mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Ғасырмен тілдескен суреткер

Ақын, әдебиет, театр сыншысы, дарынды драматург
Нұрлан Оразалиннің мерейтойы кеңінен аталып өтті

Бүгінде жетпістің желмаясына мінген Нұрлан Оразалин еңбек жолын 1970 жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, Республикалық қуыршақ театрының директоры, Қазақстан театр қайраткерлері одағының Бірінші құрылтайында Одақ Басқармасының бірінші хатшысы, Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарды. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі, Қазақстан Жазушылары одағы басқармасының Бірінші хатшысы, Парламент Сенатының депутаты қызметтерін атқарды.

Алғашқы өлеңдері «Жас керуен» (1969), «Көктем тынысы» (1975) ұжымдық жинақтарына енген. «Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», «Жүрекжарды», «Жасыл от» («Зеленый огонь» орыс тілінде), «Қоздағы шоқ» атты жыр жинақтары мен үш томдық таңдамалы жыр кітабы, 10 томдық шығармалар жинағы, «Азаттық айдыны» атты көркем публицистикалық-эссе толғаулар кітабы, «Қырғын» атты драмалық шығармалар жинағы жарық көрді. Қабырғалы қаламгерге айналған Нұрлан Оразалин шығармалары орыс, француз, қытай, түрік, украин, өзбек, қырғыз, тәжік, молдаван, татар тілдеріне аударылған.
Қазақ жырына олжа салған, өз үні, өз қолтаңбасы айқын Нұрлан Оразалиннің жарты ғасырдан асып жығылар қаламгерлік ғұмырбаянын қамтитын шығармалар жинағы ойшыл суреткердің жаратылысын танып, тұлға табиғатын ашуға мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоғам, заман, тұлғалар туралы жазылған дүниелер мазмұн тереңдігімен, салиқалы ойларымен ерекшеленеді.

«Нұрлан адам рухының жыршысы» деп бағалаған академик Серік Қирабаев «Нұрланның артықшылығы көргенін тізуде емес, адам рухының жыршысы болу, рухтың тазалығы, беріктігі сияқты ұғымдарды берік ұстану» деген екен. Рух — мәңгілік, Нұрлан Оразалин мәңгі өлмес поэзияның авторы болып қала бермек. Заманында қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова «Қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын» деп бағалаған екен. Адамның көңіл күйіннің көшірмесін өлеңмен дәл түсіруді мұрат тұтқан ақын кешегі Мұқағали, Төлеген, Жарасқандардың жалғасы. «Нұрланның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі толқыныстар ауыл-аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыстың шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі», — дейді Шыңғыс Айтматов. Түркі жазушысы Харун Тоқақ «Қазақтың басына қандай қара бұлт үйірілгенін, қандай азапқа душар болғанын қоздағы қып-қызыл шоқ сынды жанған жүрегіңізбен жалындаған өртке қарап аңғарып отырмын», — деп сипаттаған екен.
Ақын, Еңбек ері Олжас Сүлейменов: «Нұрлан шығармашылығы, менің ойымша, ұлттық поэтиканың ғажап дәстүрлерін Батыс пен Шығыс поэтикасының өресі биік өнегелерімен шебер үйлестіреді. Бұл оның шығармаларының көптеген әдебиет аудармасын көктей өтіп, әр сөздің астарындағы буырқанған образдардың жанартаудай оты аудармашының қарымта шабытын туғызады», — деп түйген.

Нұрлан Оразалин — адами болмысын, ақындығын саф қалпында сақтай білген ақын. Өлшенбес өрлікті көретін өр тұлға. «Шығармашылыққа деген адалдығынан адамзаттық рух сезілетін ақын» деп бағалайды әдебиет майталмандары. Оқырман жанына ой салады, көңілдегіні дөп басып, көкейдегіні тербейді. Қалың оқырман Нұрлан Оразалин шығармашылығынан ең алдымен адалдықты сезінеді. Өнерін саудаға салмаған шығармашылық иесі деп бағалады. Нұрлан Оразалиның «Науқандық жыр жазудан бойымды аулақ ұстаған ақынмын» деуінде үлкен мән жатыр. Қара өлеңнің қамытын жастана жүріп, драматургияға қалам тербеді. «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Аққұс туралы аңыз» («Бойтұмар»), «Қарымта», «Қилы заман», (М.Әуезов шығармасының ізімен жазылған), «Бастықтың бір күні», «Қарақазан ғасыр», «Көктемнің соңғы кеші» тәрізді драмалық шығармалары көп жылдар бойы Қазақстан театрларында табыспен жүріп, теле-радио спектакльдерінің арқауына айналды.
Ақын шығармалары орыс, қырғыз тілдеріне аударылды. «Шырақ жанған түні» шығармасының қазақ өміріне, өнеріне өзгеше сілкініс, жан тербетер динамика алып келгенін айтқан театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Шырақ жанған түн» мен үшін ұлт театрының сирек туындылары санатындағы дүние… Шынайы көркем дүние. Өрісі бөлек, өміршең дүние… Әлі күнге жаныма жақын, әсері есімнен кетпейтін пьеса», — деген екен.


