mm
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының бірінші орынбасары.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы.

Аналардың зарына құлақ түр, ӘЛЕМ!

«Халық жауларының» әйелдері

Бүкіл Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан тура 20 жыл бұрын арнайы Жарлығымен бекітілген атаулы дата — 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқпыз.
Қаралы күн болып саналар бұл күні Алматыда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл оқиға елді бір серпілтіп тастады. Осыдан он жыл бұрын саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «Алжир» мемориалдық мұражай кешені ашылғанын жақсы білеміз. Елбасымызға алғысымыз шексіз.
Тағзым мен тағылым күні. Тағдырдың талай теперішінен өтіп, азат күнге, аңсаған арманына қол жеткізген еліміз үшін бүгін аса маңызды күн. Ашаршылық құрбандарына, арыстарымызға құран бағышталды. Қабыл еткей бір Аллам!

22 мың әйелдің тағдырын қор қылған…

Мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей қара таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке-сыз қалдырған, 1934-1954 жылдар арасында «Халық жауының» әйелдері деп танылған, Ақмоладағы «Отанын сатқандардың» әйелдерінің лагері — «Алжирге» біз де арнайы барып, көңілге түйгенімізді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.
Аналарымыз Сталиндік жазалау машинасының зобалаңын көрген, лагерь басшыларының географиялық тілінде «26-шы нүкте» деген атау берген лагерьде қанша тұтқын әйел отырғаны туралы толық дерек жоқ. Дегенмен, 1937-1954 жылдар арасында «ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ӘЙЕЛІ деп танылған әрбір анаға орта есеппен алды 3 жыл, арты 8 жылдан берілсе, бұл лагерьде шамамен 22 мыңдай тұтқын әйел азап шеккен екен. Қарапайым үй шаруасындағы әйелден бастап, ақын, жазушы, өнер адамы, дәрігер, партия, комсомол, кәсіподақ қызметкерлері, мұғалімдер, тіпті мал дәрігерлеріне дейінгі әртүрлі мамандық иелері жылдар бойы жазықсыз жапа шекті…
Кіре берісте аспан астындағы ашық мұражайда үнемі азалы əуен ойнап тұрды. Бəрі шынайы. Арсылдаған ит те, бүрісіп сүйегі қалған «халық жауының» əйелі де… Оның мүсін ғана екенін ұмытып кетесің. Тəубеңе келесің. Аза тұтудың не екенін тек осында сезінесің. Жүрегің ауырады. Жан дүниең тебіренеді. Көзіңе жас келеді еріксіз.
Есіктен кіргенде Елбасының мына сөзі көзге түседі: «…Біз жастай солған жасампаз тұлғалардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз»
«Алжирде» 8 мың əйел болған. Этаппен келіп-кеткендер — 18 мың əйел. Жетпей жолда құрбан болғандары, саналмағандары қаншама?!
60-тан астам ұлттың əйелдері болған екен. 90-нан астам əйел қазақ. Көпшілігі орыс əйелдері. Күзетшілерден туған балалардың саны — 1507. Бұл Бүкіл Кеңес одағынан.
Түрмеде қорлық көрген олардың қазір тірісінің жасы 70-80 аралығында. Сол уақытта олар 18-25 жастағы әдемі келіншектер, алды жаны жайсаң парасатты аналар еді-ау. Сталиндік зобалаң олардың өмірлерін көктей солдырды, қайғы-қасірет сол мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке қалдырды-ау. Вагонның ішінде қақаған аязда жатады. Астарына қамыс орып салып, соны төсеніш қылады. Соны жағып жылынған болады. Өздері аш, суық күні жейтіндері күніне бір тілім қара нан, қақталған балық, су орнына мұз сорады… Сол әйелдердің мықтылығын, қайсарлығын мына сөздерден көруге болады: «Ақмоланың сұлулары атандық. Аязда жұмыс істеп, бетімізге қан жүгірді. Білеу темірді алғашқыда көтере алмадық, кейін үйрене келе ұршықша айналдырдық. Терлеп-тепшіп жол тазартамыз, жер қазамыз, сілеміз қатып келіп быламықты ішеміз. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамыз. Кімнің кім екені белгілі… Арамызда сұлу, сұңғыла қыз-келіншектер де бар еді, осындай әсем қыз-келіншектерге біздің жендет күзетшілеріміз сұқтана қарап, зорлап, сол жендеттерден мыңнан аса бала туды…»

