mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Несиені қайтармағандар “отпен” ойнап жүр

Бүгінде Қазақстанда мойнына несие қамыты киілмеген адам кемде-кем. Ондай «бақытты» жанды қолға май шам алып жүріп іздесең таба алмасың кәміл. Себебі тұрақты жұмысы барлар да, жұмысы жоқтар да сол несиеге байланған. «Егер қайтара алмайтын болса,  жұрт несиені неге алады?» — деген сауалға келсек, оның өзіндік себебі бар. Қайтарылуына бас ауыртып жатпайтын жұрт тұрмыстық техниканың барлық түрін, автокөлік, баспана алу үшін осы несиеге жүгінеді. Бүгіндері оған қол жеткізу соншалықты қиын емес. Себебі банктер ақшасының жоғалмайтынын біледі. Оларға өз ұпайы түгел болса болғаны. Әлбетте, несие алар алдында клиент пен банк арасында келісімшарт жасалады. Кездейсоқ бір оқиғаға байланысты тараптар келісімшарт талаптарын орындай алмаса, оны бұзуға құқылы. Жасалған шартты бұзуға қарыз беруші — банк те, сондай-ақ қарыз алушының өзі де бастамашы бола алады. Бірінші жағдайда бұрын қол жеткізген келісімді бұзуға банктің қарыз алушының әрекетіне/әрекетсіздігіне көңілі толмауы себеп болса, екіншісінде керісінше — қарыз берушіге қарыз алушы риза болмайды. Ел заңы бойынша, азаматқа өз қалауы бойынша ипотека шартын бұзуға болмайды. Борышқор банкке кепілдік пәтердің кілтін жайдан-жай бере салуға құқылы емес. Сонымен, шартты сотқа дейінгі немесе соттық тәртіпте, тек екі жақты келісім бойынша бұзуға болады. Бірде-бір қаржылық институт өзіне залал келтіріп жұмыс істемейтіндіктен, қарыз алушының белгілі бір қаржылық шығындар тартуына тура келеді. Сондықтан да, ипотека шартын жасаған кезде, тармақтардың барлығын мұқият оқу керек, өйткені онда шартты бұзу жағдайлары және төлем мөлшері көрсетіледі.

Борышкер
нені білуі қажет?

Осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірген «Қазақ» банкінің кредиттер бөлімінің меңгерушісі Еркежан Мұратова: «Қарызды бір жылдан артық пайдаланғаннан кейін қарыз алушы оны қандай да бір комиссия төлеместен, мерзімінен бұрын жартылай немесе толықтай өтеуге құқылы. Тиісті қосымша келісім жасау арқылы банкпен белгіленген талаптар аясында шарттың белгілі бір талаптарын өзгертуге болады. Борышқор мен банктің арасындағы дау-дамайлар шиеленісе келе, соттық талқылауларға ұласуы мүмкін. Оқиғаның осылай дамуына қандай да бір тараптың ипотекалық несиелеу шартын жарамсыз деп тануды талап етуі себеп болады. Басқаша айтсақ, егер қарыз алушы ай сайынғы жарнаны төлеуді тоқтататын болса, іс сотқа дейін жетеді. Ондай жағдайда шартты жарамсыз деп тану тек сот органдарының шешімі бойынша іске асырылады. Бұл ретте борышқордың несиені қайтару бойынша міндеттемесі тоқтатылмайды. Өзінің кепілдік құқықтарын тиісті ресімдемеу фактісі анықталған кезде банктің қарыз алушымен жасалған шартты сот тәртібінде бұзуға және қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды талап етуге қақысы бар. Қарыз алушы шарт талаптарын бұзса, банк кепілге қойылған пәтерді алып қояды. Пәтер ағымдағы нарықтық баға бойынша бағаланады, ал жылжымайтын мүлікті сату саудалау арқылы жүргізілуі мүмкін. Қарыз алушылар қарызды жабу жөніндегі өздерінің міндеттемелерін орындамауды жалғастыратын болса, онда өзінің мүдделерін қорғау мақсатында банк кепілдік мүлікті соттан тыс өткізу рәсімін жүргізуді бастайды. Кепілдік мүлік тәуелсіз бағалау компаниясымен анықталған баға бойынша саудаға қойылады. Банктің сенімді тұлғасы қолданыстағы заңнама аясында тиісті іс-шара жүргізеді және кепілдік мүлікті сату бойынша аукцион өткізеді. Саудада жеңіске жеткен адам проблемалы қарыз алушының кредитін жабуға жіберілетін, алынған мүліктің сатып алу бағасының мөлшеріндегі ақшаны банк шотына салады. Келтірілген шығыстарды қайтарып алуға кредит сомасынан басқа, барлық ай сайынғы төлемдер, пайыздар, өсімпұлдар мен айыппұлдар кіреді. Банк қарызды төлемділік жағдайында береді және оны пайдаланғаны үшін қарыз алушы несие берушіге банктік қарыз шартында келісілген мөлшерде сыйақы төлейді. Оның мөлшерлемесі ипотеканың бүкіл мерзіміне белгіленген немесе ауытқымалы болуы мүмкін. Егер мөлшерлеме белгіленген болса, оның мөлшері шартта жазылады және енді оның өзгертілмеуі тиіс. Ерекшелік — екі тараптың да қандай да бір өзгерістер туралы шешім қабылдап және оны қосымша шартпен бекітуі. Егер сыйақы мөлшерлемесі ауытқымалы болса, онда шартта мерзімі, мерзімділігі және оны өзгерту тәртібі көрсетілуі тиіс. Мысалы, пайыз шетелдік валюта курсына тәуелді болған кезде, бұл құжатта міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Сыйақы мөлшерлемесі өзгерген кезде тараптар өзгерістің жоғарғы және төменгі шегі туралы келісе алады. Төлем кестесінің жеке құжатпен ресімделуі және уәкілетті тұлғалардың қолымен және мөрімен куәландырылуы маңызды. Кепілдік мүлікті саудада өткізген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес бағаның төмендеуі мүмкін. Шарт талаптарына сәйкес қарыздың қалғанын борышқор төлеуге тиісті. Негiзгi мiндеттеменiң сомаларынан төмен бағамен соттан тыс тәртiппен сатылған кезде, сондай-ақ осындай мүлiк кепiл ұстаушының меншiгiне көшкен кезде, ипотеканың тоқтатылуымен бiр мезгiлде негiзгi мiндеттеме де тоқтатылады», — деп түсіндірді.

