mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ЭКСПО күнделігі

ҰШАТЫН ВЕЛОСИПЕД

«ЭКСПО — 2017» көрмесі — жаңашылдықтың бастауы. Әр ел өз жаңалығын көрсетіп, дүйім жұрттың алдында мақтанып қалар тұс — осы кезең. Астанада өтіп жатқан көрме жаңалықтарға толы болып тұр. Мысалы, Астанаға Чеxия мемлекеті ұшатын велосипедті алып келді. Жоба авторларының айтуынша, аталған бастамаға жазушы Жюль Вернның қиялындағы велосипед түрткі болған. Flying Bike-ты құрастыруға бір жыл кетіпті. Оның ұзындығы — 3,8 метр, ені — 2,5 метр, ал биіктігі — 1,2 метр. Алты пропеллердің арқасында велосипедті көкке көтеруге мүмкіндік бар. Аппараттың жалпы салмағы — 95 келі. Ол 170 келі болатын жүкті көтеруге қауқарлы. Демек, өз салмағын алып тастаса, 80 келіге дейін салмақты адамды көкке ұшыруға болады. Велосипедте алты қозғалтқыш бар. Төртеуінің қуаттылығы 10 киловатт болса, тағы екеуі 7 киловатт қуатқа ие. «Велосипедті тоқпен зарядтауға болады. Сондай-ақ, педальды айналдырып, аккумуляторға энергия жинауға мүмкіндік бар», — дейді чеx павильонында жұмыс істейтін гид. Айта кеткен жөн, аккумулятордың сыйымдылығы — 50 ампер/сағат. Велосипед сағатына 50 шақырыммен ұша алады. Алайда оның қазіргі нұсқасы тек 3-5 минут қана ұшуға жарайды.

ТАЙЛАНД КОРОЛЬДІГІНІҢ ҰЛТТЫҚ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

ЭКСПО көрмесі аясында Таиланд Корольдігінің Ұлттық күні аталып өтті. Шара барысында әсем табиғатымен әлемге танылған елдің тарихынан сыр шертетін қойылымдар сахналанды. Әдемі ұлттық костюмі, ерекше музыкасы мен ән-биі ешкімді бейжай қалдырмады. Әсіресе, 2016 жылғы Таиланд вице-мисі көрме қонақтарын сұлулығымен тәнті етті.
Ұлттық күн аясында ЭКСПО қонақтарының назарына Тай мәдениетін және оның тұрмыс салтын бейнелейтін әсерлі шоу ұсынылды. Атап айтсақ, көрермендерге Киннари биі, Рамаяна маскалар биі мен Джо Луис қуыршақтарының қойылымы көрсетілді. Көрме ашылғалы бері павильонды 100 мыңға жуық адам тамашалап үлгерген екен. Оның аумағы 900 шаршы метрден асады. Павильон ойын-сауық пен танымдықты үйлестіре құрылған үш көрме залынан тұрады.

ЖАПЫРАҚ ЖАМЫЛҒАНДАР ДА КӨРМЕДЕ ЖҮР

ЭКСПО-ны тамашалауға келгендер арасында денелерін жапырақпен жасырған Папуа-Жаңа Гвинея делегаттары да жүр. Оларды Royal Catering компаниясы өкілдері көріп қалып, арнайы дастархан жайып, қонақ етіп жіберіпті. Дәстүрлі дастархан жайылған шетелдіктермен кездесудің видеосы компанияның YouTube арнасында жарияланды.
Онда «Бұл делегаттар Астанаға ЭКСПО көрмесінде жұмыс істеуге келді. Біз жаңалықтардан олардың қалада жүргенін көрдік, олар кейтерингпен айналысып жүр екен, біз оларды қонаққа шақырып, ұлттық асымызды тарту еттік. ЭКСПО — футуристік қалашық, біз шетелдіктерге өз шыққан тегіміз бен мәдениетімізді көрсетуді мақсат тұттық. Қымыз, шұбат беріп, құртты тарту еттік. Содан кейін қазы, қуырдақ, сорпа бердік», — дейді Royal Catering компаниясының өкілі.

76 МЛН ЕУРО ТҰРАТЫН ЭКО-ҮЙ

Словакия заманауи үлгіде жасалған, баламалы энергия көздерінен қуат аталатын эко-үйді алып келген. Оны машинаның артына тіркеп, өзіңізбен бірге алып жүруге болады. «Эко-үйдің» ішінде адамға қажеттінің бәрін таба аласыз. Бірақ бағасы удай. 76 млн еуро.
«Үйдің төбесінде күн панельдері орнатылған. Ол сол арқылы қуат алады. Ал жаңбыр суы белгілі бір орында сақталады. Арнайы құрал жиналған суды тазартады. Мұнда тамақ істеуге болады. Сондай-ақ, эко-үйде әжетхана, душ, ыңғайлы төсек және теледидар да бар. Эко-үйдің салмағы — 1 200 келі. Егер оны сумен толтырсаңыз, салмағы 1 900 келіге дейін жетеді», — деді павильон қызметкері Людмила Затоптова.
«Эко-үйді Астанаға алып келу идеясын жоба авторлары ұсынды. Себебі халықаралық көрменің тақырыбы — «Болашақ энергиясы». Ал бұл капсула жаңа энергияны қалай қолдануға болатындығын көрсетеді», — деді ол.

(19)