mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Мемлекетте ашықтық болса, халықтың да қызығушылығы артады

«Pro Gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халық:  

─  Мақсат, өзіңіз білесіз,  дамыған,  демократиялық мемлекеттерде халық   екі  факторға жіті  назар аударады: «Менің салығым», «Менің дауысым».   Мемлекетті құрушы, аяққа тік тұрғызатын екі фактор осы екеуі сияқты.  Салықтың есебі, бюджеттің ашықтығы,  я да белгілі партияның, президенттің билік басына келуі үшін  дауысы беру арқылы өзінің болашағын, өмірін қамтамасыз еткені. Жақында сіз бен  біздің мәселемізді Парламент төрінде майшаммен қарайтын Сенат депуттарының сайлауы өтеді. Сайлау да «Журналистер күні» мерекесінде өтеді екен.  Алайда, бұл мәселеге қоғам бас ауыртқысы келмейтін секілді.  «Рухани жаңғыру»,»сананың жаңыруы» деп жатамыз. Біз қашан  салығы мен сайлауын көзінің қарашығындай қорғайтын  қоғам қалыптастырамыз?

─ Сұрағыңыз өте өзекті деп айтуға болады. Шынтуайтында, азаматтық қоғам құру процесі ғой. Барлығымыздың мақсатымыз, мұратымыз осы бағытта деп айтқым келеді. Мұндай қоғам құру ─ арманымыз. Сайлау, сайлауға бару, қатысты сияқты мәселелер саяси тақырып, дегенмен де оның өзектілігін ешкім жоққа шығармас. Халық барлығын біліп отырса да, сайлауға барғысы келмейді. «Өздері шешіп алсын!» дегенге келтіреді. «Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады»  деген сөзді жаттап алған.  Дұрыс экономиканы құру үшін дұрыс саясат керек. Бөліп жаруға келмейді. Салық мәселесі жайлы айтатын болсақ, Қазақстана заматтарының дені жоғары білімді болып табылғанмен, қаржылық-экономикалық сауаттылығы төмендеу екені байқалады. Біз салықты қиналып төлейміз.  Ал оның мемлекет бюджетінің негізгі құраушы бөлігі екенін ұғына бермейміз. Бюджеттің трансферттік шығындары арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартуға, ана мен балаға, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына әлеуметтік төлемдерді уақытысында беруге, тіпті әскерді қамтамасыз етуге жұмсалатынын ойлай бермейміз. Әлбетте салыққа қатысты өзгертулер болу керек деп ойлаймын. Қытай мемлекетінде қосымша құн салығында мынадай бір жүйе қолданалады. Сауда саттық жасаған кезде, сізге қосымша құн салығының бес пайызы қайтарылады. Сенің міндетің шекті суретке түсіріп жіберу немесе тиісті жеріне жеткізу. Бұл ақпаратты Қытай мемлекетіне жиі барып іскерлік қызмет жүргізіп жүрген Алибаба компаниясының иесі Джек Маның досы, кәсіпкер Сырымбек Тау мырза айтып отыр.Демек, сен әрбір алған затыңнан қайтарым ала аласың. Бұл мемлекеттегі тазалықты күшейтеді. Ақша айналымының айқындығын күшейтеді. Тиімсіз (бос) ақшаның қысқаруына әсер тигізеді. Осы процесті бізде де қолданса. Бес пайыз өзімізге қайтады десе, ертең барлығымыз шек сұраймыз. Бізде кәсіпкерлерді, бизнесті мемлекет тарапынан тексеру кейде  шектен шығып жатады. Кәсіпкерлер тапқан табысының көп мөлшерін мемлекетке беріп қоймас үшін, түрлі құйтұрқы әрекеттерге барады. Жемқорлық осыдан басталады. Грузия мемлекетінің бүгінгі тәжірибесінен көруге болады. Оларда салық комитетімен қолма-қол есептесу байланысы үзілген. Оларда өтемақы электронды түрде жүзеге асырылады. Тазалыққа бастайтын бір жол. Соңғы уақыттарда Қазақстанда  прокуротурадағы  өзгерістерді байқауға болады. Бағдат Мусиннің бастамалары, модернизация жүргізіп жатқаны қуантады, көңілімнен шығады. Бүгінге дейін ашықтық бізде болмай келді. Ұлттық қордың реттелуі, сыртқа қарыздың қанша екені, қандай мемлекеттерге қарыз екеніміз көп ретте жарияланбай келді. Соңғы девальвациядан кейін Ұлттық банкте өзгерістер байқалады. Ашықтыққа бет бұрып келе жатыр. Бұрын интервенцияға (банктің өктемділік саясаты, теңгені күшейту) байланысты мәліметтер қойылмайтын.  Девальвациядан кейін қазір айма-айжариялап отыр. Мемлекетте ашықтық болса, халық қаржының қайда кетіп жатқанын біліп отырса, қызығушылығы артады. Соған лайықты адамды таңдауға да ат салысады деп ойлаймын.

