Менмен Трампқа да тықыр таянды

Билік басына келгеннен бері басы даудан кетпеген миллиардер Д.Трамптың басына қара бұлт үйіріле бастағандай. Халық арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы оның рейтингінің бар болғаны 38 пайызды ғана құрайтынын көрсетті, яғни елдің басым бөлігі оған сенім білдіруден қалған. Бұған Трамптың президенттік науқан кезінде жұмыс істеген штабының Ресемен байланысы бар деген сыбыс ықпал етіп отырған сыңайлы. Трамптығң қарсыластары әлгіндей іс-әрекеттің жүзеге асырылғанын дәйектейтіндей нақты бірде-бір факті келтіре алмағанмен, өз айтқандарынан қайтар емес. Саяси күштер арасындағы келіспеушілікке бұл да май құйып отыр. Әлгі желеуді алға тартып, елдегі саяси күштер америкалық президенттің Ресеймен байланысын тәуелсіз құрылым тексергенін қалаған. Жақында ғана, яғни 17-і мамырда АҚШ Әділет министрлігі ФТБ бұрынғы директоры Роберт Мюллерге президент Трамп штабының Мәскеумен байланыстарын тексеретін тәуелсіз комиссияны басқаруды ұсынған. Өзінің «төбесінен» құдық қазуға қарсылық білдірген Ақ үй қожайыны, әлбетте, айналасындағылардың ісін сынға алып брифинг өткізіп: «Бұл жағдайды АҚШ саясатындағы «мыстандарға шабуыл» деп атаған жөн. Мұның бәрі ел ішіндегі тұрақтылықтың шаңырағын шайқалтып, саяси күштер арасына іріткі салады. Тағы да қайталап айтамын, Ресеймен ешқандай құпия келісім болған жоқ. Мен жұмыстан шығарылған ФБР (ФБҚ) басшысы Джеймс Комиге президенттің бұрынғы кеңесшісі Майкл Флиннің Ресеймен байланысын тексеруді доғаруын сұраған жоқпын. Мұның бәрі ойдан шығарылған жалған ақпарат, менің қарсыластарымның ішкі қыжылы»,— деп ақталғандай болған. Десе де, қызуы күшейген мәселе бүгінде Конгресс қабырғасына дейін жетіп, күн тәртібіне қойылған мәселе деңгейіне көтерілді Соның айғағы АҚШ конгресінің мүшесі, сенатор Эл Гринның: «Қазіргі АҚ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тағы демократияға қауіп төндіріп отыр. Ол  президент лауазымына лайықты емес, сондықтан оған импичмент жариялауға шақырамын»,— деп, әріптестері мен АҚШ азаматтарын импичмент туралы бастамасын қолдауға шақырғандығы деуге болатын сынды. Конгресмен, тіпті, қарсылық ретінде 1 миллионнан астам халықтан қол жинап үлгергендлігін де паш етті. Алайда, президенттің ел басқаруға лайықты не лайықты емес екенін Сенат қана анықтайтындықтан, бұл мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. Білікті сарапшылар: «Бұдан АҚШ ұтылғанмен, Ресей пайдаға батып отыр. Трампқа импичмент жариялау туралы қауесет шығысымен, Әлемдегі ең бай 500 адамның рейтингісінде тұрған байлар 17-3 мамырда 35 миллиард доллардан айырылып қалды. Оған АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы шудан туындаған жетекші биржалардағы қор индексінің күрт құлдырауы себеп болды. Активтердің күрт құнсыздануына америкалық БАҚ-тағы Трампқа қатысты материал ықпал етті. Онда АҚШ Президентінің ФБР директоры Джеймс Комиді отставкаға жіберместен бұрын одан Ресеймен байланысы бар деп күдікке ілінген бұрынғы көмекшісі Майкл Флинге қатысты тергеуді тоқтатуды сұрағаны айтылған. Ең көп ақшасынан айрылып қалған Facebook-тің негізін қалаушы — Марк Цукерберг. Ол 2 миллиард долларын жоғалтты. Қазынасында 86,8 миллиард доллары бар Microsoft-тың иесі Билл Гейтс 1 миллиард долларынан айырылса, Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос 1,7 миллиард долларын, ал бөлшек саудамен айналысатын испан магнаты Амансио Ортега 355 миллионын жоғалтты. Есесіе әлемдік нарықтағы алтын бағасы өсіп, оны сатудан Ресей жарты миллиард доллар табыс тапты»,— деп отыр. Алтынды Қазақстан да экспорттайтындықтан, майлы шелпектен бізге де бірдеңе бұйырып қалар деген дәмеден кетәрі емес екендігімізді несіне жасырайық?

(30)