Ақ жол саған, Аружан!

Аружан Қуандық 1999 жылғы 26 шілдеде Жезқазған қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан алғыр болып өскен ол, 2006 жылы Жезқазған қаласының № 1 қазақ орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданады. Бірінші сыныптан бастап тек өте жақсы деген бағамен оқыды. Сыныптың старостасы болып, 10 сыныпқа дейін қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. 2009 жылы отбасы Астанаға көшіп келіп, № 56 қазақ мектеп-лицейінде оқуын жалғастырады. Биыл «Алтын белгі» иегері болып, мектеп бітіріп отыр. Кішкентайынан би өнеріне бейім Аружан Жезқазған қаласындағы «Мақпал» би ансамблінің солисі болды. Астана қаласында да бірнеше би байқауларына қатысып, «Шаттық» байқауында жеке бишілер жарысында 3-орын алса, топпен 2-орын иеленді. Сонымен қатар Санкт-Петербург қаласында өткен «Салют талантов» байқауында топпен 2-орын иеленген. Аружан 9 сыныбында-ақ журналист боламын деп шешіп қойған. Мектеп қабырғасында жүріп, эссе, ойтолғаулар жазып, бірнеше газет-журналдарға жариялап үлгерді. Біз де өз кезегімізде Аружанды құттықтап, болашағы жарқын, бағдары айқын, мұрат мақсатына жетсін деп ақ жол тілеп, назарларыңызға шағын ойтолғауларын ұсынып отырмыз.
Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін қай кезде де білімді, саналы жастардың алатын орны ерекше. Елбасы болашақ ұрпаққа, яғни біздерге үлкен сенім артып отыр. Жастарды ілім-білім алуға, бар потенциалын тек соған ғана жұмсауға міндеттейді. Заманауи құрал-жабдықтарды енгізу мен білім сапасын арттыруда еліміздің қарыштауына үлкен үлес қосады деген сенімде.
Менің ойымша, бұл жаңа бағдарламаның мазмұны ғана емес, тіпті атауының өзінде де терең ой, үлкен мән жатыр. Өзіңіз ойлап көріңіз, «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол». Бұл сөйлемдегі ерекше екпінмен айтқым келіп тұрғаны — «Нұрлы жол» тіркесі. Мен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты халқымызды аяғына тік тұрғызып, бәрін басынан бастауға мүмкіндік берген табиғаты ерекше тылсым күш деп білемін. Тіпті, қазіргі шүкіршілік етіп отырған жағдайымызға жеткізген, қараңғы түнектен жол сілтеп, бағыт-бағдар берген, әлі күнге дейін беріп келе жатқан нұр сәулесі десем, қателеспеймін. Мен де Нұрсұлтан ағамыз секілді жарық, жан-жағына жылуын төгетін нұрдың азғантай ғана сәулесі болғым келеді. Бәлкім, мен де басқаларға дұрыс бағдар бере білетін, болашаққа бастау бола алатын, жарығын шашуға дайын нұр болармын…

Тәуелсіздік — тұғырым!

Еліміз егемендік алып, береке-бірліктің, ынтымақты тірліктің арқасында барлық қиындықты артқа тастады. Ғылым мен білімді дамытып, әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, білім кеңістігінің қалыптасуын Елбасымыз үнемі назарда ұстап отыр. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық құралдармен, компьютермен толық жабдықталған жаңа мектептер, түрлі лицей-гимназиялар, тереңдетіліп оқытуға арналған бағдарлы мектептер, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ашылуда. Оқушылар жаңашылдықпен, шығармашылықпен жарқыраған сәулетті мектептерде әлемдік деңгейде алаңсыз білім алуда. Бұл — тәуелсіздіктің ұрпағына жасаған ең жоғары жемісі. Бұл күнде дарынды, талантты балалардың қатары көбейіп келеді. Әртүрлі білім байқауларында, түрлі сайыстарда, интеллектуалдық олимпиада жарыстарында, ғылыми жобалар байқауларында дарынды оқушылар жүлделі орындарға ие болуда. Үш тілді меңгеруде де қазақ жастары алдына жан салмайды деп айтуға болады. Қазақ тілін — мемлекеттік тіл, орыс тілін — қарым-қатынас тілі, ағылшын тілін — жаhандану тілі деп, үш тілді меңгеруге талпынып, үйреніп жатырмыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз тыныш, бейбіт өмірде болуын бала жүрегіммен тілеймін. Білікті ұстаздарымыздың арқасында Қазақстан білім мен тәрбиенің Меккесіне айналады деп үміттенемін.

(8)