талапқа сай, биосфераға зияны тимейтін технологияларды тарту мүмкіндіктері, қоршаған ортаны қорғау секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.

ҒАЛЫМ ҰСЫНҒАН «ҮШ БҰРЫШ»

Шыны керек, 19-20 маусым күндері өткен бұл конгресте қарапайым халық түсіне бермейтін ғаламдық проблемалар, соның ішінде энергетика саласындағы түйткілді мәселелер кеңінен айтылып, ғалымдар арасында пікір туғызды. Ал Шри-Ланка мемлекетінің бағына туған ғалымы, энергетика, тұрақты даму, климаттың өзгеруi саласындағы беделі биік сарапшы, Нобель сыйлығының иегері Мохан Мунасингхенің ұсынысы алғашқы күні айтылғанымен, оны дүниежүзінің ғалымдары бірауыздан мақұлдап, қуаттай түсті. «Энергетиканың тұрақты дамуы және теңдестiрiлген экологиялық өсу: инженерлер мен ғалымдардың негiзгi рөлi» тақырыбында баяндама жасап, БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ғалым:
— Бүгінгі таңда әлемдiк қауымдастық көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Олардың қатарында қаржы мәселелерi, энергетикалық ресурстардың жетiспеушiлiгi бар. Сондықтан бiз тұрақты даму үшiн бiрiгiп, ортақ шешiм қабылдауымыз керек. Бiз климаттың өзгерiсi, ашаршылық, қуаңшылық сияқты проблемалармен қатар басқа да мәселелердi шешу үшiн диалог құрып, жұмыла бiлуiмiз қажет. Бұл жерде ғылыми-инженерлiк қауымдастық маңызды рөл атқарады. Осы қауымдастық мүшелерi проблемаларды шешу үшiн iскерлiк қауымдастық, бизнес, мемлекет өкiлдерiнiң басын қоса бiлуi шарт. Бiз тұрақты даму қажеттiгiн естен шығармауды бұрыннан айтып келеміз, айта да береміз. Мен саммитте тұрақты дамудың «үш бұрышын» ұсындым. Онда экономикалық, әлеуметтiк және экологиялық аспектiлердi келтiрдiм, — дейді.
WSEC — 2017 Халықаралық бағдарламалық комитетінің төрағасы, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, академик Нұртай Әбіқаев жүргізген конгресте ядролық энергетика жөнінде Фидель Кастро Диас-Баларт баяндама жасады. Өзінің әйгілі Фидель Кастроның ұлы екенін осы уақытқа дейін жасырып келген Хосе Рауль (шын есімі) Диас-Баларт — әлем мойындаған физик. Оның 30-ға жуық жұмысы сәтті қорғалып, бүгінде ғылыми қолданысқа еніп кеткен. Ядролық физиканы жілікше шағатын кубалық ғалым өзі зерттеп жүрген сала — индустрияны бірінші орынға қойған мемлекеттердің дамуға салған төте жолы деп біледі.
— Бірақ оны бірден қолға аламыз деуге әлі ерте. Ядролық энергетика бір-екі адамның қолынан келе беретін жер қазу секілді жұмыс емес. Ертең артынан ерген ұрпағы қарғыс айтпайтын, барлық тіршілік иесі зәредей зардап көрмейтіндей, таза халықтың игілігіне жарайтын ғылым саласына айналдыруымыз ләзім. Ал оған ең алдымен ақылы асқан, еңбекқор, талантты ғалымдар керек. Олардың өзін дайындаймыз дегенше 50-100 жыл уақыт кетеді, — дейді кіші Фидель Кастро.

ЖАҺАНДЫ ЖАНДАНДЫРУДА ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

«ЭКСПО — 2017» көрмесі төбе көрсеткеннен бері энергия үнемдеу, «Жасыл экономика» деген ұғымдардың тілдік қолданысымызға еріксіз еніп кеткені бәрімізге мәлім. Тегін ауаны жұтқанымызбен, сарқылуы бек мүмкін жер бетіндегі баға жетпес байлықты тиімді әрі үнемдеп пайдалану бүгінде басты парызымызға айналып отыр. Беделді ғалымдар мен халықаралық ұйымдар қатысқан конгресте жастарға да орын беріліпті. Яғни, жас ғалымдардың ойлап тапқан технологиялары әлем назарына ұсынылды десек, қателеспейміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан Технологиялар университетінің студент-магистранты Дәурен Нұрекеновтің «Медицина саласында қолдану үшін титан өнімдерін жасап шығару» жобасы мамандар тарапынан мақұлданыпты. Дәл қазір сынақтан өтіп жатқан жас ғалымның жобасы «Өскемен титан, магний комбинаты» АҚ кәсіпорны үшін таптырмас технология болмақ.
— Елімізде, өкінішке орай, медициналық құрал-жабдықтарды, соның ішінде имплантанттарды дайындайтын өндіріс орындары жоқ. Барлығы шетелден импортталатыны жасырын емес. Сондықтан елімізде өз өнімімізді шығаруды мақсат тұттық. Жобамыз екі сатыдан тұрады: біріншісі — титаннан жасалған жабдықты дайындау, екіншісі — дайын өнімді зерттеуге жіберу. Зерттеу қорытындысы оң нәтиже беріп, технологиямыз іске асса, келешекте «Өскемен титан, магний комбинатының» пайдалануына әбден болады, — дейді Д.Нұрекенов.
Түйіндей келгенде, әсіресе жас ғалымдар үшін таптырмайтын диалог алаңы болған Халықаралық Конгрестің жалпы жұртшылыққа берері мол. Ғалымдар ұсыныс айтты, пікірталас соңында бір тоқтамға келді, ендігі міндет билік басындағылардың мойнында.

Ермұрат Назарұлы

(7)