Қазақ көшін түзеудің 5 мәселесі

Белгілі саясаткер Айдос Сарым («Жас Алаш») қазақ көшінің бес мәселесін алға тартты. Қысқаша түрде назарларыңызға ұсынайық.

1. 1992 жылдан бергі 4 құрылтайда айтылған міндеттемелер, уәделер, жоспарлар сараланып алынуы тиіс. Мемлекет тарапынан және диаспора жағынан өкілдер шығып, анық, ашық, шыншылдықпен құрылтайда жауап беруі тиіс.
2. Нақты санымыз қанша? Саяси экономикалық маңызы бар, болашақты бағдарлауға, көшті жоспарлауға ауадай қажетті ғылыми дерек керек. Сыртқы істер, Мәдениет, Ұлттық экономика министрліктері тиісті құзырлы органдармен бірлесіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, туындаған сауалдарға жауап беруі тиіс. Арнайы орталық ашу керек.
3. Қазақ көші мәселесінде көңіл, күй, реніш, қайғы миграциясына емес, стратегиялық бағдары, тетігі, жоспары бар миграцияға ұмтылуымыз қажет. Олай болса ертеңнен бастап қазақ тұрып жатқан елдердегі жай-күй, хал-аухалды сырттай зерттеп қана қоймай, сол елдерге барып, жұрт арасында сауалнама жүргізіп, қандастарымыздың тамырын басып отыруымыз міндет. Ол үшін мемлекеттік органдар арнайы қаражат қарастырып, еліміздегі гуманитарлық институттардың біріне осы мәселе басты бағыттардың бірі ретінде табыстауы қажет. Осының нәтижесінде жалпы қоғам: «Қай елден қанша қазақтың көшу ниеті бар?», «Олардың көшуіне не кедергі?» «Көшіп келушілерге қандай көмек керек?» «Көшіп келушілер елдегі көші-қон заңынан хабардар ма?», «Көшем деушілер қай облыстарға көшкісі келеді?» деген сияқты көптеген өзекті сұрақтарға бұлтартпас жауап алуы керек.
4. Шеттегі қазаққа саяси дипломатиялық жолдармен қолдау көрсету, экономикалық қарым-қатынас орнату, адами, ақпараттық, мәдени көмек беру — қазақ ұлттық мемлекетінің міндеті, борышы. Алда-жалда оларға қысым жасалып жатса, адами, этикалық құқықтары тапталып жатса, мемлекет және ұлт дәрежесінде қорғау.
Диаспора арасында тиісті зерттеулер жүргізіліп, қанша адамның көшуге ниет-ықтияры бар екенін білген соң, оларға оралушы ниет білдіруші куәлігін беру. Олардың арасында мемлекет заңдарын түсіндіру, елдегі жағдайды ұғындыру.
5. Келген ағайынды, қандасты «қытай», «өзбек», «монғол» дейміз, одан қалса «қашқын», «босқын», «надан», «білімі жоқ» деп кінә тағамыз. Бұл — рухани және адами пенделік. Адамшылыққа, қазақшылыққа жат нәрсе, жат мінез, жат қылық. Мұны шұғыл түрде тоқтату қажет.

(39)