Қызметімді атқарып жүрмін, артық жарнаманың қажеті жоқ…

Жақында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен жұмада аймақ басшысы болып тағайындалғанына 100 күн толуына орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті БАҚ басшылары және республикалық басылымдардың меншікті тілшілерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Әкім кездесуде креслода немесе ұйымдастырушылар дайындаған орынға отырып немесе мінберге мініп тұрмады. Журналистермен сәлемдескен соң, кездесуді басқаша түрде өткізуді ұсынды. Журналистер қолдады. Ол журналистермен еркін әңгімелесуді жөн көріпті.
Әкім өңірдің кешелі, бүгінгі тынысынан біраз ақпараттар берді. Атап айтсақ, 2010 жылдан бері Индустрияландыру жобасы аясында 158,8 млрд. теңгенің 72 жобасы іске асырылыпты. Нәтижесінде 6,8 мың жаңа жұмыс орны пайда болған. Әлі де 11 жоба жүзеге асу үстінде екен.
Бұл жоспар жүзеге асқан кезде 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Шағын және орта кәсіпкерлік шаруасы алға басып, өнім өндіру көлемі 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,5 есе көбейген. Кәсіпкерлікке дем беретін инвестиция көлемі де артып, өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 121,4 пайызға өскен.
Ол облыстың өркендеуіне арқау болатын көкейінде жүрген біршама жоба жоспарларын да ортаға салды. Мысалы, аграрлық салада бидай өсірумен шектеліп қалмай, майлы дақылдар, көкөніс түрлерін өсіруді қолға алып, мал басын өсіру, асылдандырумен қатар, аймақты өндірісті өңір еткен жөн деген мақсаттары барын, сондай-ақ, облыс тұрғындарының орташа айлығына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі орташа айлық 104 мың теңге, облыстар арасында 13 орында. Өңір басшысы мұны қынжыла жеткізді.
«Біздің облыстың әлеуеті жоғары. Дұрыс жұмыс жасай білсек, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік бар», — деп, бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс ошақтарын көптеп орнату арқылы табысқа жету жолдарын атап өтті.
Биылғы көктемде облыстың бірқатар елді мекендері көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Қазір сол зардаптың салдарлары жойылуда. Көптеген тұрғындардың баспаналары күрделі жөндеуден өткізілсе, кейбіреулеріне мемлекет тарапынан уақытша үй жалдау үшін қаражат бөлінуде. Замандастарымыздың бойындағы бірлік пен ынтымақ осындай қиын кезде көрінеді. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету есеп-шотына тұрғындардан 92 миллион теңге жиналған. Материалдық көмек қаншама. Қол ұшын созған абзал жүрек азаматтар аз емес. Қаражаттың басым бөлігі зардап шеккендерге бөлінді. Шоттағы қалған ақша да осы мақсатта жұмсалады.
Әкімнің қысқаша баяндамасынан соң, журналистер сұрағы басталды. Ақмола облысын басқарған әкімдердің мамандықтарына бір көз жүгіртсек. Облысты көбіне ауылшаруашылық мамандары басқарса, сонымен қатар экономист, құрылысшы, әскери мамандар басқарыпты. Ал, М. Мырзалиннің мамандығы — дипломат. Журналистердің сұрағы да әкімнің осы мамандығына байланысты басталды.
— Сіз облыс әкімі болып тағайындалған алғашқы дипломат екенсіз. Облыс басына келгеніңізге 100 күн толыпты. Елбасы аймақты дамытуда бірқатар мәселелерді назарға алуды жүктеді. Біршама жұмыс атқарылғаны баяндалды. Әлі де жұмыс жанданып, жалғаса берері анық. Өңірді дамытуда қолға алынбаған, тың бастамаларыңыз бар болса, қысқаша тоқтала кетсеңіз, — деген журналистің өтінішіне әкім төмендегі ойын баяндап өтті.
М.Мырзалин әкім:
— Расында, менің мамандығым — дипломат. Кеңес заманында мұндай мамандық алу оңай болмаған. Мен Мәскеуде қызметте жүріп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне келдім. Жергілікті басқару қызметіне сол жерде тәжірибеден өттім. Маған нақты бір іспен айналысқан ұнайды. Жұмысымыз ел игілігіне жараса, біздің де ел игілігіне қызмет еткеніміз. Мысалы, елдің игілігі үшін салынған құрылыс қаншама жыл елдің керегіне жарайды. Сондықтан облысты көркейтіп, дамытуда нақты істер атқарып, атқарған істің ізі қалатындай, елдің кәдесіне жараған, риза болатын іс тындыру — әркімнің арманы. Тың бастамалар бар, әрине. Әзірге жоспар жүзінде пысықталып жатыр. Кезегі келгенде айтылатын болады.
Журналистер облыс әкіміне туризмді дамыту, елді мекендерді көркейтіп, абаттандыру, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамту, Астана — Бурабай бағытындағы күре жолдың бойындағы жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту және Астана қаласы маңында демалыс орындарын көбірек ұйымдастыру тәрізді сан алуан сауалдар қойды.
Әкім әр сұраққа тыңғылықты жауап қатты. Көкшетау қаласын көркейтуде тың бастамалар жасау жайында журналистер ұсыныс жасап, қала көшелердің тазалығы, абаттандыру жайын сөз етті.
Әкім: «Барлығымыз осы қалада тұрамыз. Өз қаламыздың өркендеуіне өзіміз жауапты болып, көркейтуге атсалысқанымыз жөн. Тұрған қаламыздың тума патриоты болайық. Сондықтан, тың бастамаларыңыз болса, ашық айтыңыздар, мен қолдауға әзірмін», — деп, ұсынысты журналистер ортасына қойды. Ешкімде дайын ұсыныс болмаған шығар, жауап болмаған соң, осы жолдарды жазып отырған мен, яғни «Қазақстан ZAMAN» газетінің атынан, қаланы көркейтуге қатысты жоба, ой-пікірім барын жеткіздім. Ұсынысты қабыл алып, қала әкімімен бірге келіп, жоспарымды таныстыруды тапсырды.
— Журналистермен кезігетін уақыт шығарсаңыз, — деген журналистер өтінішіне әкім: «Журналистер үшін есік ашық және әр істің ашық айтылғаны, жазылғаны нәтиже береді. Бірақ күнделікті атқарылып жатқан шаруаларды айқайлатып, жарнамалай берудің қажеті жоқ. Бұл біздің күнделікті атқаратын қызмет дегенді сіздердің естеріңізге салғым келеді», — деп, сөзін аяқтады.
Әкім жиын соңында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесімен журналистер қауымын құттықтап, қызметтеріне табыстар тіледі.

Дахан Шөкшир

(5)