Дәрі-дәрмек неге қымбат?

Биылғы жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі дәрі-дәрмек бағасының шарықтап кеткені жөнінде айтқан қатал сын-ескертпесін барлық халық естіп, хабардар болған еді. Шынында, дәрі-дәрмектің нарығын бақылау біздің елде жолға қойылған деуге аузың бармайды. Осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ғаламтор жүйесінде мәлімдеме жасады. «Еліміздегі дәрі-дәрмектің 70 пайыздан астамы шетелден әкелінеді. Ал оның бағасы шетелдік валюта бағамына тәуелді. Сондықтан дәрі-дәрмек бағасы кейде өседі, кейде төмендейді. Қазақстанда 7700-ден астам дәрі-дәрмек тіркелген. Оның ішінде 4 мыңнан астам дәрінің бағасын біз бекіттік. Оның бағасы өспейді», — деді министр. Алайда халық дәрі-дәрмектің арзан бағасы барына сенбейтін халге жетті. Онсызда қалтасы жұқа халық дәрі бағасының шарықтап кеткеніне наразы.
Соңғы он шақты жылда дәрі-дәрмекті үзіліссіз пайдаланатын адамдар қарасы көбейіп кеткенін көзіміз көріп жүр. Көптеген қарттар, жекелеген жастар да, бесіктен белі шықпаған бала-шаға да дәрі-дәрмекке тәуелді. Емдеу мекемелеріне бара қалсаң, табалдырық тоздырып жүрген жасөспірімдер мен балалардың қарасының молдығын көріп, таң қаласың. Айналаны қоршаған ортаның ластанған экологиясы әсер ете ме? Жоқ әлде, пайдаланып жүрген дәрі-дәрмектің сапасы төмендеп кетті ме? Әйтеуір, ыңқыл-сыңқылы көп науқастар қатары азаймай отыр. Тіпті қан қысымы, бүйрек, бауыр, буын аурулары, жүрек талмасы т.б. толып жатқан ауру түрлерінің жастар арасында көбеюі де алаңдаушылық туғызуда.
Оның үстіне қып-қызыл қаржыңа сатып алатын дәрі-дәрмектің сапасы да күмәнді бола бастады. Жалған дәрілер жайында шетелдің телеарналары жаһанға жар салып жатқаны тағы бар. Сонымен, көптеген адамның дәрісіз күні жоқ. Ауру иектеген адам дәрі-дәрмектің көмегінсіз өз бетінше жазылып кете ме? Бұл сұрақтың жауабы біреу-ақ, әрине, жоқ. Елімізде дәрі-дәрмек бизнесі саласынан түсетін табыс көзі есірткі айналымына бәсекелестік тудырады деген ұғым пайда болды. Әрине, негізі жоқ деп айта алмаймыз. Ал дәрі-дәрмек бағасының шарықтағаны соншалық, халыққа қолжетімді болудан қалып барады. Шетел валютасы өсіп барып, қайта түссе де, дәрі-дәрмек бағасы өзгеріссіз қала береді.
Көңілге бір жақсы үміт әкелетін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мына сөздерін келтіре кетуді жөн санадық: «Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз осы жылдан бастап заңдық-құқықтық актіні дайындап жатырмыз. Биыл денсаулық сақтау саласындағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, біз жекеменшік дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің бағасын бекіте алатын боламыз. Бұл жұмыс осы жылдың аяғына шейін аяқталады. Кейін дәрі-дәрмектің бағасын өз бетінше өсіру қиынға соғады». Министрге айтқаның келсін дегеннен басқа сөзіміз жоқ.

