mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Б. Байбек: Бұл ескерткіштің мәні — өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін — тағылым

Алматыда ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды

Кеше Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл шараға репрессия мен ашаршылыққа ұшырағандардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жастар қатысты.


1931-1933 жылдардағы аштық құрбандарының ескерткіші “Қарағайлы” саябағындағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысына орналасқан. Қола мен граниттен жасалған, биіктігі 3 метр бұл ескерткішті сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар жасаған. Мүсін авторының бірі Дулат Үсенбаев: “Аштықтан бұратылған сәбиіне қорған бола алмаған Ана жүрегі қан жылайды. Баланың көзі жұмулы, анасын құшақтауға тіпті әлі де жоқ. Ана табанының астында бос төңкерілген қазан жатыр”, — деп, ескерткіш мәнін түсіндірді.


Қала әкімі Бауыржан Байбек: “Бүгін мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті Алматыда ашып отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды.
Ана — барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті — ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағы — өз сәбиін құшақтаған ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Бұл ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні — өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін — тағылым”, — деді.


Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин:
— Біздің халқымыздың тарихы ұлы, бай тарих. Қайғысы мен қасіреті жеткілікті тарих. Сол тарихымыздың ХХ ғасырда теперіш көріп, ақиқаты айтылмай келген қасіретті беттерінің бірі — ашаршылық құрбандары. Сол кезеңге бүгінгі жас ұрпақ, тәуелсіз қазақ елінің жаңа буыны тарих алдында тағзым етіп, құрбан болған боздақтар мен аналарға ескерткіш орнаттық. Осындай ескерткіш Алматының төрінде орнатылса, бұл бүгінгі ұрпақ үшін үлкен белгі болар еді деп армандадық. Бүгін, міне, біз аңсаған ескерткіш орнады. Мұндай нәубет енді қайталанбасын деп тілейік.

 

Хангелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:
─ Осыдан 85 жыл бұрын ұлы даламызды жайпап өткен ашаршылық бүгін де, ертең де ұмытылмайтын зардабын қалдырып кетті. Халқымыздың жартысына жуығын жалмаған ашаршылық бергісі тоталитарлық режимнің, әрісі – әлемдік гуманитарлық апат. Жылдар бойы осы ақиқатты айта алмай келдік. Ол үздіксіз қуғын-сүргінмен асқынды, санамызды байлады. Коммунистік идеологияның көз алдымызда күйреп түскенін қазақ қасіретінің өтеуі ретінде қабылдайық. Құдай бар екен, әйтпесе жарты әлемді билеген КПСС ұлы даланы қан қақсатудан таймас еді, басымызды жалмауын қоймас еді. Тоқырау заманында ана тілімізді ұмыта бастағанымыз сол қауіптің қорқынышты көрінісі болатын. Мына ашылған ескерткіш арқылы төл тарихымызбен қайта табысып қана қоймай, жазықсыз құрбандардың алдында басымызды иіп қана тұрған жоқпыз, біз санамызды, жүрегімізді, қайратымызды билеп алған үрейден, жетімдіктен, қорқыныштан құтылып тұрғандаймыз.


Жас сәулетшілердің жұмысына оң баға берген Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Хайдар Алдажманов ресми идеология, ресми баспасөзде 1931-1933 жылдардағы аштықтың мүлдем айтылмағанын, халықтың аштықтан қырылғанын, олардың наразылығы, көтерілістері «бандиттік», «баспашылық көтеріліс» деп бағаланғанын жеткізді. «1991 жылы 11 қараша академик, халық депутаты Манаш Қозыбаевтың бастамасымен 1930 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық себептерін, 37-38 жылдары болған жаппай құғын-сүргін, оған Кеңес мемлекеттің қандай заңдық актілері негіз болды, осы мәселелерге байланысты Жоғары кеңес мемлекеттік комиссия құрды. 1992 жылы 31 мамырда дәл осы жерде митинг өтті. «1930 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады» деген белгі ашылған болатын. Былтыр қала әкімі Бауыржан Байбек халық алдында сөз беріп, биыл, міне, ескерткіш ашылып отыр», ─ дейді Х. Алдажманов.

(48)