Аналардың мұңы толы

Мың тағзым Сіздерге, қадірлі аналар!
…Киелі қазақ жерінен пана тапқан, діні бөлек, тілі басқа жұрттарды басқа түскен қайғы-қасірет ағайын етті. Олардың ұрпағы бүгінгі Қазақстанда өсіп-өнді, өркен жайды. Сондықтан, Елбасымыз атап өткендей, тақсіретті тарихымыздың тағзым мен тағылым күнінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ұмытпау біздің борышымыз болуы тиіс.
Қазір көзі тірі «Алжирлік» аналарымыздың жастары жетпіс-тоқсанның аралығында. Ендеше, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып «Алжирге» жиналған көзі тірі аналардың естеліктеріне назар аударайық («АЛЖИР» естеліктер*воспоминания» атты кітаптан да біраз деректер алдық):
Мәскеулік Оксана Козьмина:
— Өмірімнің сегіз жылын Қазақстанға беріп кеттім… Алғашында ерлер ұстайтын білеу темірлерді көтере алмадық. Бірте-бірте небір ауыр жұмыстарға көндігіп, терлеп-тепшіп жол тазарттық, жер қаздық. Сәл дамылдасаң, теріміз қатып, суық тигізіп аламыз деген қорқынышпен сілеміз қатқанша дамыл таппай жұмыс істедік. Кешке қарай қойыртпақ ботқамызды ішіп алып, «тәрбиешілеріміздің» бұйрығымен ұйқылы-ояу концерт дайындаймыз. Өзім «Москонцерттің» әншісі едім. Күйеуімді атып тастап, өзімді «халық жауының» әйелі деп түрмеге қамағаны, этаптан этап, түрмеден түрме, ең соңында «Алжирден» бір-ақ шықтық қой… Арнайы зектердің вагонымен біздерді — әйелдерді Мәскеуден, Киевтен, Ленинградтан, Одессадан, Бакуден, Тбилисиден, тағы басқа қалалардан «26-шы нүктеге» таси берді. Ішкеніміз — у, жегеніміз — желім болды. Қайғыдан қан жұттық… Сымбатты әйелдерге НКВД-ның жендеттері сұқтанып, дегеніне көндіре алмай, ең ауыр жұмыстарға жеккені, олардың тәлкегіне төзе алмай, өздеріне қол салғандары, ақыл-естерінен адасып, психикалық ауруға ұшырағандары да болды».
Ксения апай есінде қалған біраз тұтқындардың аттарын атап, олардың қилы тағдырларын қабырғасы қайыса отырып еске алды:
— Әйгілі балет бишісі Рахиль Михайловна Плисецкая, Галина Ковтюк, София Викентьевна Шпель, Екатерина Михошина, Галина Колдоносова, Елена Пятницкая, Зоя Попова, Клавдия Жунько, Татьяна Торина, Валентина думбадзе, Валентина Подвойская, Полина Нестерова, Екатерина Савельева, Фаина және Зоя Саркисовна Шахмурадова, Елена Татаева, Зинаида Татаева, Зинаида Дибенко, Тамара Васильева, Ксения Путинцева, Федосия Дубинина, Вера Лапина, Антонина Акимова, Мәскеу опереттасының дирижері Мария Иосифовна Лер, Нина Стрелкова, Мария Скоборинская…


