Жүрек қанымен жазылған шығарма кешегі Алашорданың айнасы іспеттес

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңес залында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Кітап тағдыры — қоғам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған «Движение Алаш» 3 томдық құжаттар жинағының, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя — АЛАШ» трилогиясының және «Акинак» әдеби-тарихи зерттеу еңбектерінің таныстырылымы өтті.

Кіріспе сөзді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің проректоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы алды. Тақырып көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя — АЛАШ» атты 3 кітабының аясында өрбіді. Автордың ұзақ жылғы еңбегіне 1927-1932 жж. және 1937-1938 жж. ОГПУ, НКВД, ҰҚК жүйесінде сотталған «Алашорда» қозғалысы қайраткерлерінің тергеу хаттамалары мен көрсетілімдері негізінде жазылған ғылыми-тарихи және әдеби-публицистикалық зерттеуі өзек болған.
Т.Жұртбай 1988-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы Құқықтық комиссияның төрағасы және 1997 жылы ұлы жазушы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде ҰҚК мұрағатындағы «аса құпия істермен» танысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, «Алашорда» қайраткерлерінің саяси және шығармашылық мұрасын ақтау мәселесі бойынша әдеби сарапшы болады. Жазушы өзінің 25 жылын ОГПУ үштігінің шешімімен сотталған «Алашорда» қайраткерлерінің әділетсіз айыпталуларындағы тергеулері мен көрсетінділерін, тергеу ісінің хаттамалары мен материалдарын, соның ішінде партиялық, үкіметтік, ведомстволық шешімдер мен бұйрықтарды, сот анықтамаларын, айыптау қорытындыларын, сотталушылардың саулнамалары мен өмірбаяндарын, туыстарының естеліктерін зерттеп, саралап, талдап, кеңестік жүйенің әділетсіз және зұлымдық іс-әрекетін әшкере етеді.
Кітаптың тұсаукесеріне қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов арнайы келді.


