Бабалар салған ұлы қорған

Рухани жаңғыру — тазару мен арылуды қалай жасаймыз?

Көреген Елбасы өзінің әр қадамын «жеті өлшеп, бір кесетін» ұлы дала қағидасына сай жасайтынына талай куә болсақ та, келесі қадамына түсінбей «өзімізше» болатынымызды қайтесің. Астананы Ақмолаға көшіреміз деді, «өзімізше» ойлап дал болдық. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрамыз деді, тағы дал болдық. Енді қарасақ, Астана еліміздің тұмарына айналды. Он жыл өткен соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жердің киесі мен иесіне мәңгілік қарыздарлығы үшін алғыс айтты. Енді бір қадамы үш жылда бір рет болатын дін иелерінің Астанада бас қосуының аса зор маңызының біреуіне ой көзімен қарасақ, олардың «Бәйтеректе» өз қолтаңбаларын қалдырғаны жөніндегі мәлімет бізді қайда жетелейді? Барлық дін иелері басшыларының бір жерде бір тілек тілеуі жай құбылыс па? Құбылыс бола алса, ол құбылыс жер жаһанның қай жерінде болды? Астананың жыл өтпей жасанып тұруы тегіннен-тегін бе? Астана уақыт өте келе қандай орын болатынына көз жүгірте алдыңыз ба? Осындай көп сұрақ суыртпақталып шыға береді. Оның түйінін шешуді ой көзі қарақты оқырманның өзіне қалдырайық… Елбасы біз «Ұлы дала еліміз» және «Мәңгілік елміз» деді. Содан не түсіндік? Не ұқтық? Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Осыны көре білген көреген Елбасы келесі қадамын жасады.
ЖАС ӨРЕННІҢ ӨМІРІ НЕГЕ ҚИЫЛДЫ?

Ол — әрбіреуімізден бастау алатын еліміздің рухани жаңғыруы. Тағы да біз «өзімізше» түсініп, өзімізді ұмытып, қыруар жұмыс жасаймыз деп қопарылудамыз. Жыл сайынғы мектеп бітірудің даңғазасын алайықшы. Биыл да сол дабыраның арқасында тағы да жас өреннің өмірі қиылды. Мектеп бітіру кешіне дайындық басталып, қымбат ресторан, қымбат көйлек іздеу даңғазасы, турасын айтқанда, ата-ананы «тонаудың» кезекті кезеңіне білекті сыбанып кірісіп кеттік. Бұл құбылысқа айналған көрініс бізге не айтады? Ата-ананың «қой дейтін құзырынан айрылғанын», ал білім саласы жылына бір келетін аса жауапты, қайырлы істің соңына нүкте қоя алмайтынын көрсетеді. Тап осы құбылысты кім тоқтатады? Не тоқтатады? Елбасы «біз ұлы дала еліміз» деп тегін айтты ма? Бұл қасіретті құбылыстың түйінін тек қана ұлы дала ұлағаты тарқата алады, оған талай жылғы осы бағыттағы зерттеуім, соның негізінде жазған «Ақ ОТАУ» отбасы мәдениеті электрондық мектебім куә. Ұлы дала оқы демеген, оқи білуге «көр, тер, түй» қағидасына сай баулыған. Ұлы дала түсіндірмеген, «түсіндіру түсінікті байлайды» деп. Түсінуге жағдай жасаған. Ұлы дала істе, жаса демеген, өнеге көрсеткен. Сөзіміз жалған болмас үшін мысал келтірсек. Жуын демеген. Жуынудың маңызы туралы көпіріп түсіндірмеген. Шақырып алып, «дастарханға барарда қолымызды жуамыз, аузымызды шаямыз» деп өзі өнеге көрсеткен. Сосын бірнеше күн бақылаған. Тағы да «дастарханға барарда қолды жумау — жамандық; аузын шаймау — надандық» деген. Тағы да бақылап, бірнеше күннен кейін «дастарханға барарда қолын жуу — жақсылық; аузын шаю — адамдық» деп қорытып, жұмыстың нәтижесімен «құлша жұмсайтын», «ұлша жұмсайтын» қылып топты екіге бөліп, жұмысты әрі қарай жалғаған. Ата-бабаның айтып кеткенінде бір қате жоқ екеніне таңданамын да тамсанамын. Олардың осы дегендерін кейде түсінбейтінімізге басында қынжылатынмын, ал қазір қатерге айналатынын сезініп, бойымды үрей билей бастады.
ЕЛБАСЫНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ СӨРЕДЕ НЕГЕ ТҰР?

