«Тай-құнандар» көсіле шапты, бірақ…

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Астана көктемі» онкүндігінің аясында Студенттердің республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын ең таңдаулы жас айтыскерлер қатысты. Өнер додасына «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман (төраға), белгілі айтыс ақындары Аманжол Әлтай, Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Қалқаман Сарин, кәсіпкер Оралбек Ботбай қазылық етті. Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті (директоры — Әлібек Мәдібеков, бөлім бастықтары — Рүстем Әлқожа, Жамбыл Тілепов) ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.


Айтысқа «Қазақ радиосы» (Бас директоры — Мәди Манатбек) демеушілік жасады, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Жаңалықтар» қызметі (директоры — Ерлан Атамбай), «Бақ.кз» ақпараттық порталы, (жауапты редакторы — Ұларбек Дәлей), «Асыл арна» телеарнасы (Бас директоры — Мұxамеджан Тазабек), «Айтыскер.орг» порталы (редакторы — Шұғайып Сезімxан), ЕҰУ-дың «Еуразия-ақпарат» орталығы (директоры — Кенже Жұмағұлов) ақпараттық қолдау көрсетті.

Алғашқы жұп:
Астанадағы Қазақ гуманитарлық Заң университетінің магистранты Данияр Алдабергенов пен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Сұлужан Таубалды.
Данияр:
Аспандағы айдан да ажарлы ғып,
Сені анаң толғатып тапқан қандай?
Жақында сұлу қызға сырға салды,
Ағайын қол соғып қой, шаттанғандай.
Сырға салғанына екі жыл болыпты,
Пайызы өсе ме деп күтіп жүр ме,
Ақшаны депозитке салып қойғандай, — деп, көрерменді бірден елең еткізді.
Қытайдан келген Сұлужан:
Қазақстанға барамын деген кезде
Жігітім сырға салды жетелі боп.
Ол бәлкім қорыққан шығар Шымкенттің
Жігіттері алып қашып кетеді деп, — деп, әдемі әзілмен жауап берді. «Жігітің шалғайда, қызғанбай ма?» деген сауалына да:
«Жігітім орынсыз қызғанбайды,
Тектілік тұнып тұрған тал бойында», — деп, жақсы өрбіп келе жатқан сөз қағыстыруды Сұлужан Ақтөбеде болған қызыл суға бұрып жіберді. «Өзің Ақтөбеденсің, сен елге неге көмектеспейсің?» дегенге, Данияр Ақтөбеге барып келгенін:
«Әуелі дабыл қаққан елді көрдім,
Су басқан үйлерінен жырақ жүрген.
Кішкентай Махаббаттай қызды көрдім,
Оқулығым қайда деп жылап жүрген.
Ақтөбе — менің мәңгі махаббатым,
Осылардың бәріне шыдап жүрген», — деп жауап берді.