Мәжілісті ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев жүргізіп отырды.
Сейіт Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
— Сөз болып отырған кітаптың жазылуы 80-жылдардан басталады. Осы кітаптың жазылуына Олжас Сүлейменов түрткі болған. Олжекеңнің батасымен Тұрсын Жұртбай ҰҚК-ның мұрағатына барып, көп материалды қарап, көшіріп алып, көшіре алмайтынын жадында сақтап, қомақты үш том кітапты ұсынып отыр. Кітапта ХХ ғасырдағы біздің қоғамның тарихы, жағдайы өзек болған. Өздеріңіз білесіздер, 1950 жылдары қуғын-сүргіннің үшінші толқыны болды. Абырой болғанда, тәуелсіздік алып, ақтаңдақтың бетін ашуға мүмкіндік алдық. Сондықтан бұл кітапты кафедраның атынан Мемлекеттік сыйлыққа ұсындық, — деді.
Ғарифолла Есім, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
— Кітапты оқығанда «мұң» деген сөз басты тақырып болып кетті.
Бізде ең жақсы адамдарды «Халық жауы» деп соттадық. Жақсы сөз сөйлеген, жақсы ой айтқан, жақсы адам болып жүру «Халық жауы» ма? Халық жауы деген сөзді жерге көмдік пе? Алжирде қызмет еткенде жазушы Бейімбеттің әйелін азапқа салған адамдар марапаттар алып, тегін үй алып отыр. Халық жауынан шығу үшін тарихи сана таза болуы керек.
Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері:
— Ең алдымен мен Тұрсын Жұртбаевқа алғысымды айтамын. Осындай бір үлкен, ауыр кітапты жазуға 30 жыл аянбай еңбек етті. Бұрын жазушылар кітап жазып, нан табатын. Біреулер қара нан табады. Біреулер май жағып, икрамен табады. Қазір жазушылар кітабын жазып, басуға ақша іздейді. Сондай жолдастарды Тұрсын тапты. Бізде әдебиетті білетін, сүйетін мұнайшылар бар екен. Біреуі — Сауат Мыңбаев. Алғысымызды айтайық. Орынбайға үлкен рақмет, жақсы аударды. Осы кітаптың соңғы бетінде М.Әуезов жөнінде жазғаны мені толқытты. Мұхтар «Абай жолын» жазса, Тұрсын «Мұхтар жолын» жазды. Кезінде жазушылардың ішінде де Мұхтарды халық жауы деп көрсеткендер болды. Алашордашылардың тағдыры туралы бұрынғыдан да көп білдік.
Тұрсын еңбекқорлығы арқасында өте жоғары білімді жазушы екенін дәлелдеді.
Әдебиет дегеніміз және тарих дегеніміз не? Әлі есімде,1960 жылдың соңында Ғылым академиясында тарихшылардың алдында сөз сөйледім. Сонда мен «Сіздерге сұрақ қояйын. Маған 16 ғасырда белгілі болған қазақтың атын атаңыздаршы», — дедім. Тым-тырыс. «15 ғасырдағы, 14 ғасырдағы?..», ешкім тіл қатпайды. Мен: «Ешкімге қажеті жоқ диссертацияны қорғағанша, өз халқыңды қорғаңдар!» — дедім. Тарихы жоқ халық — халық емес. Сондықтан тарихты жазуды жазушылар қолға алады.
Сол кезден бастап «АЗиЯ» кітабын жазуды қолға алдым. Мен Бейбарысты аштым деп мақтанышпен айтамын. Қазір фильм түсірді, ескерткіш қойды. Сол сияқты Тұрсын ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының «Халық жауы» атанған трагедияға толы тағдырын арқау етті. Бұл кітаптан нағыз күрескерлердің аты-жөнін кездестірдім. Соның бірі — Жоғары соттың төрағасы Тамас Айтмұхамбетов. Біз Сібір лагерінен бірнеше адамдарды шығарып алдық. Осындай тақырыпты қозғайтын кітап жоқтың қасы. 1986 жылдың желтоқсаны жадымда. Мәскеуден ҰҚК-нің тергеу тобы келді. Кабинетіне адамдарды шақыртып, әсіресе «Сүлейменов не айтты?» деп сұраған. Маған өте құрметті заңгер адам айтты, ол тергеушілердің алдынан хатты көрген. Тергеуші тұрып: «Қазір келемін» деп, хатты үстелдің үстіне қалдырып шығып кетеді. Ол тұрып, қол қойғандарға қараған. Бұл біздің жазушылардың қолы болып шыққан. Кейбіреуі менің достарым. Сол уақытта бірге сөз сөйлегенбіз. Ал 1986 жылы болған кезде олар бетпердесін ашты. Міне, осындай адамдар біздің зиялыларымыздың өмірін тұншықтырды. Сәл уақыт өзгерсе, екіжүзді адамдар ортамыздан шықпасына кім кепіл?!
Мен Ғылыми кеңестің Тұрсын Жұртбайды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған шешімін қолдаймын. Бір-екі апта бұрын Астанада «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы жаңа қоғамдық ұйымының конгресін өткіздік. Сонда 2018 жылы 18 миллион ағаш егуге шақырдық. Біздің жеріміз көгерсін, жасыл желекке бөленсін деген ниетте. Қазір кейбір облыстарда бұл игі шара қолға алынды. Мен әрбір Алашордашылар туған, өскен ауданда, қалада ағаштар отырғызуды қолға алып, солардың атында саябақ жасауға шақырамын. Мәңгілік ескерткіш болсын!
Тұрсын Жұртбай, жазушы:
— Әлі есімде, Олжас Сүлейменов 1987 жылы 13 қаңтарында сағат үште «сен кетпе, қазір келемін» деді маған. Орталық комитетке кетті, 6.30-да келді. Олжекең көңілді. Қасымнан өтіп барады. «Олжеке, кетіп барасыз ғой, сіз маған күт дедіңіз ғой», — десем, «Бір жақсылық болады. Сен Москвадағы сияқты праволық комиссия құр. Төрағалығына Салық Зимановты қой, сонан кейін бірінші репрессиядағыларды ақтайық, екінші Желтоқсан оқиғасына кірісеміз», — деді. Сонымен, Желтоқсан оқиғасына комиссия құрылды. Біз іске кірісіп кеттік. 15-20 күннен кейін «Тез кел, комиссияңды жи. Қазақстан КГБ-ның жеті департамент басшысын алып келдім», — деп Олжекең шақырады. КГБ-дан 7 полковникті кабинетіне әкеліп отыр.
