mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Еламан Ерғалиев: ЖЕҢІС ОҢАЙ ЖОЛМЕН КЕЛГЕН ЖОҚ

Өткен аптаның жексенбісі күрес десе делебесі қозып, қаны қызатын қазақ жанкүйерлері республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің 7-ші әрі жаңа жеңімпазын жақыннан таныған күн болды. Иә, шашасына шаң жұқтырмай, шаршағанын сездірмеген жас балуан «Әскер Барысы» Еламан Ерғалиевтің айы оңынан туып, айтулы турнир тарихына есімін енгізді.
Әңгімені басынан бастасақ, қазақ күресінен осымен жетінші мәрте ел назарын аударған республикалық «Қазақстан Барысы — 2017» турнирі биыл алғаш рет «Барыс Арена» спорт сарайында өтті. 12 мың жанкүйер еркін тамашалайтын спорт кешенінде ине шаншар орын болмады деп айта алмаймыз, әрине. Десе де, белі жуан 34 балуанның бәсекесіне келген жанкүйерлер алты сағаттан аса уақыт тапжылмай тамашалады. Сонымен, турнирдің жеңімпазы Еламан Ерғалиев та, финалда одан айласын асыра алмаған «Қазақстан Барысының» тұңғыш чемпионы Ұлан Рысқұл да, қола белбеуді иеленген Айбек Нұғымаров та барыстарға лайық өнер көрсетті. Тәжірибелі балуан Ұлан Рысқұл өзінің соңғы жекпе-жекте есе жіберуінің себебін Еламанның дайындығының мықтылығынан деп топшыласа, турнирдің ең жас чемпионы:
— Бес жекпе-жектің барлығы да өз деңгейінде қиын болды. Жеңіске оңай жолмен жеттім дей алмаймын. Әр облыстан іріктеліп келгендіктен, бұл жарысқа осал балуан келмейтіні белгілі. Бағым да жанды, бабым да шапты, — дейді.
Иә, расында 22 жастағы Е.Ерғалиевке жеребе жолдас болды деп тағы айта алмаймыз. «Ә дегеннен-ақ «Қазақстан Барысын» 2014 жылы ұтқан шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновпен бозкілемге шықса, келесі айналымда осымен бұл турнирге үшінші рет қатысқан маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғаповпен жолықты. Екеуі де оңай шағыла қоймайтын жаңғақ екенін жақсы білсе де, өзіне аса сенімді Еламан Ерғалиев ерлік жасады. Оның Мұхитпен кездесуіндегі жеңісін сенсацияға балаған да болатынбыз. Ал М.Тұрсыновтан 2014 жылы финалда жеңіліп қалған өте тәжірибелі қарағандылық балуан Асыл Бәрменов ширек финалда жаңа чемпионның қарсыласы атанды. Алғашқы минуттарда бірін-бірі аңдысқаны болмаса, жекпе-жек тағдырын шешкен ұпай да көп ұзамай Еламанның есебіне жазылды. Жартылай жеңіс ұпайымен жеңіліп жатқан Асыл «жығылғанға жұдырық» дегендей, жарақат та алып қалды. Дәрігерлердің көмегі ұзаққа созылып кетсе де, А.Бәрменов намысқа тырысып, бозкілемге қарай қайта беттеді. Бірақ қолда тұрған жеңісті жас балуан қайдан бере қойсын? Оның үстіне жарақаты да бой бермей жатқан Асыл ақыры жартылай финалға шыға алмады.
Жарыстағы ең қызықты кездесулердің бірі осы ширек финалда өткен болатын. Астана қаласының атынан шыққан, бұған дейін бұл турнирге екі рет қатысқан Айбат Сейтен тұңғыш рет «Қазақстан Барысына» жолдама алған атыраулық Арман Қалиевпен кездесті. Жекпе-жек басталғаннан-ақ Айбат белсенділік танытса, Арман қорғанып қана жүрді. Уақыт белортадан аса бергенде атыраулық балуанның шабуылы аяқасты үдей түсіп, түрлі әдіс жасауға әрекет етті. Алдында қарсыласын тез жеңуге тырысқан елордалық балуан шаршап қалса керек, жеңісті қолдан жіберіп алды. Бұдан кейін Арман Қалиев жартылай финалда Еламан Ерғалиевпен жолықса, жарысты 13 секундтық жеңіспен бастаған Ұлан Рысқұл танымал балуан Айбек Нұғымаровпен жолықты. «Қазақстан Барыстарының» кездесуі қызықты өтті дегенмен, қос жекпе-жекте де кімнің финалға шығуы керектігі көрініп-ақ тұрды. Өте тартысты өткен жекпе-жекте Ұлан Айбекті жамбас ұпайымен қапыда қалдырса, Еламан Арманды таза жеңді. Айтпақшы, ширек финалда бір үйдің қос батыры Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақов биыл екінші рет осы турнирде жолыққан болатын. Бұрын Руслан ағасына жолын берсе, бұл жолы екеуі де шынайы күрескен секілді. Дегенмен, Ұланның інісін таза жеңгенін әрі ағаны, үлкенді сыйлаудың нақ үлгісіне тағы бір рет куә болдық дейді мамандар.
«Қазақстан Барысының» биылғы бәсекесін қорытындылай кетсек, қола жүлде үшін таласта Айбек Нұғымаров жаңа есім Арман Қалиевті оңай жеңсе, финалда Алматы облысының атынан шыққан Ұлан Рысқұл әдіс жасаймын деп жүріп, қарсыласына есе жіберіп алды. Сол сәтте қолын да ауыртып алған «Қазақстан Барысының» тұңғыш чемпионының ары қарай Қызылорда облысының балуаны, дзюдошы, «Әскер Барысы» Е.Ерғалиевтің қолынан жеңісті жұлып алуға шамасы келмеді. Сөйтіп, «Жас Барыс» республикалық турнирінің 2011 жылғы жеңімпазы, 22 жастағы балуан Еламан Ерғалиев өзіне тиесілі болған 25 миллион теңге, Алтын белбеу және «Алтын Тайтұяқты» қанжығасына байлады. Осы турнир арқылы Алаш жұртына әйгілі болған Шалқар Жоламанов бастаған төрешілер де бұл жарыста аз тер төккен жоқ. Өздеріне артылған міндетті толығымен әділ атқара білді деуге негіз бар. Өйткені ұйымдастырушылар да, балуандар мен көрермендер де оларға дән риза.

Ермұрат Назарұлы

(9)