Елбасы өзінің жолдауында «Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек» деген екен. Геологиялық зерттеулер экономика тұрғысынан қаншалықты маңызға ие? Бүгінде дейін мұнай өндіріп келген Қазақстанның экономикасы белгілі. Экономиканы әртараптандырудың жолдары қандай?

─ Геология ─өзекті тақырып. Біз көп жағдайда диверсификация, экономиканы әртараптандыру, үдемелі индустриалды бағдарламалардыжүзеге асыруымыз керек деп көп айтамыз. Ақырындап шикізаттық сектордан өтіп, нақтысекторды, өндірісті дамытуға бет алып келе жатыр. Толықтай өндіріске өтіп, шикізат байлығымызды қойып қою керек деген түсініктен ада болуымыз керек. Көбіне экономистер Голландияны мысалға келтіріп жатады. Шикізатқа сенді, экономикасы төмендеді. Өндірісті қалай қолға алды, солай дамыды деген сияқты. Ол да дұрыс, бірақ біз жеріміздегі бар байлықты пайдаланбасақ, ақымақтық болар еді. Осы жерде жұрттың жаттап алған бір сөзін айтқым келеді: «Менделеев таблицасының барлығы бар». Соның ішінде вольфрамның әлемдік қорының 50 пайызы  бізде бар.  Уранның 25 пайызы Қазақстанда.Хромның 23,  қорғасынның 19 пайызы, темір, түрлі түсті металдың барлығы бізде бар. Өкініштісі, көп жер әлі қазылмаған, зерттелмеген. Бүгінде мұнаймыздан көріп отырған пайдамыз кезінде академик Қаныш Сәтпаев жүргізген зерттеулердің, геологиялық институттардың жемісі деп ойлаймын.  Олар бәлкім жердің 50 пайызын зерттеген шығар. Мемлекет нақты стратегия қабылдау керек, инвесторлардың қолына бермеуі керек. Кезінде мұнайды беруге тура келді, өйткені бізде оны өндейтін тиісті инфрақұрылымдар мен технология болған жоқ. Шетелдік компанияларға зәру болдық, соңында көп пайызын  сендер алыңдар дегенге келдік. Бүгінде мұнайдың 22 пайызы ғана Қазақстанның меншігінде. 78 пайыз шетелдік компаниялардың меншігінде.  Сондықтан  жаңа  кен орындары табылған жағдайда, негізгі акционері, қожайыны мемлекет болу керек. Бізді мұнайлы араб мемлекеттерімен салыстырып жатады ғой, біз неге солар секілді өмір сүрмейміз деп. Басты себебі осы деп ойлаймын.

    ─  Көшпенді халықтың ұрпағымыз, мал шаруашылығы,  ауыл шаруашылығы қолымыздан келеді. Ауыл шаруашылығын  әртараптандыру үшін не істеу қажет? 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейту үшін не істеу керек? Ол мүмкін бе?

─ Қазақстанның айқын бейнесі, экономикалық дамуының негізі ауыл шаруашылығымен байланысты болуы керек. Индустриялды бағдарламалар екі рет қабылданды. Біріншісі 2003─2015 жылдарға арналған бағдарлама болатын. Бұл бағдарлама жемісін бермей жатқаннан кейін 2010 жылы  2010─2020 арналған үдемелі индустриалды даму  бағдарламасын   қабылдады. Біріншісінде ауыл шаруашылығы туралы өте аз сөз айтылған болатын. Кейінірек 2010 жылдарда  біраз ғалымның басы қосылып «қолымыздан не келеді, соны ойланайықшы» дегенге келді. Біріншісінде IT-технология, нано технология, ғарыш технологиясына база назар аударылған болатын. Расымен де, біз телефон шығарып, Apple компаниямен бәсекелес бола алмаймыз. Дүниежүзінде экономикалық белсенді халықтың 46%-ы осы салада еңбек етеді екен. Экономикасы дамыған елдер тəжірибесі аграрлық өндірісті жандандырмай елдің азық түлік қауіпсіздігі мəселесін шешу жəне дамыған нарықтық қатынастарды қалыптастыру мүмкін еместігін дəлелдеп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласы қазір өте өзекті. Дегенмен біз 90-жылдардағы деңгейге әлі жете аламай отырмыз. Ауыл шаруашылығы 90-жылдары ЖІӨ-ң 33 пайызын құрайтын, қазір осы салаға қатты көңіл бөлінгеніне қарамастан 7 пайызды ғана құрап отыр. Ауыл шаруашылығы дегеніміз қазіргі ауылымыздың бейнесі ғой, ауылымызға қарап-ақ осы саланың бүгінгі жағдайына баға беруге болады. Қытай нарығы қазір қатты өсіп келе жатыр. Қытай бұрын өзін-өзі қамтамасыз ететін. Соямен ғана күн көретін. Жағдайы жақсарғаннан кейін олардың таза экоөнімдерге, биопродукт деп айтамыз,  сұраныстары арта бастады. Қытай қазір импортқа зәру болып отыр. Қытай секілді үлкен нарық тұрғанда, еш алаңсыз өзіміздің нарықты солай бұру керек. Алайда бұл жерде бір қиындық туындап отыр, үлкен нарықтардың сұраныстары да үлкен көлемде, оны біздегі шаруа қожалықтары қамтамасыз етуге өндірістік мүмкіндіктері жетпейді. Сондықтан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының көтеріп отырған кіші шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру идеясы өте дұрыс, сол кезде біз ауыл шаруашылық өнімдерін үлкен көлемде экспорттайтын боламыз. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту аграрлық саясаттың аса маңызды  бағыты болып отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі міндеті – елімізді азық – түлікпен, ал өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ету. 2013 жылдан бастап Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «Агробизнес 2020»  бағдарламасы жасалып, аграрлық сала дамуының әлемдік деңгейлеріне жету және индустриялы агроөндірісті қалыптастыру жолында бағдарлама жүзеге асырылуда.