Екінші жұп: Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Дәурен Ысқақ пен Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрқанат Қайрат.
Нұрқанат: «Оңтүстікті сүйемін, Солтүстікті сүйемін, Алаламас ешкімді, Қазақ елі сүйегім» деп бастағаны сол екен, зал іші дүр ете қалды. Бәлкім, көрерменнің көпшілігі ЕҰУ-дің студенттері болғандықтан шығар. Нұрқанат қарсыласын «Айтысты да оқиды ма бұл заманда» деп сөзімен түйреп өткен.
Сол-ақ екен Дәурен:
Мырзатай Жолдасбеков осы ордадан
Айтыстың мамандығын ашып берген.
Дәулеткерей, Аманжол, Балғынбекке
Айтыстан дәріс бер деп кәсіп берген.
Он жылдан соң сол мамандық жабылса да,
Айтыстың осы жерде көші қалған.
Айналайын ректорымыз сол айтыстың
Мамандығын «Шабытқа» қосып алған.
Сіздерден тартылған сол дария,
Біздерден жалғас тапса, несі жаман?» — деп толғай келіп, «Ұстазың Серікзат елдің қамын жеп өсіп ед, Құдай-ау, бұл шәкірті не жеп өскен?» — деп төтесінен қойып қалды. Намыстанып кетті ме, Нұрқанат:
Не жеп өстің дегенше,
Кімдерден тәлім алып өстің десейші…
Сейіт, Серік ағалар — қара нарлар,
Әдебиет ұйқыларын ұрлаған ғой.
Алаштың алдаспанын дәріптеуден
Тұрсын Жұртбай ағамыз тынбаған ғой.
Есебінен ешкімге есе бермес
Мұхтарбай Өтелбаев бір данам ғой.
Қаржаубай, Қойшығара ағалар бар,
Тарихым деп тер төккен құлжалар ғой.
Ұлтымның ұлылығын сақтап тұрған
Бастықтар, басқа да емес, тұлғалар ғой, — деп, қарсыласынан басым түсті.
Үшінші жұп:
Қазақ ұлттық өнер университеті студенті Мұхамеджан Мансұр мен Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрмұхамед Байсүгіров.
Мұхамеджан қарсыласына «Жасың 23-тен ассаң да бойдақ жүрсің?» деп дүрсе қоя берді.
Нұрмұхамед:
Кенедей жабысатын сұлулар көп,
Зередей зерделісін таппай жүрмін.
Көзі ашық, көкірегі ояу жігіт едім,
Көкірегі ашық, көзі бояу қыздарға қарамаймын, — деп, бүгінгі қыздардың кемшілігін теріп кетті. Бұған Мұхамеджан орынды соққы берді.
Қыздарды барлығына кінәлайтын,
Ағатай, түсінбедім мүлде сені.
Ашық-шашық киінеді, оныңыз рас,
Қоғамының осы шығар бір кеселі.
Ол жайға еркектер де кінәлі ғой,
Ұяттың ағытылса ілгешегі.
Азаматтар ірілік танытпаса,
Азғындықтың болмайды мүлде шегі.
Ағасы қорған болса қарындасқа,
Жат елдің жетегінде жүрмес еді.
Еркегі мықты болған елдің ғана
Ерке қызы бақытты күн кешеді», — деп тауып айтып, қоғамдағы кейбір ерлердің де ез қылығын бетке басты.
Төртінші жұп:
Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аруна Керімбек пен Еуразия ұлт-тық университетінің магистранты, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Мейірбек Сұлтанхан.
Езуімізге күлкі үйіртіп, көрерменін бір желпінтіп тастаған осы жұптың айтысы болды.
Аруна жұртпен ұзақ амандасып отырмады, әңгімені төтесінен қойды. Қарсыласына жымиып қарап алды да:
Қызылордалық адамдар, білесіздер,
Бірден елдің есінде сақталады.
Жетпіс градус ыстық пен жел қосылса,
Капченный балық құсап қақталады.
Күн батқанда оларды таба алмайсың,
Үн қатқанда білесің ақ-қараны.
Ал мынауың қайдан шыққан аппақ жігіт,
Білмеймін күннен қалай сақтанады? — деп әдемі әзілмен бастады.
Мейірбек:
Қызылордада тұратын адамдарды,
Сыртынан мінеп отыр, сынап отыр.
Шабытыңа барғаннан соң,
Алдыңда Алмас дейтін жырау отыр.
Ол саған сабақ береді, профессор,
Алдыңда сені күтіп сынақ отыр,
Біздің жақтың жазына тиісемін деп,
Қып-қызыл дипломынан құлап отыр, — деп сыпайы әзілмен жауап берді. Іле-шала:
Ауылдан қап-қара боп келіп едім,
ЕҰУ бізді ерекше еткен шығар.
Санамыз ағарғанның арқасында
Ағарып түріміз де кеткен шығар, — дейді. Қандай тапқыр жауап!
Мейірбек Арунаны сөзімен аялай отырып айтысты. Ақын қыздың айтыста бірінші орын алған жетістігін айта келіп:
Елімде ерке қыз боп шаттанарсың,
Тілегім: тіл-көзден сақтанғайсың.
Ағалық ізетіммен жолды бердім,
Еншілеп бір бәйгені аттанғайсың,
ЕҰУ-дің шапалағы қуат беріп,
«Шабытқа» шабыттанып аттанғайсың!» — деп, ізгі ниетін жеткізді.
Екеуі тең түсті. Ең сәтті айтыс болды.
Бесінші жұп:
