Қуыршақ театры Астанаға айшық берді

Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПO — 2017» халықаралық көрмесін ілгерілету мақсатында Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры маусым айының 12-16 жұлдызы аралығында Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ сазды драма театрының сахнасында астаналық кішкентай көрермендерге театр репертуарындағы үздік екі қойылымды тарту етті. Қойылымдар қазақ және орыс тілінде жүрді. Бес күн бойы драма театрының көрермендері бірден кішкентай балдырғандарға айналып шыға келді. Күн өткен сайын қойылымның көрермендері де көбейіп, залға сыймай жатты. Театр бұл жолы автор М.Поливанованың «Көңілді қонжықтар» ертегісін және режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» қиял-ғажайып ертегісін көрсетті. «Құлыншақ пен Бөлтірік» қуыршақ театрының сахнасында қуыршақ жанрында бірінші рет сахналанды. Сондай-ақ режиссер Р.Жаныамановтың да қуыршақ театрындағы тырнақалды туындысы. Қойылымның сахнадағы барлық әрекеті тек қуыршақтармен ғана емес, сахна суретшісі С.Карпельдің шеберлігінен туындаған медиядекорациялар кішкентай көрермендерді бей-жай қалдырмады. Сахналық жүйесін жасаған Т.Атымтаева дүниеге жаңа келген құлыншақ пен бөлтіріктің достығы арқылы балаларды жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата білуге үгіттеп, достықта шекара болмайтынын дәріптеді. Философиялық тұрғыдан шешілген Ана даланың құшағының кеңдігіне, мейірімге толы ыстық ықыласына көрермендерде иланды. Театр хореографы Г.Дәулетқұлованың да еңбегі ерекше бағаланды. Екі топтың табиғи мінезіне ұласатын билермен сахнаны біртұтастыққа жетеледі.
Қойылымнан алған әсерлерін жасыра алмаған бүлдіршіндер құлыншақ пен бөлтірікке жанашырлық танытып, солармен бірге өмір сүрді. Сондай-ақ театр фоесінде, театр ардагерлері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Абуева, Мәдениет қайраткері К.Ильясова, Е.Жүнісовалар қуыршақ кейіпкерлермен кішкентай бүлдіршіндерге ертегі қуыршақ кейіпкерлерімен кездесулеріне мүмкіндік жасап, олармен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады, театр қуыршағының барлық қимыл-қозғалыстарымен таныстыру арқылы бес күн бойы шеберлік сабақтарын өткізді. Мәдениет қайраткері К.Ильясова мен музыкамен көркемдеуші А.Жолдасхан астаналық «Шалқар» радиосында қонақта болып, тыңдармандарменен қуыршақ тынысы туралы ойларымен бөлісті. Қуыршақ театрының қойылымдарына тек балалар ғана емес, ҚазКСР Халық әртісі Қорлан Ихсанқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаева, Қазақстанның халық артисі Г.Әспетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбаев, режиссер Ә.Оразбеков, Қ.Қасымовтар да қызығушылық таныта отырып, өздерінің ыстық ықыластарын арнады.
Қойылым соңына режиссер Ж.Омаровтың рухына бағыштап жары Т.Атымтаева ас берді.
Қуыршақ театры ұжымын құшақ жая қарсы алған Астана театрының басшысы А.Сексенбаевқа және театр ұжымына қуыршақ театрының алғысы шексіз. Өнердегі өміршең азғантай кездесулер мәдениет қайраткері Т.Есеналиев басқарған театр ұжымына жаңа серпіліс беріп, жаңа шығармашылық биіктерге жол ашқандай.
Сондай-ақ, дәл осы күндері Астана қаласында Халық қаһарманы, режиссер Ә.Мәмбетовтың 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем» V Халықаралық театр фестивалі өтті. Театр ұжымы әріптестеріне қолдау көрсетіп, қойылымдарды тамашалады. Іс-шара барысында қуыршақ театрының ұжымы астаналықтармен бірге шығармашылық энергияға негізделген «ЭКСПО — 2017» көрмесін тамашалап, шығармашылық энергияның ешқашан сарқылмайтынын тағы бір дәлелдеді.

Жазира Ахметова,
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

(34)