                     Мәміле талабы бұзылса, қандай жаза қолданылады?

Қарыз бойынша уақытында өтем жүргізу талабы бұзылған жағдайда мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін мерзімі өткен төлем сомасынан 0,2 пайыз мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Қарызды мақсатты пайдалануды растайтын, құжаттарды уақытында ұсыну туралы талап бұзылған жағдайда, аталған құжаттарды ұсыну мерзімінің әрбір өткен күні үшін күн сайын 500 теңге алынады. Қарыз мақсатсыз деп танылған жағдайда — мақсатсыз деп танылған сомадан 10 пайыз алынады. Ерекше назар аударуды қажет ететін, өте маңызды тармақ — форс-мажор, одан ешкім де сақтандырылмаған. Егер клиент сондай жағдайға тап болып, банк талаптарын орындамаса, онда одан кепілді, яғни тұрғын жайды мүлдем алып қоя алады. Бұл жағдайда ол банкке төленген берешегін, пайызын жоғалтады, әрі пәтерсіз қалады. Сондықтан, азаматтар несиені тегін берілген ақшадай көрмеулері керек, өйткені атам қазақ айтқандай, «Судың да сұрауы барын» ұмытпағаны жөн. Мұны ескермегендер банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатыр емес пе. Базбір жағдайларда мұның соңы адамдарды өздеріне қол жұмсап, өзін-өзі өртеуге итермелеп, сол арқылы қайғылы оқиғалар хроникасын толықтырып жатқанын да көзіміз көріп отыр. Осы орайда, несиесін төлей алмайтын жағдайға тап болған азаматтарға банк тарапынан қандай шаралар қолданылатынын білудің маңызы зор. Банк қызметкерлерінің уәжіне сенсек, «Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы» заңындағы 36-баптың 1-тармағына сәйкес, егер қарыз алушы келісімшартта көрсетілген мерзімде қарызын төлей алмаса, сол күннен бастап 30 тәулік аралығында банк ескерту жасайды. Яғни, қарыз алушы банк алдындағы міндеттемелерді орындамағаны туралы хабардар етіледі, несиелік берешекті кешіктірмей төлеу керектігі айтылып, кешіктірген әрбір күн үшін қосымша ақы (пеня) төлейтіні ескертіледі. Банктің жауапты қызметкерлері қарыз алушымен әңгімелесіп, одан заемды өтеу мерзімінен кешіктірілудің себеп-салдарын анықтап, мерзімінен өтіп кеткен заемды төлеудің жоспарларын құрады. Егер де заемшының қаржы жағынан қиындықтары бар болса, мерзімі өткен қарызды өтеудің уақыты анықталады. Егер де клиенттің мерзімі өткен қарызды бір уақытта өтеу үшін мүмкіндігі болмаса, Банк бірқатар жеңілдіктерді ұсынады. Төменде көрсетілген тәсілдер арқылы заемшы қайтадан тізімге тұрып, заемды өтей алады. Оларды атап өтсек: несиенің мерзімін ұзарту; төлем сомасын азайту; жекелеген тізімді ұсыну; ай сайынғы төлемнің мерзімін ұзарту; қарызды аудару; несие бойынша мөлшерлемені өзгерту. Әр жағдайды Банк клиенттің төлеу қабілетіне байланысты қарастырады. Мәселе дер кезінде шешілмесе, Банк сотқа арыздануға мәжбүр болады, онда да тек ерекше жағдайларда ғана. Егер несие алушы сотқа дейін Банктің ұсынған шараларына мойынсұнбаса, жүргізілген келіссөздермен келіспесе, байланысқа шықпаса немесе қоятын талаптары шартқа қарсы келсе ғана бұл мәселе сотта қарастырылады. Жыл сайын сот органына Банктің түйткілді қоржынынан 11 пайызына жуық арыз жіберіледі. Рас, сонау 2000 жылдарда басқа біреулердің құжатымен несие алып, қаржылық қылмысқа барғандар аз кездеспейтін. Бірақ дәл қазіргі таңда ондай алаяқтықтың жолына тосқауыл қойылған, яғни ешкім де басқа біреудің құжатын пайдаланып, банктерден несие ала алмайды. Өйткені қазіргі кезде несие берерде биометрия әдісімен клиентті анықтау технологиясы қолданылады. Банк қызметкерлері несие алатын адам туралы бүкіл мәліметтерді зерттеп, тексермейінше, қаржылық операцияны жүзеге асыруға асықпайды. Несие алушыға қатысты тексерістен кейін дүдәмал күдік сейілсе, клиенттің төлем қабілеті банк талаптарға сәйкес келсе ғана оған несие беріледі.