Иә, бәрі өткінші, әрі өкінішті… Өртенген өзектің өрт шалған халін қос жанардан ағызған жасты бір сығып алған 1937 жылдың құрбаны, қатыгездікпен қаруланған Голощекин, баскесер Ежовтың, халықтың мұң-мұқтажын қорғаймын деп, олардың қырына ұшыраған Қазақ өлкелік партия комитетінің алғашқы хатшысы болған Сұлтанбек Қожановтың жесірі Күләндам апа Сталиндік репрессия құрбандарының бірі ретінде қабырғасы қайыса отырып біраз мағлұматтармен бөлісті.
— Түркістан өлкелік партия комитеті мен Қазақ обкомында хатшы болған, қазақ тілін жетік білетін Н.И.Ежов көзі жетер жері Семей губкомынан бастап, бүкіл басшы қызметтегілерді ұстарамен қырғандай тып-типыл жасады емес пе?! Әр үйдің бас егелерін түгелдей атып, ит жеккенге айдағанымен тұрмай, олардың әйелдеріне, кәмелеттік жасқа толған бала-шағаларына да қырғидай тигені тарихи шындық еді. Сұлтанбекті алып кеткен соң, екі айдан кейін мені де қамауға алды. Түрме қабырғасындағы көрген азаптарымызды еске алудың өзі қияметпен тең. Әсіресе есімнен кетпейтіні — ең кішісі емшекте, үйінде қалған бес баласын айтып еңіреп жылаған жап-жас өзбек әйелімен қосыла жылағанымыз, бір-бірімізді жұбатып басу айтып, барлық қиындықтарды теңдей бөліскеніміз. Тіпті, кейбір әйелдерді емшектегі балаларымен қамауға алды. Аштықтан шырылдап жылаған сәбидің даусын естіп тұру қандай қиын?.. Үш жастан асар-аспас сәбилерді аналарының қолынан шырылдатып балалар үйіне алып кетіп жатты. Ананың, баланың қандай жазығы бар еді?! Таңғы төрттен кешкі тоғыз-онға дейін ауыр жұмысқа әйелдер қарулы күзетпен апарылатын, шаршап құлағандарды резеңке таяқпен сұлатып салатын қанішерлер…
Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағының жетекшісі Қайсар Ташитовтың жесірі Сағадат апамыз күйеуі атылғаннан кейін қамауға алынып, 11 жыл түрмеде отырып шыққан…
— Мен түрмеде маршал Тухачевский, Егоров, Грамарниктің семьясымен, Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамалмен, Санжар Асфендияровтың әйелі Рабиғамен бірге отырдым. Бір күні ұшқыш Ирина Вишневскаяны әкеліп қамады. Бірақ соғыстың ең қиын кезеңінде Иринаны соғысқа алып кетті…
Балалық бал дәуреннің дәмін татпаған «халық жауларының балалары» деген атпен қоғамнан шеттеткен Қорған Мусин, Ильфа, Санжар Жандосовтар, Мира, Катаяма Қуатовтар, Болат Аюханов, Серік Тілеулин, Алма Темірбекова, Алдан Берденов тағы басқа толып жатқан жас өркендер ата-анасының аялы алақанын сезінбей өсті. Кезінде жылай-жылай көзімізде жас та қалмаған, балам, ол жылдар өте ұзаққа созылған жаман түс сияқты елестейді қазір…
Халқымыздың қара әріппен жазылатын тарихын тек шындықты жазу арқылы жазықсыз жапа шеккендердің аруағы алдында жүздерің ашық болмақ, еш нәрсені бұрмаламай, тек шындықты жазыңдар, — деп әңгімесін аяқтады.
Сталиннің тұсында шындық шынжырланды, ақиқат арқандалды. Жазықсыз халықтың қанына боялып, көз жасымен суарылған қазақ даласының қақ төрінде «Қарлаг», «Алжир» лагерьлерінің пайда болуы бекер емес. Көршісі «халық жауы» болып ұсталып кетсе, жан-жағындағылары ендігі кезек менікі шығар деп күдіктеніп, «шықпа, жаным, шықпа» деп отыратын заман болды…
Ел басқарған адамды қошеметтеп, тамақ беру — дәстүріміз. «Халық жауына» тамақ берген «танысы» деп, талай бейкүнә адамдар түрмеге қамалған заман болды… Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза емшектегі баласымен, шешесімен «Алжирде» бірге болды. Осыайша жазықсыз, еш кінәсі жоқ жандарды жанұясымен түрмеге қамаған заман болды…