Елбасы тамырымыздан айрылмас үшін қыруар шаруа тындырды. Алайда оны жалғастыруға қауқарсыздығымызға байланысты құндылықтарымыз сөреден орын алып қана тынды әзірге. Олар қашан сөреден түсіп, әрбір қазақтың жан дүниесін жаңғыртуға жол тартады? Бұл да уақыттың еншісіне жүктелді. Мұның басты себебі біздің өзіміз, үлкендеріміз, бабалармен сөйлесуден, ой бөлісуден алшақтан барамыз. Себептің себебі біздер, үлкендер, ұлылықтың ұлы ойына қызықпаймыз, себебі бүгінгі күйкі тіршілік маңызды бізге. Күлтегіннің өз еңбегін алты сөзбен жеткізген шеберлігі оның ұлылығы екенін түсінбейміз. Жүсіп Баласағұнның «бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін» дегенінің түптің түбінде бізді күтіп тұрған бар пәлекеттен қорғау екенін де білмейміз. «Бір ұғымды өлтірсең, екіншісінің мағынасын өзгертіп қойсаң, оның зардабын жүз не мың жылдық» деген ой тереңдігіне бойлай алмаймыз. «Ұятты» өлтірдік, бұдан кейін не болмақ» десем, тұшымды жауап таба алмаймыз. Атом бомбасы жарылған жер 20-30 жыл пайдасыз, ал ұят кетсе оның зардабын қанша жыл тартпақпыз десем де, жауап жоқ. Оны ата-баба қалай шешіп кеткен? «Ұят кетсе адамнан, қария да жоқ, қарт та жоқ, қақпақсыз қазан бұл өмір. Ұяттан ешкім өртенбес, жер жарығы ізделмес» деп кеткен бабалар. Содан мұның зардабы атомнан да зор боларын осылай түйіндепті даналар.
Сөздің түйіні: түсіне алмасақ — бір қауіп; түсінуге талпынбасақ — зор қауіп; ең қатерлісі ұрпақтың санасын бабалар тереңінен нәр алдырып суармасақ, міне, сол нағыз қауіп. Ата-баба түсіндіру түсінікті байлайды деп түсіндірмеген, түсіне білуге жағдай жасаған. Жиырма жыл болса да бұған түсінбедік, Кеңестік жүйенің «түсіндіру пәлсәфасынан» айрыла алмадық. Оның сол жүйе салып кеткен кесапат екенін де ұға алмадық.
Дүниеде жеті керемет бар, Қытай тастан қамал тұрғызды деп таңданамыз. Бәрін білеміз, бәріне таңданамыз. Ал өзіміздің ата-баба салып кеткен қамал туралы білмейміз. Білдірейік десек, оны тыңдайтын ой өрісті қарияларымыздың жұтаң тартқаны жан ауыртады. Ата-баба адам жерге 99 пәленің қоршауында жіберілетінін анық білген. Оның бірі — адамның өз бойындағы өтірік, өсек, мақтаншақ бастаған сан ондаған табиғи кесапат. Екіншісі — адамзат қоғамының өзі ойлап тапқан жалған түсінік, байлық пен кедейлік қайшылығы, заңның әлсіздігі не орындалмайтынына байланысты әділетсіздік болып жалғаса бермек. Бұрын бала үйде болса, үй оның қорғаны бола алады десек, енді отбасының өзі де қауіп-қатердің ортасына айналды. Ғылымның жетістігі болып саналатын теледидар, кино, тіпті, ұялы телефонның өзі бізге әбден жауығып алды емес пе?

ҮЛКЕНДЕРІМІЗДІҢ АЙТАРЛАРЫ НЕГЕ СУАЛДЫ?