120 дәрі-дәрмек түрінің бағасы тұрақтандырылды

Алматы облысы кештеу болса да дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатпауды қолға алды. Осы мақсатта 12 маусым күні Алматы облысының әкімдігі Алматы облысы бойынша денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті департаментімен және фармацевтикалық қызметті қолдау мен дамытудың Алматы облысы бойынша қауымдастығымен бірлесіп, 120 дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың бағасын тұрақты ұстап тұру жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған меморандум жылдың соңына шейін өз күшін жоймайды.
Жуырда Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен осы меморандум шарттарының жүзеге асырылуы облыс аумағындағы дәріханалардың өкілдері қатысқан алқалы жиында қаралды. Алғашқы болып сөз Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Мұсалы Сейітқұловқа берілді.
— Алматы облысы аумағында 90 дәрі-дәрмек қоймасы бар, оның ішінде 4-уі мемлекеттік болса, 86-сы жекеменшік, — деді лауазым иесі. — Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған 989 дәріхананың 81-і мемлекеттік болса, 908-і жекеменшік. Облыс аумағында 11 фармацевтикалық өндіріс болса, оның 8-і дәрі-дәрмек шығарады. Олар негізінен Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай және Талғар аудандарында орналасқан. Тұрғындарды сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы және отандық фармацевтика өндірісін дамыту туралы ҚР Мәжіліс Парламентінің 12 мамыр күнгі отырысында жан-жақты талқыланып, бірталай шараларды жүзеге асыру туралы мәселе көтерілген. Оның ішінде фармацевтикалық нарықтағы қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты дәрі-дәрмек бағасын бақылау туралы заң жобасы алдағы күзде қаралады деген де хабар бар. Ал қабылданған меморандумның барлық шарттарын орындауды дәріханалар жүйесі өз құзіреттеріне алып отыр. Бағасы тұрақтандырылған 120 дәрі-дәрмектің түріне жеті сайын мониторинг жасалмақшы.
Осы жиында Алматы облысының фармацевтикалық қызметінің дамуына қолдау көрсететін Ассоциациясы директорының міндетін атқарушы Дамир Мүліков та өз ойымен бөлісті.
— Қабылданған меморандумға байланысты дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыру үшін халық алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Талдықорған өңірінде тұтынушыға сатылатын бағаға ықпал ететін 9 ірі дистрибьюторлер жұмыс істейді. Олардың дәріханаларға ұсынатын тауарларының бағасы сатып алу көлеміне, төлемақысына және орналасқан орнына тікелей байланысты. Талдықорған қаласындағы көп қабатты үйде орналасқан үш дәріханада бір дәріге үш түрлі баға қойылуы мүмкін. Жекелеген дәріханалар аз қамтылған әлеуметтік топтарға қосымша жеңілдіктер беріп отырады. Бағаны мемлекет емес, нарықтық экономика өзі реттейді.
Сонымен қатар, жарыссөзге қатысқан «Күдермед» ЖШС директорының орынбасары Қадірбек Күдерин мен «Europharma» дәріхана жүйесі ЖШС менеджері Мақпал Ерғалиева меморандум шарттарын толық орындайтындарын жеткізді.

