СҮЙКІМСІЗ

Сүйкім деген нәрсе бар. Жаратқан иеміз күллі жаратылысқа сүйкім берген. Дүниеге әр пенде сүйкіммен келеді. Адам түгілі жануарлар да сүйкіммен туылады. Биенің құлыны, мысықтың марғауы, иттің күшігін былай қойғанда, ең сүйкімсіз есектің қодығы да сүйкіммен туылады. Ал енді осы сүйкімді сақтап қалу қиынның қиыны. Бота байғұстың сүйкімін өркеш кетіреді. Адамға оралайық.
Кейбір қыздар бар сұлу десең сұлу, әдемі десең әдемі. Бірақ, неге екені, сүйкім жоқ. Бір қыздар болады, өздері омпи-томпи, солпи-болпи. Бірақ сүйкімді. Ол сүйкімді дүниенің сұлулығына айырбастауға болмайды. Соған қарағанда, сұлулықта жан болмайды. Ал сүйкімде жан бар сияқты. Біреулердің сүйкімі жүзінде жасырын жатады. Жымиғанда жылт етіп көрінеді де, қайтадан жасырынып қалады. Енді біреулердің сүйкімі бетіндегі сүт шұңқырына ұялап алады. Кейбіреудің көзіндегі сүйкімі қартайғанша жүре береді.
Бұл енді беттегі сүйкім. Ал енді адамның жалпы болмысындағы сүйкімге келсек. Бір ғана қылығың, бір ғана сөзің, бір ғана әрекетің сенің бүкіл сүйкіміңді жоқ қылуы мүмкін. Өйткені сүйкім деген өте кірпияз дүние. Оны сақтап қалу қиынның қиыны. Мәскеуде бес жыл жүріп келген министр бала «қазақ тілін ұмытып қалдым» деді. Бітті. Сүйкім жоқ. Бұрын болды ма, болмады ма, білмейміз. Жоқ болса обал жоқ, бар болған болса, обал-ды. Ел алдында сүйкімін сақтап келе жатқан Имаш ағай да қазақ хандығының тойында қаны қатты қызып кетіп, бір сөзді гу еткізіп еді, сүйкімі тұра қашты. Жә, біз де тегі мемлекеттік биікке көтерілгенімізді қоймаймыз. Қарапайым адамдарға келейікші.
Үйіңде жатасың. Ішің пысып кеткен. Бір досыңды ватсаппен шақырасың. Келсейші дейсің. Ол байғұс алып-ұшып жетеді. Сен шақырғасын келген беті. Қолында пакеті бар. Әйелің өзі келді екен дейді. Кім сүйкімсіз? Түк кінәсі жоқ ана байғұс сүйкімсіз. Кейде керісінше достарың шақырғанда сылтауды әйеліңе апарып тірейсің… Әйеліңнің түк кінәсі жоқ. Бара ғой деп отыр. Өзіңнің барғың келмейді. Кім сүйкімсіз? Түк кінәсі жоқ әйелің сүйкімсіз. Ой сенен сүйкімді адам жоқ. Бір бастықтың шопыры бар. Қызмет көлікті мініп алып, күндіз-түні қаңғиды. Тірлігінің бәрі әу-гәу. Әйелі қайда жүрсің десе, бастықпен жүрдім дейді. Ал бастық оны кешкі сағат бесте босатып жіберген. Түнгі он екі, бірге дейін гөйіткен шопыр жігіт аянышты, түк кінәсі жоқ бастық сүйкімсіз. Баяғыда мектепте жүргенде кешке жақын көшеге шығу деген бар еді ғой. Бір күні түнде Еркебұлан деген досымның үйіне бардым. Ысқырдым. Ағасы шықты. Алыста тұрып:
— Аға, Еркебұлан бар ма? — дедім.
— Жоқ ол, — деді.
— Қайда кетті?
— Білмеймін, бағана Шегебайдың баласы келіп тұр деген, сонымен кетті-ау деймін.
Көзім банкі болды. Әй, айтып тұрған Шегебайдың баласы мен ғой. Ауыл түгіл ауданда менің әкемнен басқа Шегебай деген ешкім жоқ. Шегебайдың Еркебұланға келетіндей менен басқа баласы жоқ. Ал мен қазір келіп тұрмын. Ол — ол ма, көрші Меруерт деген қыз бар еді. Өзіміз бір сыныпта оқимыз. Ой, ол қыз Меруерт десе Меруерт еді ғой деп сұлулығын суреттеп кетпей тұрғанда негізгі әңгімеге оралайын. Сол Меруерт 11-сынып оқып жүргенде жәймендеп жігітке шыға бастады. Шықпа демеймін, шықсын. Бірақ күнде шығатыны несі? Жарайды, аптасына жеті күн, айына отыз күн, жылына 365 күн шықсын. Шыға берсін. Бірақ, при чем тут я? Бір күні күндіз мамасы мені көшеден кездестіріп қалып:
— Айналайын, Бейбіт, бөтен адам емессің ғой, күннің суығында мұздамай, үйге кіріп сөйлессеңдерші, — демесі бар ма?
Аһ, сайтан! Кім сүйкімсіз? Мен сүйкімсіз.
Кейде сүйкіміңді амалсыздан кетіресің. Өзіңнің машинаң жоқ болса, көршіңе ала кетші деп жабыса берсең, оның алдындағы сүйкімің де жұрдай болады. Ауылда жүргенде сүт сұрай барсаң, Сәбира апаның алдында, нан сұрай барсаң Нәдира жеңгейдің алдында сүйкімің қалмаушы еді ғой.
Адам қатты сүйсінгенде не дейді? «Ой, сүйкімсіз!» — дейді, иә. Нағыз сүйкімді адам сол сүйкімсіз ғой. Сүйсінген дегеніңіз адамның жанын рахаттандырады. Тіпті бар ғой, осы сүйсіну дегеніңіз сүйісуден де рахат па деймін.
Әнеугүні бір досым:
— Мә, үйде сүйкімім қалмады. Қасықтап жиған сүйкімімді шелектеп шашып алдым, — дейді.
— Ондай сүйкімім болса, шашпай-төкпей жүрер едім, — дедім.
Бір шайтан дүниеге жаңа келген баласына та-би-ғатты таныстырып отыр екен дейді.
— Анау жайылып жүрген жылқы, оның арғы жағындағы сиыр. Мына бір жүрген күшік. Ал анау жыбырлаған құрт, — деп айтып отырған ғой. Баласы адамды көрсетіп:
— Ал анау екі аяқты ше? — деп сұрапты. Сол кезде үлкен шайтан шошып кетіп:
— Балам, оларға жолама, олар адам емес, әкең. Түнімен арақ ішеді, бір-бірімен төбелеседі, жағаларын жыртады. Ертесі күні кешірім сұрағанда «Шайтан азғырды» деп, бәрін бізге жаба салады, — деген екен.
Сол айтпақшы, шайтан ғана сүйкімсіз болсын. Жоғарыда айтқанымдай, сүйкім ілуде біреуге болмаса, адам баласына мәңгі тұрақтап қалмайды. Ол мұз сияқты. Уақыты келгенде бірте-бірте еріп кетеді.
Сүйкімді болмасақ та, сүйкімсіз болмайық.

Бейбіт Сарыбайдың фейсбуктегі парақшасынан

(20)