Жаңаөзен жарасы жазылған жоқ

Жаңаөзен қалалық Қазақ тілі қоғамының төрағасы Байбазар Ербақының 10,5 баспа табақ көлеміндегі «1989. Намысқа шапқан ерлерім!» атты публицистикалық жинағы жарық көрді. Жинақ негізінде 1989 жылы маусымдағы Жаңаөзендегі көтеріліске арналған.

Аталмыш еңбекте көтерілістің себептері мен салдары жан-жақты ашып айтылған. Ол үшін сол көтеріліс болған кездегі облыстық газеттің Маңғыстау бойынша меншікті тілшісі Әбілқайыр Спанның (Ол кезде облыс орталығы Гурьев, яғни қазіргі Атырау қаласы болатын. — М. Ұ.), Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінің арнаулы тілшісі А.Кәтешованың зерттеулеріне сүйенген материалдар жарияланған. Сондай-ақ, автордың әр кездегі республикалық және жергілікті басылымдарға берген сұхбаттары мен бір-екі жергілікті ақындардың өлеңдері көрініс тапқан.
Маусым көтерілісіне байланысты сол кездегі қазақтың ақыл айтар ақсақал қаламгерлері: Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер Жаңаөзенге келіп, Қызылсай ауылына барып, көтеріліске қатысқан жастармен және олардың ата-аналарымен де кездесіп, бетпе-бет отырып, ашық әңгімелеседі. Содан олар Алматыға оралғасын, тиісті министрліктерге арнайы хат жолдап, орталық және республикалық басылымдарға сұхбат беріп, мақала жазып, сол кездегі билік жапқан жаладан Жаңаөзеннің жалындаған жастарын қорғап қалады.
Негізінде, Жаңаөзендегі 1989 жылғы Маусым көтерілісі келімсектердің жергілікті халықты басынуынан басталғанымен, оның түп төркінінде саяси-әлеуметтік теңсіздіктің салдары жатыр. Мысалы, дүкен сөрелерінің азық-түліктен босап қалуы, күнделікті тұрмысқа аса қажетті заттардың жеткіліксіздігі, жергілікті тұрғындардың өз елінде өгей бала сияқты қара жұмыстан басқаға қол жеткізе алмауы, қызыл империяның зорлық-зомбылық жасауы, тау халқының Жаңаөзенді «Екінші Грозныйға айналдырамыз» деп басынып, көпе-көрнеу кеудемсоқтық жасауы, ақыры қазақ жастарын көшеге шығуға мәжбүр етті. Қазақ жастары бір емес, екі жақты қарсылыққа тап болды. Біріншісі — тау халқының өкілдерімен бір көшенің екі жағында тұрып текетірес жасаса, екіншісі — қаһарлы қызыл Мәскеудің жан-жақтан жинаған жендеттерімен қарсыласу. Әрине, бес қаруы бойындағы, қалың әскермен, милициялармен, оның үстіне жерде танктері, көкте ұшақ пен тікұшақтары қаптаған жазалаушы жасақтармен қарусыз, дымсыз, құрқол айқасу деген лапылдап жанып тұрған отқа саналы түрде түсумен бірдей емес пе? Соның салдарынан 1952 жылы туылған Төлеп Жаңаев, 1953 жылы туылған Нұрберген Тілеубергенов, 1968 жылы туылған Оңдасын Отаралиев деген аяулы азаматтар қыршынынан қиылып, жас жандарын құрбан етті. 4-5 жігіт 2 жыл, 2 жыл 7 айдан бас бостандығынан айырылып, түрмеге қамалып, сұрықсыз темір тордың арғы жағында ауыр да азапты күндерді бастан кешіп, жұғымсыз, сылдыр су, сұйық көженің дәмін татып қайтты. Дегенмен, ел намысын, жер намысын, ұлттың арын, ұрпақтың қамын қорғап қалды.
Сондай-ақ, кітапта осы еңбектің авторы Байбазар Ербақы ағамыздың аттандап атсалысуының арқасында осы көтерілістің он жылдығына орай құрбан болған үш жігіттің рухына арнап, сондай-ақ батыр көтерілісшілерге Жаңаөзен қаласынан бір көшеге «17 Маусым» атауы берілді. Сол көшенің орталыққа ұштасар тұсына ескерткіш стелла орнатылды. Кітапты түрмеден шыққандар мен сол көтеріліске қатысып, оқ тиіп жараланып, орынсыз зардап шеккен көптеген жастарды қайтадан жұмысқа орналастыру туралы атқарылған істер жайлы әңгімеленген. Дейтұрғанмен «89 Маусым» оқиғасына қатысқан жастарға тиісті баға берілмей келе жатыр деп түйіндейді. Өйткені 1989 жылғы Маусымдағы Жаңаөзен көтерілісі — 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісінің заңды жалғасы. Брежнев атындағы алаңдағы көтеріліс Г.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы болуына қазақ жастары қарсылық танытса, Жаңаөзен көтерілісі М.Горбачевтың қолшоқпарының Қазақстаннан біржолата кетуіне ықпал етті. Әрине, қолға алған іс тек осымен шектеліп қалмауға тиіс.
Өткен жылы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толды. Елдегі белсенділер «Желтоқсан көтерілісінің шындығы толық ашылмады, тарих алдында нақты саяси баға берілмеді» деп, әлі күнге дейін шырылдап келеді. Соның бір ғана айғағы болар, өткен жылы 30 жыл бұрынғы сол көтеріліске қатысқан жастарды жаппай жазалауға атсалысқан, азаптаған, қуғын-сүргінге ұшыратып, қудалағандардың тізімдері жарияланды. Сол сияқты осындай жандайшаптар 1989 жылы Жаңаөзен көтерілісі кезінде болмады дегенге кім сенеді? Әрине, олардың бірқатары бүгінгі таңда арамызда жүрген болар, бәлкім. Сондықтан олар да ар азабынан арылу үшін тарих алдындағы кінәларын мойындап, халықтан кешірім сұраулары қажет. Жалпы, 1989 жылғы Жаңаөзендегі Маусым көтерілісінің маңыздылығы басқалардың тасасында қалып қоймауы тиіс. Өйткені ол да өмірдің ащы сабағы.
Халқымыз бар шыдамайтын бопсаға,
Бұл сөзімді түсінеді дос қана.
Еске түссе сыздауықтай сыздатар,
Жаңаөзеннің жүрегіндегі қос жара.

Қолдан келсе қарсы тұрам «боранға»,
Шындықты айтам, келсе тілім орамға.
Қайта-қайта құрбандықтар боп тұрды,
Қатыгездік орын алған қоғамда.

Бұлақтарым таудан алса сағасын,
Арғымақтың мықтап қақса тағасын.
Алтын кездік қын түбінде жатпайды,
Бір кездері тарих берер бағасын.

Келешекте қоғам бәлкім өзгерер,
Өзгергенін мүмкін біздің көз көрер.
Бүгінгінің батырларын бағалап,
Ұрпақтары қуанатын кез келер.

Қолдан келсе жақсылық қыл, ағайын!
Сенен зардап шекпесінші маңайың!
Қарапайым елге жасап қиянат,
Тағдырыңның тартып жүрме сазайын!

Жазатайым жамандыққа құнықпа!
Қолдан келсе кесек атпа тұныққа!
Өзгелерге жасасаңыз жамандық
Өз алдыңа келетінін ұмытпа!

Мұратбай Ұлықпан

(57)