Кофе маскасымен бетіңізге әр беріңіз

Кофеден бет терісіне маска дайындағанда мынаны ескеру қажет: құрғақ әрі сезімтал тері үшін кофеге зәйтүн майын, майлы бет терісіне майсыз айран немесе йогуртты, ал қалыпты бет терісіне майлы сүзбе қосып қолданыңыз. Мысалы, 1 ас қасық кофе ұнтағына осындай мөлшерде зәйтүн майын қосу керек. Қоймалжың қоспаны макияждан тазартылып жуылған бет терісіне қалың етіп жағып, 5 минуттан соң салқын сумен шайыңыз.
Терідегі ұсақ әжім іздерін «тегістеу» үшін 1 дана бананды ұсақтап турап, 3 ас қасық шикі сүт және 2 ас қасық ұнтақ кофе қосып араластырыңыз. Бет және мойын терісіне қалың етіп жағып, 15-20 минуттан соң жылы сумен шаю қажет. Бұл маска бет терісін ағартып қана қоймай, мимикалық әжімдермен де күреседі. Жалпы кофеден жасалған масканың әрбірі терінің қанайналымын жақсартады, терең тазартады. Кофенің теріге қуат, сергітетін қасиетін сынап көргіңіз келсе, 1 ас қасық кофе ұнтағына 2 шай қасық ұнтақталған грек жаңғағын және 2 ас қасық ыстық су қосып араластырып, бет терісіне жұқалап жағыңыз. 8-12 минуттай бетіңізде ұстап, кейін салқын сумен шайып тастаңыз. Бір рет қолданғанның өзінде-ақ бетіңіздің терісі тазарып, тері түсі ағарады. Бұл маска әбден шаршағанда, солғын тартқан бет терісіне әр беру үшін той-томалаққа барар күні жасасаңыз, пайдасы зор болмақ.
Камшаттың хатынан, ОҚО

(16)