Дәріхана денсаулық сақтау басқармасына неге бағынбайды

Ақтөбедегі «Нұр Отан» партиясы ғимаратында 28.08.16 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиевтың қабылдауына дәрі-дәрмектің  қымбат бағасы туралы  сұрақтармен барған болатынбыз. Әрине, жазбаша жазылған арызды алып қалды. Ауызша айтылған уәждеріміз көңіл көгіне қонбағандай болып көрінді. Солай болды. Шамалы уақыттан соң сала құлаш бастықтың «түсініктеме хаты» қолға тиді. Ол кісі  дәрі-дәрмектің бағасын реттеуге денсаулық сақтау басқармасының құқығына кірмеген. Себебі қазіргі таңда барлық  дәріханалар меншік нысаны жекеменшік болғандықтан, олар өз қаражатына дәрілерді қоймадан мемлекеттік лицензия арқылы алып,  халыққа сатады.

2016 жылы сәуір айында Ақтөбе әкімдігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақтөбе дамыту Ақтөбе облысы қауымдастығының және қауымдастықтың құрамына кірмейтін субъектілердің дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасының өсуі жөніндегі ынтымақтас-тық туралы меморандум бекітілді. Осы меморандумдағы қосымшаға сәйкес халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал топтары жиі қолданатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 105 атауының бағасын белгілеу арқылы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бағаны ұстауда қамтамасыз ету мүмкіндігін қарайды. Сонымен қатар, жекеменшік дәріханалардың жетекшілерімен дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасының өсуін ұстау бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаментте келіссөздер жүргізу жиналысы өткізілді. (Басқармалық құқығына кірмейді деген пікірге өздері қарсы екен). Хатқа басқар-ма бастығының орынбасары М.А.Мамбетжанова қол қойған екен. Осы үшбу хаттың жазылып, қолға тигеніне де он ай уақыт өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. Әр дәріхана дәріні бірінен-бірі бағаны асыра сатады. Былайғы күнде балаға қамқорлық жасау керек дегенмен, оларға да дәрі мен дәрумен соңғы кезде тегін берілмейтін болды. Сөз бен іс қабыспай жатқанын осыдан-ақ байқай беріңіз. Үстіміздегі жылдың мамырында облыс басшысы Б.М.Сапарбаев Ресейге барып дәрінің құнын білсе, мәссаған, дәрінің құнын біздің дәріханалар бірнеше есе өсіріп сататыны белгілі болды. «Дәрінің бағасын бірнеше есе қымбат бағаға сатып, халқын тонағандар жауап берер ме екен, әлде артық алған пұлымызды қайтарар ма екен?» — дейді халық үміттеніп. Баладай аңқау, сенгіш халқым-ай, қай уақытқа дейін тоналар екенсің?
Парламентте сөз болып, ел басшы-сының назарын аударған дәрі-дәрмек бағасы әзірге удай.

Құралай Есқұлова

(10)