— Сендер репрессияда неге соттадыңдар? Мына біздің жазушылар білу керек, айтыңдар. Желтоқсан оқиғасында қанша адам сотталды? Қанша адам түрмеде жатты? Қанша адам сотталады? Айтыңдар, — деп, сұрақтың астына алды. Бәрі де сөйлеп, кімнің сатқанын айтқан кезде Сафуан Шаймерденов марқұм орнынан атып тұрып, жылағаны әлі есімде. Содан екі-үш күн өткеннен кейін правовый комитеттің председателі мені КГБ-ның архивіне жіберіңіз деді. Оның үстіне хат жазып берді, содан бастап КГБ-ның архивінде 1991 жылға дейін отырдым. Олар кет деген жоқ, мен кетпедім. Екінші Алашорда қайраткерлеріне байланысты. Олжекең: «Ал, Тұрсын, ұстазыңның аманатын орындайтын кез келді, Алашқа кіріс», — деді.
— Оған қалай кірісемін? — деп сұрадым. Ертеңінде: «Жоғарғы соттың председателі Тамас Айтмұхамбетовке барасың, соған кіресің», — деді. Таңертеңде сағат 10-да Айтмұхамбетовке барып кірдім. Қазіргі кезде соттың ғимаратына кіре алмайсың ғой. Ол кезде Жоғарғы соттың председателі қабылдап отыр. Сәлемдесіп болған соң: «Неге келдің, шырағым?» — деді. «Мені Олжас Сүлейменов жіберді», — дедім.
— Ааа, — деп отырды да, — сендер бізді қазақты соттап жатыр деп ойлайсыңдар ғой. Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев қатысқан екен. Біз бұл жұмыстан кетейік деп ойладық. Бірақ біз кетсек, біздің орнымызға тағы басқа біреу келеді. Олардың жаны ашиды ма, жоқ па? Олжекең маған айтқан репрессия жайында қазір біз көмектесейік. Қазір Кенжебаевты шақырайын, сол арқылы осы мәселені шеш, — деді. Есікті ашып еді, Қазыхан келе жатыр. Жоғары соттың мүшесі. Марқұм Қазыхан 1974 жылы юрфакты, біз журфакты бітірдік. Сот председателі таныс болғанымызға қуанып кетті. «Бір-біріңді білесіңдер ме?» — деді. Білеміз дедік. (Бұл аздай, Қазыханның келіншегі Гүлнар мен менің келіншегім Әмина №12 мектепте бірге оқыған екен. Қуанып кетті. Гүлнар Кенжебаева да ұлтжанды, Совет одағы кезінде «Мен Алаш ақталмай, кандидаттық қорғамаймын» деген).
Таңертең сағат 10-да Қазыханға, Айтмұханбетов-тің кабинетіне барамын, сағат 3-те мені шығарып жібереді. Мені көшірсін деп, сағат 3-ке дейін кабинетіне келмейді.
24 сәуір күні бұлардың азаматтығы ақталды, анық-тама бар. Олжекең келді, «ақталды, міне» дедім. Олжекең «енді Колбинге хат жаз» деді. Қазыхан бір жарым беттік хат жазып, Олжекеңе берді. Олжекең Колбинге апарды. Сол кезде Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болды, ең жақсысы Жәнібековтың кеңесшісі Сейіт Қасқабасов еді. Осы кісілердің арқасында мемлекеттік комиссия құрылды. Желтоқсан оқиғасы кезінде кім қай жерге сотталып кетті? Мен Қазыханға барамын, Қазыхан ақырын ғана біліп береді. Сол сотталғандарға Олжас Сүлейменовтің атынан «Бұл саяси тұтқын еді, сіздер байқаңыздар» деп, түрмеге хат жібереміз. Оны айтқан — Қазыхан. Сонан кейін мәтін сауатты болуы керек қой, Қазыхан маған жазып береді. Соның арқасында көптеген адамдар түрмеден аман қалды.
Сол кезде Олжекең «қалың кітап болып шығады» деп тапсырма берген. Сол тапсырманы орындадым.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сотталып кеткен боздақтарды ақтап алуда Жоғарғы соттың төрағасы Тамас Айтмұхамбетовтың ықпалымен Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев және оның жары Гүлнар Кенжебаеваның бастарын қауіпке тігіп, Тұрсынға көмектескенін естігенде, ерлігіне қатты қайран қалдық. Бұл Қызыл империя тұсында аса үлкен ерлік емес пе?
Кітаптың демеушісі «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Басқармасының Төрағасы Сауат Мыңбаев «Аударма» баспасымен келісімшартқа отырып, 57 миллион теңге қаржыға Тұрсын Жұртбайдың барлық құнды деректерге толы кітабын жарыққа шығарып береді. Кітапты орыс тіліне ҚР «Мәдениет қайраткері», жазушы, аудармашы Орынбай Жанайдаров аударған. Аудармашы аталмыш кітапты екі жыл аударған.
Кітаптың тұсаукесеріне қоғамдық саяси қайраткер Олжас Сүлейменов, кітаптың демеушісі Сауат Мыңбаев, академик Болат Көмеков қатысты. Аталмыш кітап жазушының жүрегімен, жанымен жазылған. Оқырмандарға шыңғырған шындықты шырылдап жүріп жинап, шыжғырып бетке басқан автордың кітабы жол тартты. Еліміздің кітапханасының алтын қорына тағы бір саяси маңызы зор кітап қосылды. Қомақты кітап авторы Тұрсын Жұртбайдың үздік шығармаларға берілетін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болуына тілектеспіз!

Жұлдыз Тойбек,
Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері

(60)