Тіпті мал бағып жүргенде өлген бір бұзауға бола екі әйелді атып тастап, қалғандарына «енді бұзау өлетін болса, осылай жазаланасыңдар» деушілерді қалай жендет демейсің?!
Қиындыққа шыдамай өзіне қол салып, жынданып кеткендер қаншама?! Мирзоянның әйелі, Хадиша Мусина, Шолпан Юсупова деген апаларың лагерьден келгеннен кейін жынданып кетті. «26-шы нүктеде» адам өлімі жиі болып тұратын. Біреулері ауру-сырқаудан, екіншісі қайғы-қасіреттен, біраз әйелдерді бағып жүрген малды өлтіріп алдың деп, соттың үкімінсіз сол жерде атып, денелерін лагерьдің сыртына шығарып, неше күн жер қойнауына бермей, лагерьдегілерге үрей туғызу үйреншікті жағдай болған. Өлген адамдардың аяқ-қолына нөмір жазылған қалақша (жетон) байлап, табытқа салып, жерге көме салатын. Лагерьде адам өлімімен айналысатын арнайы бөлім болды…
Он жыл көргенімді бір күнде айтып бітіре алмаспын, ұлтымызға, ұлысымызға қарамай, бәрімізге ортақ бір жаман ат — «халық жауының әйелі» деген атпен Қазақстанда «26-шы нүкте», яғни «Алжирге» әкеліп қамап жатты ғой.
Менімен бірге Закавказье республикалары орталық атқару комитетінің хатшысы Алиадар Караевтың әйелі Хайдарханум, президиумның мүшесі Эфендиевтың әйелі, жазушы Ханафидің әйелі, революционер Әли Байшаровтың әйелдері болды. Біразының аттарын ұмытып қалдым. Баку түрмесінен он күн жүріп Қазақстанға келдік. Жол-жөнекей бізді су бермей, тұздалған балықпен тамақтандырып келді. «Алжир» он жыл өмірімді жұтты. Небір қиын жұмыстарды атқардық. Құрылыс жұмыстарынан бастап, қақаған қыстың суығында, жаздың ыстығында азап шектік. Небір қазақ зиялыларының әйелдері мал бағып, көң тасып, кірпіш құйып, ең ауыр да азапты жұмыстарға жегілді…
Осындай жауыздығымен елді қорқытып, атып, асып үрейлендірген Сталин — нағыз баскесер!
Өмірімнің ең қиын, ең қатал кезеңін бірге өткерген Ақмола лагеріндегі қазақ аналарға, жазықсыз жазаланғандарға мың-мың сәлем айт, балам! — деп, әзірбайжандық Сүлейменқызы Шүкірие апамыз бізбен таза қазақ тілінде қоштасты.
Ұлты неміс Гертруда Платайстың естелігі бойынша жазылған «Курт — драгоценный камень» атты өлеңінде лагерьдегі азапты жұмыс атқарып жүрген аналарға түрмеге жақын ауыл тұрғындарының жанашырлық әрекеттері жайлы баяндалған. Белуарынан саз кешіп, қар аралас егін даласында жұмыс істеп жүрген әйелдерге темір тордың арғы жағынан ауыл адамдары, әсіресе бала-шағалар қарап тұрады екен. Сондай күндердің бірінде үлкен-кішісі бар бір топ ауыл тұрғындары қабақтары түюлі, ызалы кейіпте аппақ тастармен жұмыс істеп жүрген әйелдерді атқылай бастайды. Онсыз да күннің суықтығынан аяғынан сыз өткен бейшара әйелдер жасқанып, тағдырына налып, жандары күйзеліске түседі. Әлсіреп, қардай жауған тастардан именген Гертруда ақ тастарға бетімен сүріне құлап түседі. Ақ тастан шыққан сүттің иісінен бойына қан жүгіріп, жалма-жан тастарды қалтасына салып, әйелдерге де ыммен тастарды қалдырмай жина деп белгі береді. Құлағына жендеттердің «қарашы, сендер сияқты сатқындарды балалар да жек көреді» деп қарқылдап рахаттана күлген дауыстары келеді. Лагерьдегі қазақ әйелдеріне бұл не тас деп көрсеткенде, олар оның сүттен жасалатынын, ұлттық тағам — құрт екенін түсіндірген. Осылайша жергілікті халық жазықсыз жапа шеккен аналарға қолынан келгенше қолдау көрсеткен…
Иә, «Алжир» туралы, ондағы аналарымыздың өксікті өмірлері жайлы көп жазылды. Мұражайға кіргенде ондағы сызды оқиғалар, ащы тағдырлар, сол зарлы заманның куәгерлері айтқан, шерткен әңгімелері осы мақаланың тууына әсер етті.

