Өміріңді көркем ету өз қолыңда

Ертеде бір балықшы теңіз түбінен бағалы тас — алмаз тауып алыпты. Қуанышы қойнына сыймаған ол алмазды алып, зергердің алдына келеді. Зергер алмазға ұзақ қарап отырып, балықшыға: «Бұл тас өте бағалы. Сатып алуға менің байлығым жетпейді. Берер кеңесім — патшаға барыңыз. Оның әділдігін бүкіл жұрт аңыз қылып айтып жүргенін білесіз. Тек әділ патша ғана сіздің тасыңызға лайық баға мен байлық бере алады», — деп шығарып салады. Сол күні балықшы алмазын құшақтап, патшаның сарайына келеді. Патша мен оның қазынашысы балықшының алмаз тасын ұзақ зерттейді. Содан соң балықшыға: «Сенің тапқан алмазыңа баға жетпейді. Сондықтан біз мынадай шешімге келдік, сенің ықтиярыңа үш сағат уақыт беріп, қазынаханамызды тапсырамыз. Осы үш сағат ішінде қазынаханамыздан өзің қалағаныңша, шамаң келген байлықты тасып алып кет. Біз оған ешқандай шектеу қоймаймыз. Тек үш сағаттан соң қазынаханамыздан шығарыласың», — дейді. Балықшы патшаның үкіміне дән риза болып, алғысын білдіреді.
Шарт бойынша оны қазынаханаға кіргізеді. Қазынашы балықшының ықтиярына үш сағатқа алтын толы қазынахананы тапсырып, уақытты белгілеп, өзі шығып кетеді. Патшаның қазынаханасындағы алтын-күміс, інжу-маржан, дүр-гауһарларды көрген балықшы есінен адасардай болады. Сол сәтте ол «Әлі уақыт бар. Екі сағат ішінде-ақ қаншама байлықтарды тасып кете аламын, біраз демалайын» деген оймен асыл тастар мен алтындардың үстіне жатып алып, тәтті қиялға беріліп кетеді. «Енді дүниедегі ең бай адамға айналдым. Жан-жағымда қызметкерлер желіп- жүгіріп қызмет қылады. Бірнеше жас, сұлу әйелдерге үйленемін. Зәулім сарайларым болады» деген қиялға беріліп ұйықтап кеткен ол, қазынашы түрткенде ғана шошып оянады. «Тұр орныңнан. Уақытың бітті, қазынаханадан шығып кет!» — деп бұйыра сөйлейді. Сонда балықшы жылармандай болып: «Тым болмаса, бір уыс алтын алайыншы», — деп жалынады. Қазынашы қарқылдап күліп: «Бір уыс түгіл, бір дана алтын да ала алмайсың. Өзіңе берілген уақыт ішінде қалағаныңша тасып кетуің керек еді. Енді кеш», — дейді. Міне, осылай балықшы бір дана алтынға да ие бола алмай қазынаханадан шығарылыпты.
Расында да біз өмірде сол балықшыға ұқсаймыз. Жақсылық жасауға, ізгілікке ұмтылуға келгенде «сыныққа мың түрлі сылтау іздеп» өзімізді бақыттан, ізгіліктен кешіктіре береміз. Жаспын, ақшам аз, балаларым кішкентай немесе әлі ерте, ертең де уақытым бар деп ойлаймыз. Өзімізді «бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні» деп жүріп, балықшы секілді өлшеп берілген уақытымыздың зымырап өте шыққанын аңғармай қаламыз. Патшаның қазынашысы секілді біздің де белгіленіп қойған уақытымыз бар. Уақыты жеткенде қызыққа толы қазынаханаға ұқсас өмірдің де есігі мәңгілікке жабылады.
Бес күндік жалғанда өзімізге берілген мүмкіндігімізді оңды пайдаланып, өмірімізді мәнді де сәнді етіп өткізгеніміз жөн. Сол үшін де өзімізді «ертеңмен» алдамай, жалғандағы жарық уақытымызды жақсылық жасап, сауап жинауға арнасақ екен…

Мұраттың хатынан,
Шымкент қаласы

(13)

Бөліс
Алдыңғы мақалаҰрпақ жыры
Келесі мақаладаСҮЙКІМСІЗ