mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ШІРКЕЙГЕ «ТАЛАНҒАН» ӨҢІРЛЕР КӨМЕККЕ ЗӘРУ

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі заң жобасы қаралды. Мәжілісмендер талқылау барысында көптеген өзекті мәселелерге назар аударды. Бәрінен бұрын, бюджеттің орындалуы мен қаржылық тексерулердің сапасына және жауапкершілікке баса көңіл бөлінді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «мәселе тексерудің жүргізілуінде емес, нәтижесінде» деп кесіп айтты. Кінәлілерді жауапкершілікке тартып, келтірілген шығын көлемінің орнын толтыруды қатаң талап етуге шақырды. Сонымен бірге төраға заң жобасын талқылау барысында: «Елбасымыз әрқашанда әр тиынды дұрыс пайдалану және оның экономикаға жұмыс істеу керегін айтып келеді. Осы жолда біз, бәріміз Үкімет те, Парламент те мемлекет қаржысын дұрыс жұмсау үшін бірлесіп, аянбай жұмыс жасауымыз керек», — деп мәлімдеді. Сондай-ақ, жалпы отырыста мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Жиын соңында депутаттар әдеттегідей үкіметке депутаттық сауалдар жолдады. Соның ішінен өзекті деп танылған депутаттық сауал иесі Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ержан Төлепұлы, бүгін Үкімет басшысына сауал жолдауыңызға не себеп болды?
— Анықтап айтайын, Үкімет басшысына депутаттық сауалды бірнеше мәжілісмен бірігіп жолдап отырмыз. Олар: Е. Бектұрғанов, Ж. Жарасов. Ш. Өтемісов және мен. Ондағы мақсат — көптің сөзі өтімді бола ма деген дәме. Біздің депутаттық сауал жолдауымызға себеп болып отырған — еліміздің өңірлерінен келіп отырған арыздар. Оның негізі — кейінгі бес жылдың ішінде Батыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ерекше өршіп тұрған шіркей мәселесі. Бұл құбылыстың мамыр-маусым айларында, ауыл шаруашылығы жұмыстары қызған кезде, іс барысына кедергі болып тұрғаны алаңдатуда.
— Сіздер сөз етіп отырған шіркейлерден қорғануға мемлекет жылда қаржыны аямай бөліп отыр ғой. Оның нәтижесі болмас па?
— Шынын айтайық, бүгінгі таңда елімізде су тасқыны және шегірткемен күресуге бөлінген қыруар қаржы мардымсыз жұмсалуда. Халқымыздың «Аузы сүтке күйген, суды үрлеп ішеді» деген мақалы әлі де сабақ болмай отыр. Жылда қайталанатын қауіптердің алдын алу нәтижелі жолға қойылмағаны байқалады. Керісінше, осы жағдайларды туындатуға қолайлы жағдай туғызып жатқандай.
— Шыбын-шіркейлерден келетін қауіп-қатерлер жайлы қандай да бір мәліметтер бар ма?
— Әрине, бар. Шіркейлер адамдар мен малдарды шаққан жерлері қызарып, уының әсерінен қатты ісініп, дене қызуы көтеріледі екен. Сонымен қатар, біз сөз еткен өңірлердегі аудандардың эпидемиологиялық ахуалына да теріс ықпал етуде. Олар тарихи деректерге сәйкес, туляремия, сібір жарасы, онхоцеркоз, тіпті оба сияқты аса қауіпті аурулар қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Шіркейлердің еліміздің басқа да өңірлерінде, Астана, Алматы қалаларында да кездесіп жатқанын ескеріп және аталмыш аурулардың адам денсаулығына аса қатерлі екенін айтып өткен жөн.
— Дәл қазіргі уақытта шіркей «шабуылынан» қиындық көріп жатқан қай өңірлер?
— Өте қатты зардап шегіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Шардара, Мақтарал ауданының тұрғындары.
— Депутаттық сауалда Үкімет басшысына қандай талап-тілектер айтылды? Қанша дегенмен қалың елді алаңдатқан мәселенің жүгі ауыр ғой…
— Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мырзадан туындап отырған жағдайдың өте күрделі екенін ескере отырып, аталған елді мекендерде тұратын халықтың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге, ауыл тұрғындарының қалыптасқан тіршілігі мен шаруашылықтарын тыңғылықты жүргізу мақсатында осы мәселелердің шешілуіне қатысты тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруін сұрадық. Аталған кемшіліктердің жылдан-жылға жалғасып келуіне байланысты, осы проблемаға қатысты басшы қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуді талап еттік. Сонымен қатар, орталық және жергілікті органдардың жауапты қызметкерлерінен және осы мәселемен айналысатын ғалымдардың қатысуымен жедел комиссия құрылып, аталған өңірлерге тез арада жіберіліп, тиісті шаралар қолданылса деген ойымызды жеткіздік.
— Сұхбатыңызға рақмет!

(31)