Керек дерек:

Regnum порталының мәліметінше, Қазақстан тұрғындарының шамамен 5,5 миллионы екінші деңгейлі банктерге және өзге де қаржы ұйымдарына қарыз. Ал оның ішіндегі 1 миллионнан астам адамның несиесі проблемалық деңгейге жеткен. Екінші деңгейлі банктердің ақпаратына жүгінсек, осы қарызгер 1,07 миллион адамның 53 пайызы жалған телефон нөмірлері мен жалған мекенжай тұрақтарын беріп, қарызын қайтармай, банктерден қашып жүрген көрінеді. Ұлттық банктің наурыз айындағы мәліметтері бойынша, республика көлемінде жеке тұлғалардың банктер алдындағы қарызы 4,038 триллион теңгені құрайды. Уақытынан кешіктірілген сома 368,6 миллиард теңгеге жеткен, бұларға күн сайын, ай сайын қарыз сомасына белгілі бір мөлшерде пайыздар қосылып отырады. Бұл қазақстандықтардың тек екінші деңгейлі банктердің алдындағы қарызы ғана. Бұдан бөлек түрлі жекеменшік ипотекалық компаниялардан, онлайн-банктерден несие алған тұрғындар саны да жетерлік, яғни ел тұрғындарының үштен екі бөлігінің банкке қарыздары бар. Осы жайтқа байланысты мамыр айының басында Елбасы «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған-ды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары А.Ахметов: «Заң жобасы борыштарды өндіріп алушылардың қызметін реттейді. «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын қабылдау коллекторлардың борышкерлермен өзара іс-әрекет етуін ретке келтіреді, борышкердің коллекторлық агенттіктің талаптарын даулау құқығын бекітеді, коллекторлық агенттіктерге азаматтардың дербес деректері туралы мәліметтерді оларды сақтау және қорғау жөніндегі талаптарды сақтамай жинауға мүмкіндік бермейді. Заң жобасында коллекторлық қызметтің құпиясы ұғымы енгізілген, оған қарыз алушы, оның борышы, кредиторы туралы мәліметтер және заңмен қорғалатын өзге құпия кіреді. Бұл борышкер және оның берешегі туралы кез келген мәліметтердің қарыз алушының келісімінсіз жария етілмейтінін білдіреді. Борышкер өзінің құқықтары бұзылған кезде Ұлттық Банкке коллектордың оған қатысты заңсыз іс-әрекеті бойынша шағыммен жүгінуіне, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің талаптарын даулауға, оның ішінде сотта даулауға құқылы», — дейді. Заңға сәйкес, берешегі бар азаматтар коллекторлар тарапынан заң өрескел бұзылса, коллекторлық агенттіктердің үстінен Ұлттық банкке арыздана алады. Жалпы, коллекторлық агенттіктер банк пен клиенттің арасындағы медиатордың ролін атқарады. Бірақ заң қарызы бар азаматтардың құқығын қорғағанмен, борышкерлердің банк алдындағы берешегін өтемей жүруіне ешқандай мүмкіндік бермейді. Сондықтан: «Алмақтың да салмағы бар», — деген нақыл сөзді естен шығармаған әрбір азамат қарызды қайтармаған жағдайда коллекторлар сот арқылы банкке тиесілі қаражатты бәрібір өндіріп алатынын бір сәт те жадтарынан шығармаулары тиіс дер едік.

(34)