«Нұр Отан» партиясының ықпалы

— 2017 жылдың басында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы Талдықорған қаласында орналасқан дәріханаларында сатылатын дәрі-дәрмек бағаларының тұрғындарға қолжетімділігін анықтау, бағаны тұрақтандыру бойынша қол қойылған меморандум аясында атқарылған іс-шараларды талқылау мақсатында дәріхана басшыларымен кездесу ұйымдастырды, — деді алқалы жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев. — Кездесу барысында дәрі бағасының өсуі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлердің қалтасына салмақ салып отырғанын және тұрғындарды сапалы, қолжетімді әрі қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы заңды тұлғалар бірлестігі арасында 106 дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың бағасын ұстап тұру мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, жұмыстар жүргізіліп отырғанын атап өткен. Алайда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына дәрі-дәрмектердің қымбаттауына байланысты өтініштер әлі күнге дейін түсуде.
2017 жылдың 17 маусымында дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасының өсуін ұстап тұру мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға байланысты қосымша мониторинг жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 1-20 маусым аралығында облыстық партия филиалы 120 дәрі тізімінің дәріханаларда ілініп тұруын, тізім ішіндегі ең қажетті дәрі-дәрмек бағаларына сараптама жасады.
Меморандум аясында жасалған тізімдегі 65 дәрілік заттардың бағасы тұрақты, кейбіреулері төмен екендігі байқалды. Алайда қалған 55 дәрі-дәрмектің бағаларын ұстап тұру мәселелері әлі де өзекті екенін айта кеткен жөн.
Облысымызда 989 (908-і жекеменшік) дәріхана бар. Алайда осы дәріханалардың жартысынан көбі (75 пайызы) «Алматы облыстық фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігіне енбеген. Осы бағытта жұмыстар жүргізу қажет.
Облыстың 50 дәріханасына сараптама жүргізу нәтижесінде 30 пайызында дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың, бейімделген емдік өнімдердің тізімі ілінбеген.
Партияның Сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық» бағыты бойынша партиялық куратор комиссиясының отырысында, дәрілік заттардың қымбаттауы және бағалардың тұрақсыздығы туралы мәселелер көтерілген болатын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 Бұйрығына сәйкес Алматы облысы бойынша, жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда бөлінген қаржы сомасы 2,3 %-ға өскен. Алайда облысымыздағы тұрғындардың саны 2 млн-ға жетті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсетін болады және әлеуметтік аурулармен ауыратын адамдардың саны көбеюде.
Тегін берілетін дәрілер жетіспейді, себебі шағын және орта бизнес өкілдері ондай дәрілерді дәріханаларда қоймайды. Осыған орай, Меморандумда бекітілген 120 дәрі-дәрмектің ішінен ең қажетті дәрілік заттарды аталған тегін дәрілер тізіміне қосу қажет.
Мысалы, «аспириннің» орташа бағасы 34-60 теңге аралығында болса, Қапшағай қаласы мен және Талғар ауданында бұл көрсеткіш 60 теңгені құрап отыр.
Тағы да мысал, базалық терапияға арналған жүректің ишемиялық ауруына қарсы «бисопролол» дәрісінің бағасы Алакөлде 5 мг 540 теңгені құраса, Еңбекшіқазақ ауданында — 1050 теңге, Талдықорғанда 1590 теңгеге дейін жеткен.
Осыған қоса, қант диабетіне қарсы «метформин» дәрісінің орташа бағасы 755 теңге болса, бірқатар аудандарда бұл 1150 теңгені құрап отыр.
Ең қажетті «глибенкламид», «метформин», «капецитабин», «фенотерол» дәрілері облыстың дәріханаларында мүлде жоқ. Осыған орай, қазіргі таңда дәрі-дәрмек бағаларын ұстап тұру мәселелері әлі де өзекті. Осыған орай, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында әлеуметтік дәріханаларды салу қажеттілігі туындап тұр.
Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрі-дәрмек құралдарының бағаларын реттеу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын жасақтады. Осы аталған заң жобасын оған тікелей қатысы бар бизнес қауымдастықпен талқылау қажет. Жоба аясында дәрі-дәрмекті сатып алу мен дәріханаларға жеткізу жұмыстарын бірыңғай дистрибьюторларға жүктеу мәселелері қаралған.
Дәріханалар бизнес саласында реттеліп, сауда нарығында еркін бағалардың қойылуына байланысты партия дәріханаларға тексеріс жүргізе алмайды. Біздің тарапымыздан тек ұдайы мониторингілеу жұмысы жүргізіледі.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қорытындылады. Осы жиында баса айтылған мәселенің бірі әлеуметтік дәріханалар құру туралы болды. Бұл мәселе еліміздің бірталай өңірлерінде оң шешімін тапқан. Алайда Жетісу өңірінде әлеуметтік дәріхана жоқтың қасы.
— Біздің басты мақсатымыз ортақ. Ол — халықтың денсаулығын сақтау мен нығайту. Бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармаңыздар. Біз өз тарапымыздан фармацевтикалық салаға қолдау көрсетеміз. Ірі дәріханалар өкілдері кіретін арнайы жұмысшы тобы құрылады. Сараптау барысында туындаған мәселелер тиімді шешімін табады. Меморандумның басты мақсаты — халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына қолдау көрсету, — деді Жақсылық Омар қорытынды сөзінде. Сонымен қатар, бұл мәселеге әлі де қайта оралатынын ескертті.
Нұрила Бектемірова

(52)