Күнәңді қалай жасырсаң, еліңнің жамандығын да солай жасыр

Мәңгілік тыныштықты аңсаймыз.
Шеңбер тәрізді Жер бетінде мыңдаған халық өмір сүріп жатыр. Бәрінің хәлі керемет, бәрінің халі мүшкіл емес. Өмірде тепе-теңдік бар. Ол әлі сақтаулы. Сақталмаған болса, ақырзаманға жетер ме едік…
Ұлт, ел, жер, мемлекет — бәрі Құдайдан. Соның қалауымен. Сондықтан ұлт үшін күресу, ел үшін өмір сүру, мемлекет үшін қызмет жасау — парыз. Әрбір жеке тұлға ретінде осыны сезініңіз.

«Қазақстанда бәрі жаман», «қазақ жаман», «қазақ боп туғаныма өкінем» дейтін сөздер жауыр қылды. Тіпті, ешкім қалай жақсартуға болады деп ой тастаған емес. Тастаған күннің өзінде сөзі де, өзі де көлеңкенің тасасында қалып қойған. Жер дейтін планетада бір-ақ Отаның бар. Ол — Қазақ елі. Ол ел қандай жағдайда болса да, сен оны сүюге міндеттісің. Оның жолында өлуге де болады.
Қазір бәріміз елді жамандап, шетелге кетуге асықпыз. Олардың мәдениеті мен өмір сүру ләззатын айтып, аузымыздың суы құриды. Бір-ақ сұрақ, олар да, біз де бір жердің бетіндеміз ғой, неге біз де өмірді солар секілді өзгертпеске?! Еліңнен безіп, опа таппасың да анық. Бірақ не керек, кетіп жатырмыз…
Елдің жақсылығын айтсақ, мазақтаймыз, күлеміз. Елді жамандасақ, абырой. «Шындық айт!» деп ұрандаймыз. Бірақ қай шындыққа асығып жүрміз? Біз мемлекеттің шындығын талап етпестен бұрын, өзіміздің жеке адамдық ақиқатымызды аңдыдық па? Біз талап еткен шындыққа дайынбыз ба? Не істедік? Қолымыздан келгені жамандау, одан қала берді елден безіну. «Сорлы қазақ!» дейміз. Айтқан адамның өзі қазақ. Сорлылар туралы сорлы адам ақыл айтты. Бұл қандай пәтуа?!
Жә, не керек… Адам болып дүниеге келгеннен кейін, пенделікке салынып, күнә жасаймыз. Тіпті, әдейі де жасаймыз. Бірақ сол күнәмізді білсе, тек көлеңкеміз біледі. Басқа ешкім білмейді. Себебі біреудің біліп қойғанын қаламаймыз. Қорқамыз! Бірі Құдайдан қорқады, бірі — адамнан. Айырмасын өзіңіз түсіндіңіз. Дәл сол секілді қазақ екенсің, қазақтың жамандығын жасыр. Күнәңді жасырған секілді, еліңнің жамандығын жасыр. Жақсылығын айт. Асыра айтпа, барын айт. Жоқ болса, қолыңнан келгенше жаса!
Ісің сөзіңнің дәлелі болсын. Сөзің ісіңнің айнасы болсын. Арамызда әлеуметтік желіде үлкен беделге ие болған адамдар бар. Олардың түшкіргені оқылып жатады. Бұл — олардың айтқаны халық үшін қызық, халық үшін жаңалық деген сөз. Олар елді жақсы десе, халық жақсы дейді. Жаман десе, жаман дейді. Мақтаса мақтап, даттаса даттайды. Біз қазір жеке ой, жеке мүдде, ішкі жүректің көзқарасы деген дүниені ұмыттық. Біз ұмыттық…
Дәл сол секілді, шеттен келген айналайын қандас қазағым, еліңді аңсап келдің бе, шөл басайын деп жеттің бе, тіліңді тарт! Жақсы болсын, жаман болсын елің, жерің. «Қазақстан анандай екен, мынандай екен, мен келген жеріме кетем» деп кеуде қақпаңыз. Сіз келген жер — осы. Сіз баратын жер — осы. Сіз қалатын жер осы. Сіз өлетін жер де — осы. Өйткені бұл — Отан.
Тәңірін ұмытпаған қаза-ғым, елім деп еміреніп тұршы. Өзге елде жүрген кезде де еліңмен мақтан, марқай. Бұл — еліңе деген үлкен құрмет.
Әр кеудеде, әр жүректе өмір сүретін Құдай ешкімнің ақысын жіберіп қоймайды. Ең бастысы, сізге берген ел үшін, жер үшін тер төгіңіз. Айлық жетпесе жыламаңыз, үйіңіз жоқ болса, салыңызды суға кетірмеңіз. Сіз барсыз. Бастысы, барыңызбен мақтаныңыз. Әрі амал қылыңыз. Ал жетпегенін бүгін бермесе, ертең берері хақ.
Мен елімді аңсап келдім, шөлдеп келдім. Мен бұл елдің жауапкершілігі мен ауыртпалығын табаным тілініп түсіп қалғанша көтеремін!
Кешір, қазағым!

Марғұлан Ақан

(56)