Түркияда 17 мың әйел мен 560 нәресте түрмеде неге отыр?

Ана, әйел ретінде, әсіресе қолыма қалам ұстап жүрген қасиетті журналистік мамандығында жүрген соң, барынша шындықты, ақиқатты жазуға тырысамын. Осы мақаланы жазу үстінде Түркиядағы әйелдердің де түрмелерде зорлық-зомбылық, жауыздық көріп жатқан деректеріне куә болдым. Бұл оқиғаны сонау Кеңес империясындағы болған қуғын-сүргінге ұқсаттым. Жалма-жан зерттей бастадым. Сіз де назар аударыңыз. Себебі бұл зорлық-зомбылық жайлы сіз де, біз де, бәріміз де білуіміз керек және қос қолымызды көтеріп қарсы тұруымыз қажет.

Түркияда 17 мың әйел мен 560 нәресте түрмелерінде:
SCF (Стокгольм бостандық орталығы)

SCF басып шығарған «Түркияда әйелдерді қамау: қудалау және қорқыту» атты баяндамасында, Түркиядағы мыңдаған әйелдер балаларымен мемлекет тарапынан зор-лық көрсетіліп, түрмеге жабылып жатқанын хабарлады.
«Түрік елінің жаңа туған нәрестені анасынан айырып, не жүкті әйелдерді түрмеге қамауы түрік қоғамында үрей туғызуда», — дейді SCF.
SCF-тың айтуынша, жүкті әйелдердің босанғаннан кейін балаларынан бөліп, өзіне келуге мұрша бермей қамауға алынуы бірнеше рет орын алған. Өкіметке қарсы пікірдегі азаматтарды жазалау үшін жасалған заң жүйесін жеке басының пайдасына қолданып, абақтыдағы күйеулерінің жағдайымен танысуға келген әйелдерді, қолындағы сәбилерінің көз жасына қарамастан, әкелері аздай, аналарын да түрмеге қамап тастады.
Бір жолы полиция тарапынан зорлық көрген әйелді есінен танып қалғанына қарамастан қайта түрмеге лақтырған. Басқа бір әйел журналист күйеуінің бостандықта жүргені үшін қамалған. Көптеген жағдайда әйелдер күйеулері Түркияның президенті Режеп Тайп Ердоғанға қарсы оппозицияға қолдау көрсеткені үшін түрмеге қамалумен қоса, мал-мүлкі тартып алынды.
Әйелдердің қудалануы, Ердоған мен мемлекет қаһа-рынан ешкімнің қауіпсіздікте емес екенін көрсетеді.
Бұлар мемлекеттік заңға және Түркия мүшесі болған халық-аралық ұйым-дардың ережелеріне қарама-қайшы», — дейді SCF президенті Абдуллах Бозкурт.
Сот қызметкерлерінен журналисіне, мұ-ғалімінен дәрігеріне дейінгі қамауға алулар Гүлен қозғалысының тараптарына қарсы мемлекеттік қуғын бағдарламасында ерекше орын алды.
Айтылған әйелдердің ешқайсысы бұрын-соңды айыпталып көрмеген, қазір мемлекет оларды «террорист» және «төңкеріске қатысы бар» деп қамауда ұстап отыр. Олар әлі сотталмады, тіпті айып та тағылған жоқ, бірақ сотқа дейінгі қамауда жатыр.
SCF тіркеген көптеген жайттарда әйелдердің физикалық және психологиялық денсаулығы қамауға алынғаннан кейін, тамақ, гигиеналық жабдықтардың жоқтығынан, пси-хологиялық айықтыру қызметтері көрсетілмегендіктен күрт нашарлаған. Әйелдердің себепсіз тұтқындалуы тек оларға ғана емес, балалары мен отбасыларына да кері әсерін тигізді.
SCF баяндамасында көрсетілген-дердің оларға мәлім болғандары ғана екендігін, көп жағдайда адамдар қуғынға ұшырау үрейінен көргендерін көпшілікке білдірмейтіндігін айтты.
Бізге жеткен оқиғалардың аздығына қарамастан, Түркиядағы жан түршік-тірер жағдайларды болжау үшін жеткілікті», — дейді SCF.
«Әйелдерге қарсы қудалауды бастаған Ердоған мен мемлекет қызметкерлері, Түркия балалары мен аналарына жойқын әсерін тигізгені үшін жауапқа тартылуы қажет», — деп қосты SCF.