Алматы ─  донор қала

Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет екені айталған екен.  Әсем Алматымыздың экономикалық әлеуеті қандай? Әлемдегі мегаполистермен салыстыра аламыз ба? Бизнес-климат деп жатамыз.

─ Алматы қаласында туғандықтан, Алматының  дамуын, өркендеуін бақылап отыру мен үшін үлкен бақыт. Алматы қаласының Қазақстан экономикасына тигізер үлесі өте жоғары.  Донор қала. Мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың 31 пайызы Алматы қаласынан түседі. Жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын Алматы құрап отыр. Қаржы тұрғысынан әлемдік рейтингілерді қарап отырсақ, бұрынғы ТМД елдерінің ішінде Алматы бірінші қала. Инновациялық даму жөнінен Астана қалып қояды. Бұл қала шикізаттық қала емес, эконномикасы әртараптандырылған қала. Негізгісі сауда мен қызмет көрсету саласы. 86 пайызын құрап отыр. Шағын және орта кәсіптің қайнап тұрған жері Алматы деп айтсақ болады. Дүниежүзік банктің Doing Business деп аталатын рейтингісі бар. Сол рейтинг бойынша Қазақстан 35-орынға көтеріліп отыр. Оның бірден бір көрсеткіштерінің барлығы Алматы қаласы бойынша есептеліп отыр. Кәсіп ашқыңыз келген жағдайда, құжаттарыңыздың жылдам реттелуі, кәсібіңізді несиелендіру үшін «Даму» секілді қорлардың болуы үлкен әсер етіп отыр. Әлбетте, әлем бойынша кереметпіз деп айтуға аулақпын. Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражаттар, мем. субсидиялардың 80 пайызын ірі компаниялар алады. Шағын шаруа қожалықтар қараусыз қалып жатыр. Осы жерде мем.субсидиялар шағын шаруа қожалықтарына жете алатындай жағдай жасаса. Елбасы соңғы жолдауында 16 млн қаражатты қалалық тұрғын да, ауылдық тұрғында ала алатын болу керек деп айтты. Осыны тиімді жеткізудің тетіктері ойластырылса. «Даму» қорында мынадай олқылық бар. Мысалға, несие алатын кезде сіздің кепілге қоятын мүлкіңіз Алматы қаласы төңірегінен 50 шақырым жерден аспауы керек.

─  Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайтындығы айтылады. Өзіңіз білім саласында, халықаралық ЖООда еңбек етесіз. Бәсекеге қабілетті болу үшін бізге қандай білім қажет? Қай тілде білім қажет?

─  Бүгінде экономикамыздың кешеуілдеп дамуының бірден-бір себебі ғылымға аз көңіл бөліп отырғандығымыз деп ойлаймын.  Оған цифрлардың өзі куә. Ғылымға жалпы ішкі өнімнен 0,16 пайыз бөлінеді. Дамыған мемлекеттер, соның ішінде Жапония, Батыс елдері 3-4 пайыз бөледі. Оларда жалпы ішкі өнімнің көлемі де жоғары. Әрине, оларда ізденіс, ғылым, инновация болады. Егер біз экономикамыздың жарқын моделін құрамыз десек, сөзсіз біз ғылым мен білімге қаржы құюымыз керек. Кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі кезде әлем бойынша ғылым тілі ағылшын тілі болып отыр. Ғылыми жаңалықтардың барлығы ағылшын тілінде ашылады. Мейлі ол Қытай елі болсын, Үндістан болсын, Африка елі болсын. Ғылымды ағылшын тілінде меңгеріп жатыр. Орыс тіліндегі ақпараттардың өзі ағылшын тілінен аударылып болғанша 2-3 жыл өтеді. Ал оны қазақ тіліне аударғанда тағы 2-3 жыл кетеді. Түпнұсқадан 5-6 жылға кешігіп білім беріп жатқан жайымыз бар. ЖОО бітірген студенттердің өз мамандығымен жұмыс істемеуінің бір себебі осы деп ойлаймын. Тіл білгендік артық етпес.

─ Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

 

(110)