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Әлихан Жақсылық пен Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің студенті Бекжан Ержігіт.
Бұл айтыс та тартысты өтті. Жас айтыскер ақындардың қатары екі мықты ақынмен толықты деп сеніммен айта аламын.
Астананың құрдасы едім деп сөз бастаған Әлихан:
«Сізді алғаш көргенде ойлап едім,
Тепсе темір үзетін жан екен деп.
Сөйтсем сіз жүр екенсіз
Үзілген темірлерді дәнекерлеп», — деп, ағасын сөзбен шымшып алды.
Бекжан:
Металлург болғанымен, оқымап па еді,
Елбасы бізге болар нағыз үлгі.
Ел ертеңі білімді жастарда ғой,
Ойлайтын елге керек тағылымды.
Сен болсаң сварщик екенсің деп,
Айтасың ағаңа арызыңды.
Желігіп тағы да жел сөз айтпа,
Сваркілеп тастаймын аузыңды!» — деп, жұртты ду күлдірді. Сосын «Жұлқына берме, бауырым, Жұлқына берсең домбыраның қос шегін жұларсың» деп доңайбат көрсетті.
Әлихан:
Қамшы берсе қолына,
Әлихан ұрмас ағасын.
Тектінің ұрпағы емес пе ең,
Бәйгеге қосқан дарасың.
Қыран деп жүрсем мен сені,
Қияны шалмай, бауырым,
Есіңнен неге танасың?
Жер бауырлаған жыландай,
Неге тіліңмен шағасың?
Жетемін деген баланың
Алдында асу қыр тұрар,
Асамын деп ұл тұрар,
Рухы биік халықтың,
Рухы биік баласы,
Бұлқынар әрі жұлқынар!
Көсілуге құқы бар.
Сүбелі мынау сөзімнің
Уыз исі бұрқырар.
Тұлпар болар жылқылар
Кермесінде бұлқынар!» — деп, жігерлі жырмен өрелі ойын жеткізді.
«Қой асығы деме, қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші деме, ақылы асса аға ғой» деген сөз Әлиханға қаратып айтылғандай. Әлиханның қара сөздің қаймағын қалқып ішкен бала екені әр сөз құрауынан көрініп тұр.
Жыраулардың жырын жаттап өскен, сүлейлерден қалған сарқыт Бекжан да осал емес. Елдің айызын қандырған айтыс болды.
Алтыншы жұп:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, айтыс жеңімпазы Саягүл Бірлесбек пен Еуразия ұлттық университетінің магистранты Мұхтар Ниязов.
Бұл айтыс көрерменнің көңілінен шықпады. Ә дегеннен екеуінің «жұлдызы» жараспады. Сөз бастаған Саягүл ұзақ толғады. «Менің Мұхтардай дәрежем жоқ, Мұхтардың қорқытады даңқы бізді» деп сызылып отырған Саягүл сәлден соң «Арамызда бұқа құсап отырсыз ғой. Бұзаулардың ортасын бұзып кірген» деп қойып қалсын.
Бұра сөйлеген күлуге жақсы. Мұхтар «Бұқа менен бұзауды бірге жайған, Бар бәле Серікзаттай бақташыда» деп елді күлкіге қарқ қылып алды да, Саягүлге «Бұл маған осы арада шал деп қояды, Ал өзіне қараңдар түрі кемпірдей», «Шаққан жерің шыдатпайды, байқап тұрмын, Сен өзің бұзау емес, бұзаубас сияқтысың» деген сөздерді түйдегімен тастады. «Жеңістің жеңілмейтін алып ұлымын» деп өзін дәріптеп отырған Мұхтар Ниязовтың қыз балаға лайықты қиюластырып сөз таба алмағаны бізді қынжылтты. «Кемпірге ұқсаттың ба, түрімді ептеп, Тұрғанын көрмедің-ау гүлім көктеп», «Уақтың уылжыған жас қызы едім» деп Саягүл ренішін жасыра алмағанда, біздің де жүрегіміз бүлк ете қалған. Көкейге «Алтын домбыра» иегерінің аузынан он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткенге сөз асылы табыла қоймағанын қарашы деген ой келген. Екінші кезекте де Мұхтар «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа, Мынада екеуі де шолақ екен» деп Саягүлді тағы да тұқыртып тастады. «Сындырсаң сындыр өзімді, Сындыра көрме сағымды» деп Саягүл айтыс басында текке шырылдамаған екен.
Айтыстың басты кемшілігі — ақындардың ұзақ толғап кетуі. Айтысты бастаған жұптың өлеңінің кіріспе сөзінің көбік болып кетуі де көрерменді жалықтырып жібереді. Айтыста қыздардың қарсылас жігіттерінің иегіндегі сақал-мұрты мен білегіндегі жүнін тілге тиек еткені айтар тақырып таппағанынан ба, әлде мәдениетінің төмендігі ме?
Тілі шұрайлы, тапқыр теңеулер де жоқ емес. Әлиханның «Сүбелі мынау сөзімнің уыз исі бұрқырар. Тұлпар болар жылқылар кермесінде бұлқынар» дегені, Сұлуханның «Айтылған әр сөзіңнің дәмі болсын, піскен қымыз секілді сабаменен», Нұрқанаттың «Бүгінгі ұлылардың ұнтақтары», Саягүлдің «Астана, алшы түсір асығымды», Мұхтардың «Арасында дұрыс қой күлген Күндей» деген жолдары жаныңды жадыратады.