SCF-тың толық баяндамасын осы жерден қарай аласыздар: http://stockholmcf.org/wp- content/uploads/2017/04/Jailing-women-in-Turkey.pdf.
Сонымен қатар, бір жылдың ішінде Түркияда адам құқығын аяққа таптаған бірнеше оқиға орын алды. Әлемде ең интеллектуал түрме Түркияда. Өткен жылдың 16 шілдесінде жүзеге аспаған «әскери төңкерістен» кейін 100 мыңнан астам адам жұмыстан қуылып, тең жартысы түрмеге тоғытылды. Олар: мұғалімдер, академиктер, дәрігерлер, журналистер, сот, жоғары сот мүшелері, полиция, прокурорлар. Солардың ішінде дене мүшелерінің 82 пайызы қимылдамайтын мүгедек әйелі, ауру баласы бола тұра, мүгедек күйеуін «әскери төңкеріке» қатысы бар деген желеумен түрмеге тоғытқан. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, дәретханаға бара алмайтын 80 жастан асқан қариялар да бар. Остеоклазию (сүйектің еруі), гемофилия секілді ауруға шалдыққан, қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар түрмеде. Зорлық-зомбылықтан өліп кеткендері де бар. Бір жылға жуық түрмеде отырғандар бүгінгі күнге дейін қандай қылмыс жасап, заң бұзғанын білмейді. Өмірге баласын енді ғана әкелген аналарды ертесі күні түрмеге қамау жиі орын алды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде «Өмірге нәресте әкелгеннің қолына кісен салады, ал өлгенді түрмеден босатады» хэштегімен қоғамдық резонанс туғызған. Сол кезде ғана билік шартты түрде жазалауға керек деп шешім шығарған. Түркия Ішкі істер министрлігі дәл қазір Түркия түрмелерінде 560 сәби аналарымен бірге түрмеде отырғанын мәлім етті. 1 жасында — 128 сәби, 2 жасында — 114, 3 жасында — 81, 4 жасында — 70, 5 жасында — 31 сәбидің түрмеде отырғаны, жас ерекшелігіне байланысты сәбилердің дәрігерге қаралуы, арнайы тексерістен өтуі керек емес пе. Алайда, түрмеде ондай мүмкіндік жоқ. 1 жасындағы баласын емізу үшін түрмеден үйіне 50 шақырымдық жолды күніне 2 рет жүретін ананың оқиғасы БАҚ-та жария болған-ды. Балаларының көзінше әке-шешелерін қолына кісеп салып, сорақысы үйдегі 3 және 5 жастағы балаларды жалғыз тастап кеткен.
Түйін:
Екі ел. Бірі — Кеңес одағындағы 1937-54 жылдар аралығы аналар көрген зобалаң. Екіншісі — туысқан Түркия мемлекетінде қазір болып жатқан зобалаң. Ұқсастық бар ма, бар. Екі жылға жетпейтін аз уақытта түрік әйелдерінің басынан кешкен зұлматтарын оқығанда сай-сүйегің сырқырайды. Неге бұлай? Мемлекет оларға мұншама зорлық-зомбылық көрсететіндей нәзік жандылардың кінәсі, жазығы не? Түркия мемлекетінің, басшылығының мұнысы қалай дегім келеді. Осы жағдайды біле тұра білмегенсіп, теріс айналуға менің дәтім жетпеді. Өйткені олар да мен сияқты ана ғой. Ана мен баланы айыруға кім құқық берді сіздерге? Ана үшін бұдан өткен қасірет жоқ қой әлемде. Бәрің де анадан тудыңдар. Аналарды жылатпайықшы. Әлемдегі жақсы қасиеттердің барлығы ананың ақ сүтінен дарымай ма? «Жұмақ аналардың табанының астында» деген сөздің мәніне үңілейікші бір сәт. Аналарды қадірлеуді Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренелік. Ананың ақ сүтінің киесі жаман болады. Аналарын қорлаған Кеңес өкіметінің тағдыры не болды? Сабақ алыңыздар содан! Балаларды, аналарды азаптаудың шегі бар ма? Обал-сауабы кімге? Бұл сұрақтарыма кім жауап берер екен?

(97)