Нұрлан Мырқасымұлының мерейтойы екі күнге жалғасты. Алғашқы күні зиялы қауым өкілдері мен шетелдік қонақтардың қатысуымен ақынның 6 кітабының тұсаукесері өтсе, екінші күні Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында ақынның шығармашылық кеші өтті. Әдебиет, мәдениет, білім, саясат саласының майталмандары мен поэзия сүйер ақын оқырмандары қатысты. Бұл жиынға Анкара мен Ресейден, Қырғызстан мен Татарстаннан, Әзірбайжан мен Қытай елінен қонақтар келген екен. Ақын мерейтойына қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты. Елбасының құттықтау хатын тапсырды. Елбасы Нұрлан Оразалин шығармашылығына, руханият саласына сіңірген еңбегін, Парламент депутаты болған уақытта ел тәуелсіздігінің нығаюына және қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуына қосқан лайықты үлесін айтты.

Сонымен бірге, Парламенттің қос палатасы, Сенат төрағасы Қасым Жомарт Тоқаевтың, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ыстық ықыласын жеткізуге Сенат депутаты Ақан Бижанов пен Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз алды. Астанадан келген арнайы өкілдер ҚР Премьер-министрі Б. Сағынтаевтың, Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіхалықованың, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары М. Тәжиннің, Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаевтың және Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің құттықтау хаттарын табыстады. Алматы қаласынан бастап, барлық облыстары әкімдерінің құттықтау хаттары да оқылды.

Ұлттық ғылым академиясының президенті М. Жұрынов Нұрлан Оразалинге «Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі» атағын берді.
Нұрлан ақынның 70 жылдық мерейтойында сексеннің сеңгіріне шыққан актер, Еңбек ері Асанәлі Әшімов: «Қазақта бір ырым бар. Көптен бері киіп келе жатқан бір қимас шапаным бар. Ескілеу. Інісі ағасыныкін киеді, — деп, залдағы оқырманды бір қарық қылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков те Нұрлан Мырқасымұлына сахна төрінде ыстық ықыластарын аяған жоқ.
Түркияның «Түркі әлемі және өнерпаздар қоры» 21 жыл бойы түркі дүниесінің мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген өнерпаздарға арнайы сыйлық беріп отырады. Комиссия бүкіл түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларға сыйлық тағайындайды. Америкадан бастап, Македонияға дейін, Балқан елдерінен бастап, Түркияның бірнеше қалаларында бірнеше әдеби, мәдени шаралар өткізген қор өкілдері арнайы Қазақстанға келген. Қордың басқарма өкілдері Түркияның ақын-жазушыларының шешімімен Қазақстаннан кітаптары түркі тіліне аударылған, поэзиясыменен Түркияға танылған Нұрлан Оразалинге тапсыруды жөн санаған. Селжуктардың алғашқы астанасы Ахлақта осы сыйлық Нұрлан Оразалинге тапсырылу керек болған екен, алайда Нұрлан ағаның қолы тимепті. Сыйлықтың символы — «Білге қағанның ескерткіші». Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген ұраны мен «Аспан төңкеріліп, жер жарылмаған жағдайда Түркі елін кім қирата алады?» деген Білге қағанның сөзі жазылыпты. Сонымен қатар, Нұрлан Оразалинге «Еуразия жазушылар қауымдастығы» мен Түркия жазушылар одағының арнайы сыйлықтары да тапсырылды. Ақынның «Жерік түндер» жыр жинағы түрік тіліне аударылған. Жуық күндері Анкараның төрінде Жамбыл атындағы көше ашылғаны қуана хабарлаған елшілік қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев Түркиядағы Қазақстанның елшісі Абзал Сапарбекұлының құттықтау хатын табыс етті.

Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Д. Қасейінов Н. Оразалинге ТҮРКСОЙ-дың алтын медалін табыстай отырып, өз сөзін «Нұрлан Оразалиннің тойы қазақтың тойы ғана емес, түркі тілдес халықтардың тойы» деп бастады. Бауырлас түркі халықтары әдеби байланыстарының дамуына туыс тілдерден көркем аудармалар жасау, белгілі тұлғаларды қазақ оқырманына танытуға атсалысқаны үшін алғыс айтып, бірнеше түркі халықтары тіліне аударылған Нұрлан Оразалин еңбектері қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл түркі жүртының рухани жәдігері деп атап өтті. Мерейтой күніне орай Түркияда ай сайын жарық көретін «Кардеш калемлер» журналы бір санын толықтай Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына арнаса, Ресейдің «Литературный газеты» басылымының бір саны ақын шығармашылығымен жарыққа шыққан екен.
«Қазақстан ZAMAN» газетінің ұжымы мыңдаған оқырмандары атынан Нұр-ағаңды мерейтойымен құттықтай отырып, зор шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейді.

(92)