Бірақ, бірақ, бірақ…

«Тай-құнандарға» өзара мәдениет жетіспей жатты, тәжірибе аз. Еркін көсілмейді. Ұйқас ақсап тұр. Өмірді көп білмейді. Таптаурындық бар. Жан-жақтылық жоқ. Көш жүре түзелер. Жас ақындарға сәт сапар тілейміз!
Студент-жастар айтысы жаңа есімдердің жарыққа шығуына, жас айтыскер ақындардың шабытын қамшылап, ширауына үлкен жол ашты.
Айтыстың қорытындысы:
Бас жүлде:
Әлиxан Жақсылық (Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенті, Ақтөбе қаласы) — 100 мың теңге ақшалай сыйлық, диплом және арнайы кубок. (Жүлдені тағайындаған — Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Студенттер мен магистранттардың «Сенім» кәсіподағы. Төрағасы — Әлібек Мәдібеков).
Бірінші орын:
Нұрқанат Қайрат (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті) — 70 мың теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлдені тағайындаған — кәсіпкер, меценат Оралбек Ботбай).
Екінші орын (екеу):
Бекжан Ержігіт («Болашақ» университетінің студенті, Қызылорда) — 50 мың теңге, диплом.
Данияр Алдабергенов (Қазақ гуманитарлық заң университетінің магистранты, Астана) — 50 мың теңге, диплом. (Жүлделерді тағайындаған — кәсіпкер Оралбек Ботбай).
Үшінші орын (екеу):
Аруна Керімбек (Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана) — 30 мың теңге ақшалай сыйлық, диплом.
Нұрмұxамед Байсүгіров (Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің студенті, Қарағанды) — 30 мың теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлделерді тағайындаған — Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің кәсіподақ ұйымы. Төрағасы — Талғат Жанайдаров).
Арнайы жүлделер:
Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлде — Мұxтар Ниязов (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты) — 100 мың теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлдені тағайындаған — «Қазақстан» орталық концерт залының бас директоры Салтанат Ақселеуқызы Сейдімбек).
Рымғали Нұрғали атындағы арнайы жүлде — Мейірбек Сұлтанxан (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты) — 35000 теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлдені тағайындаған — Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің xалықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман).
Мырзатай Серғалиев атындағы арнайы жүлде — Саягүл Бірлесбек (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті, Алматы) — 20000 теңге ақшалай сыйлық, диплом және ғалымның ғылыми еңбектер жинағы. (Жүлдені тағайындаған — Академиктің Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Ардақ Бейсенбай бастаған шәкірттері).
Кемел Ақышев атындағы жүлде — Мұxамеджан Мансұр (Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана) — 20000 теңге ақшалай сыйлық, диплом
(Жүлдені тағайындаған — Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жас Отан» жастар қанаты. Төрағасы — Тайыр Тасқалиев).
Алма Қыраубаева атындағы жүлде:
— Сұлужан Таубалды (Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана) — 20000 теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлдені тағайындаған — Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жас Отан» жастар қанаты. Төрағасы — Тайыр Тасқалиев).
Болатжан Абылқасымов атындағы жүлде:
— Дәурен Ысқақ (Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана) — 20000 теңге ақшалай сыйлық, диплом. (Жүлдені тағайындаған — кәсіпкер Оралбек Ботбай).
Жұлдыз Тойбек,
«Мәдениет майталманы» медалінің иегері,
Астана қаласы

(101)