Ұятсыз адам қанша жерден ораза ұстаса да…

Жастықпен небір қателіктер кетті ғой. Кезінде доспын деп керемет араласып жүрген бір адамға өз атымнан кредит алып бергенім бар. Қарыз алғанша асты-үстіме түскен ол, бір айдан соң кредитті жаба алмайтынын айтты. Сыныққа сылтау табылмай қойсын ба, мамам ауырды деді, жұмысым жүрмей жатыр деді, содан не керек, 450 мың қылып алған кредитті, үстемеақысы бар, 600-700 мыңдай қылып өзім жаптым. Ұрысып, бет жыртыспадық. Дос болып қалдық деп айту қиын. Бірақ араласып тұратынбыз.
Сол «кісі» кеше телефон соғып тұр. Ораза ұстап жүр екен. «Аузың берік пе?» — дейді. Екі-үш күн асқазаным ауырып, аузымды ашып жіберген едім. Шындықты айттым. «Кісімнің» маған айтқан ақылын көрсеңіз ғой. «Ораза ойыншық емес, ұстағасын шыдау керек еді», — дейді. «Азды-көпті күнәларыңды осы айда жуып-шаймағанда, оны қашан өтемексің?» — деп қояды.
Негізі, өткенді қопару әдетімде жоқ болатын. Бірақ мына сөзіне шыдамадым.
«Сонда сен мойныңа алған күнәңді ішіп-жеуден тыйылу арқылы жуып-шаймақ екенсің ғой… Ақымақ басым! Мен болсам…
Анасы сауығып, жақсарса, қарызын орына қояр деп, бір адамдай, анаң жазылып кетсін деп тіледім. Жұмысың жүріп кетсін деп дұға еттім. Бәрі орнына келді. Тіпті сол кезбен салыстырғанда, табысың да ұлғайды. Бірақ сен менің жақсылығымды бір мәрте есіңе алып, еледің бе? Сол кездері жағдайың болмады, мейлі, өткенге дауа бар ма? Бірақ бүгін тәуір ғой. Мынау мойныма жазылып қалмасын деп, қолыма ең болмаса бір тиын ұстаттың ба? Иә, ораза ойыншық емес. Бірақ мен өзге адамдардың сенімін де ешқашан ойыншық еткенім жоқ.
Оразаның не екенін білемісің? Иә, күнәлардан арылу. Қажет еткен адамға қол ұшын созу. Шыдамдылықты шыңдау. Жүректегі мейірімді арттыру. Ол біреудің аузын бекітіп-бекітпегенін аңдып, оған «уағыз» айту емес. Елмен қатар ашығып жүрмеді деп, сол қылығын бетіне басу емес. Ораза — бірінші өзіңді, өз амал-әрекетіңді дұрыстау. Өзіңді өзің тәрбиелеу. Бұрынғы қателіктерді түзету.
Мен бір ұрттам су ішсем де, оның адал екендігіне сенімдімін. Бір тілім нан жесем де, оны біреудің аузынан жырып әкетпегенімді білемін. Ораза ұстаймын ба, жоқ па, ол жайында да жауапты уақытында өзім беремін!»
Осылай дедім де, телефонды қоя салдым. Бірақ «Кешірші, ренжіткім келмеп еді» деп бір ауыз айтуға қайта қоңырау шалар деп үміттендім. Бірақ… Бірақ адамдар өзгермейді екен. Ұятсыз адам мың жерден ораза ұстаса да, ұятсыз болып қала береді екен…

Клара Ермағанбетова

(72)