Өкінішке орай, үлкендеріміздің айтарлары суалыңқырап бара жатқаны қынжылтады. Сонымен, табиғи және жасанды кесапаттардың қоршауында қалған пендеге одан қорғанудың қандай жолдарын үйреткен бабалар? Бірінші түсінік қорғанын баланың сәби күнінен оның өмір жолына сәйкестіріп сала білген. Бесік тәрбиесі — тазалық және бұл әлеммен таныстықтың бастауы. Түндік — аспан әлемімен таныстық. Есейе келе, жамандықтан жай емес, жиіркеніп қашуға баулып, қуана білудің мақтанышқа айналмауын бақылап, Жаратқаннан «баламның қуанышын мақтанышқа айналдырма» деп тіленген бабалар. Табиғи кесапаттан құтылудың жолы екі ой серкесінің іс-әрекетін басқара білуде деп білген. Қуаныш мақтанышқа айналса, тәкаппарлыққа жол ашық. Үнемі алда болуды қалайтын тәкаппарлықтың жолы болмаса, ашуды шақырады. Ашу ыза, кек дегендермен бірге жүретін пәлекет. Осылай жалғасқан өмірдің басталмай жатып қалай бүлінетінін ой көзімен бағамдай беріңіз. Қуаныш мақтанышқа айналмаса, тәкаппарлық өз ұяшығында қала бермек. Осыған байланысты бабалар мынандай түсінік қорғанын соққан: «Тәкаппар басында кеудесімен көк тірейді, соңында бармағын тістейді; Азамат басында аласа болуды қалайды, соңында қамалға айналады».
Баланың өмір жолында кездесер жақсылық пен жамандық жолын қандай түсініктермен аршып отыруда қысқа-нұсқа өлең жолдарын шебер пайдаланған: «Тәннің кірін су кетірер; жанның кірін жас кетірер» деген де, ұлдың көз жасын көрсету ездік саналған. «Дүние — жалған, оған бой алдырған — құрбан», яғни Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» жолы бала түсінігіне осылай сәйкестендірілген. Ата-баба үш түсінікке тыйым салынған: білем, жоқ, шаршадым. «Білем» дегеннің жаңсақ екенін «адамның білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз» деп түсіндірілген. «Жоқ» дегенді «ат тұяғы баспаймын деген жерді үш рет басады» деп түсіндірілген. «Шаршадым — жалқаудың наны» деп түсіндірілген. Бұлар ашық мәтін болса, олар бірте-бірте жабық түсінікке ойысқан: «Үйді айналма, жаман болады», «Есікке керілме, жаман болады», «Миды жеме, былжырап кетесің». Бұлар түсіндірілмей, өскеннің еншісіне сілтенеді. Заманның өзгеріп, жетілуіне байланысты жамандықтың да зорайып, табиғи түсініктен жасанды болып бөлініп, өрісі кеңіп, адамзаттың бір тобына өз үстемдігін жүргізуде. «Ұсталмаған ұры емес» деген жалған түсінік ұрлыққа жол ашты және атын да өзгертті «жемқорлық» деп. Ата-баба «ұрлық түбі — қорлық» деп кесіп айтты, оған да түсінбегенге:
«Таразыдан жеген адам оңбайды,
Жаратқан ием көріп тұрар ондайды.
Тыныш жүрген пендесі ешқашан қор болмайды», — деп, түсінік алаңын кеңейтіп, биіктеткен.
Тобықтай түйінге жүгінсек: ата-ананың ұрпағына тән азығын тауып беруі — бір жұмыс, ал жан азығын аштыққа ұрындырмауы — зор жұмыс. Балаларымызды отбасынан айрылтпайын деп, отбасы қорғанын соғуға ұмтылмасақ, бір жаман. Біле тұра бейқамдыққа салынсақ, сол жаманы. Бұл түптің түбінде отбасын ойран қылар зор қауіп екенін алдын ала сезінбесек, болмақ бұл бармақ тістетер зар заман…
Көбіміз әлі ақыл айту, сөз сапырумен жүрміз. Сөз бен ақыл заманы өтті, істің заманы басталды. Кешігу кешігу емес, кері кетуді көрсетіп тұр. Бұрын «елу жылда ел, қырық жылда қазан жаңа» болса, енді бұл қашықтық онға да жетпей қалды. Күн қысқарды дейді, күн емес, уақыттың қалай қысқарғанын зерделілер ғана білмек. Бабалардың ешкімге көрсетпей соғып кеткен отбасы қамалын «Ақ ОТАУ» отбасы мәдениеті электрондық интеллектілік бағдарламамда бергеніме жылдар өтсе де, ұлы даланың баға жетпес құндылығының ешкімге керексіздігі мені қатты шошытады. Сондықтан ұлтты ұйыту мен берік етудің жолы бар қауіппен күресу емес, бабалар салған шеберлікпен қауіптің серкелерін тауып, оны қос мүйізінен ұстап сұлату. Қауіптің бәрі — қауіп.
Енді тоқсан ауыз сөздің түйініне үңілсек, ол төмендегіше болмақ: Баламен жұмыстың орны, мезгілі, мазмұны өзгермейді, ал әдісі — өнегелілік.

ТӘН МЕН ЖАН АЗЫҒЫНЫҢ ҚАЙСЫСЫ ҚУАТТЫ?

Баланың дені сау болсын деп оны төрт мезгіл тамақтандыруды ұмытпаймыз. Ал оның жан азығы бар екенін естен шығардық. Тән азығын берудей жан азығын да мәпелей білу қазір бұрынғыдан да екі есе маңызды. Оны бабалар баяғыда ескерткен, «бала тапқандыкі емес, баққандыкі» деп. Сондықтан балаңызды интернет бағып кетпесін десеңіз, қамданыңыз. «Жарайды, айтқаныңызды тыңдайық. Не беремін? Қалай беремін? Мен мұғалім емеспін» дерсіз. Оған қынжылмаңыз. Көмекке «Ақ ОТАУ» ОМЭМ келеді. Оның «Алақай» топтамасына кірсеңіз, балаңыз 3-4 жаста кәнігі әңгімешіге айналады. Бес жасында әріпті өзі танып, өзін-өзі жетілдіру жұмысына кірісіп кетеді. Осылай басталған жан тазалығы сабағы 13-ке дейін жалғасып, оны отау иесі биігіне көтереді. Отбасы мүшелерінің міндеті — баланың қуанышының мақтанышқа айналмауын қадағалау, онымен бірге қуану. Көреген Елбасының туған ауылға көңіл бөлуге назар аудартуының түп қияндық мәні осында жатыр. Ал жаңғыру деген не өзі? Оны білмей, қалай жаңғырмақпыз? Жаңғырудың түп-төркіні — тазару. Тазару екі ұғымнан тұрады: тазару мен арылудан. Тәнді су тазартса, жанды не тазартатынын біліп ап, арылудың қамына кірісу керек.

(28)