Атамбаев айыптайды…

Естеріңізде болса, 3 сәуір күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы метрода теракт болды. Ресей денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, қанды оқиға нәтижесінде 14 адам қаза тапқан. Ресейлік ресми органдар терактіге басты күдікті Қырғызстаннан шыққан, ұлты өзбек, ресейлік азамат Акбаржон Джалилов деп хабарлаған болатын.  Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 9 мамыр жеңіс күніне арналған митинг-реквием барысында «бірқатар ресейлік басылымдар мен саясаткерлер метродағы қайғылы жағдайды қырғызстандық мигранттарға қарсы науқанға айналдырып жіберді» деп мәлімдеді.

«Өкінішке орай, соңғы жылдары бауырлас Ресей елінде екі халықтың арасына от салушылар, ксенофобиялық пікір таратушылар көбейіп кетті. Мысалы, бірнеше жыл бұрын танымал ресейлік жазушы Михаил Веллер «Росбалт» агенттігіне берген сұхбатында скинхедтерді санасыз түрде «Ресей мемлекетін қорғап жатыр» деген болатын. Яғни жүздеген қорғансыз жандарды және балаларды өлтіру арқылы Ресей мүддесін қорғайды-мыс.
Мәселен, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулин «Россия-1» мемлекеттік телеарнасы эфирінде қырғыз мигранттарына қатаң шара қолдануға үндеп, «қырғыздар — жатжұрттық, Ресейді байырғы заманнан мекендеген халықтарға еш қатысы жоқ» деп айтқан. Мен Затулин мырзаға тиісті жауабын берген бағдарлама жүргізушісіне алғысымды білдіремін және Веллер, Затулиндерге өз уәжімді айтпақшымын.
Біріншіден, Ресей халықтарының тарихын білмейтіндерге қырғыздардың Сібір халықтарынан шыққанын естеріне салғым келеді. Біз — Алтай халықтарының және ұлы Алтай өркениетінің ажырамас бөлігіміз.
Екіншіден, Ресейдегі башқұрт, татар, хакас сынды бірқатар бауырлас ұлттармен тіліміз ұқсас. Сібір сөзінің өзі қырғызша «Шибер — көкке бай жер», «Байкал — бай көл», «Енисей — ене сай (өзендер анасы) сөздерінен шығады. Урал өзені де бұрын Жайық деп аталған.
Қазіргі таңда Ресейде «жатжұрттықтар» немесе еңбек мигранттары мәселе тудырып отырған жоқ, керісінше бірқатар саясаткерлер мен жазушылар ұлттар арасына от салып, ксенофобияны ушықтырып жатыр.
Санкт-Петербургтағы терактіден бас күдікті Ош қаласынан шыққан өзбек екен деп, барлық өзбектер мен қырғыздарды айыптауға болмайды. Ол әкесі сияқты Ресейдің азаматы болып шықты ғой. 16 жасынан бастап Ресейде тұрған. Ксенофобия мен скинхедтерден көрген қорлық оны экстремистік әрекет жасауға итермелеген болуы әбден мүмкін. Әрине, әр ұлтта батырларымен қатар опасыздары да болатыны ащы шындық. Гитлерлер мен Чикатилоларға қарап, тұтас ұлтқа қара таңба басуға болмайды.
Біз, қырғыздар үшін Ресей атамекеніміз болып саналады. Әрбір қырғызға Манас, Алтай, Енесай сөздері киелі болып табылады. Біздің халқымыз өзінің шығу тегін ұмытпайды және бауырлас Ресеймен Ұлы Отан соғысында бірге болғандай, қаралы қиын күндерінде жанынан табылады», — деді қырғыз президенті.

Қырғызстандық саясаттанушы Игорь Шестаков: Екі халықтың арасына от салуға болмайды

«Бірқатар ресейлік БАҚ шынымен де Санкт-Петербург метросындағы терактіні мигранттарға қарсы науқанға айналдырып жіберді. Олар бір террорист негізінде Қырғызстан және Орталық Азияның біртұтас аймағы туралы теріс қоғамдық пікір қалыптастыруда. Президент Ресейдегі барлық БАҚ немесе саясаткерлерді айыптаған жоқ. Ол тек осы мәселені ушықтырып отырған белгілі бір топтарды меңзеді.
Өкінішке орай, Ресейдегі Қырғызстан азаматтарына қарсы науқан мен ксенофобиялық әрекеттер екі елдің президенттері қызығушылық танытып отырған аймақтағы интеграциялық процеске және қырғыз, орыс халықтарының жақындасуына кері әсерін тигізіп отыр».

Қырғыз саясаттанушысы Марс Сариев: Мен Атамбаевты қолдаймын

Алмазбек Атамбаев бұл мәселеде Қырғызстан ұстанымын ашық көрсете білді. Ресейдегі мигранттарға қарсы ксенофобиялық әрекеттер бәрімізге белгілі. Кейбір саясаткерлер мен БАҚ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мигранттарды радикал етіп көрсетуге мүдделі. Метродағы жарылыстан күдікті жігіт 16 жасынан бастап Ресейде тұрған және қоғамдағы ксенофобиялық көріністерден әсер алуы бек мүмкін. Науқан жүргізіп жатқан кейбір топтар Қырғызстанды Ислам мемлекетінің (ДАИШ, Қазақстанда тыйым салынған) салафиттік ұясы бейнесінде көрсетуде. Мәселеден бейхабар адамдар біздің азаматтарымызды радикал ретінде қабылдауы мүмкін.

«Жалған сөз шындыққа айналмайды», — деді ресейліктер

Ресей Мемлекеттік Дума-сының депутаты Константин Затулин: «Ресеймен әріптес мемлекеттің басшысы жеңіс күніне арналған мінберді насихаттық мақсатта қолдануы өте өкінішті. «Россия-1» арнасындағы бағдарлама 15 наурыз күні эфирге шықты. Ол кезде 2 аптадан кейін, яғни 3 сәуір күні метрода жарылыс болатынын ешкім білген жоқ. Атамбаев айтып отырған науқанға ешқандай да негіз болмады. Мен бағдарлама барысында «жатжұрттық» сөзін қолданбадым және қатал шаралар қолдануға шақырмадым. Президент мырза мұны қайдан шығарып отыр? Бұл бір жала және өтірік. Бір президент айтты екен деп, жалған сөз шындыққа айналмайды».
Алмазбек Атамбаевтың бұл сөзі қоғамда резонанс тудырғаны даусыз. Ресейде қандас бауырларына көрсетіліп жатқан қорлық қырғыз президентін осындай даулы мәлімдеме жасауға итермеледі. Атамбаев кей жерлерде артық кетсе де, бұл оның отандастарына деген жанашырлығынан және ксенофобиялық әрекеттерге көз жұма қарай алмайтындығынан туындап отыр. Кейбір елдің президенттері өз азаматтарын улы газбен өлтіріп жатқан қазіргідей заманда Атамбаевтың бұл әрекеті мақтауға тұрарлық. Орта Азиядан келген мигранттарға көрсетіліп жатқан жәбір мен зұлымдықтарды көріп те, естіп те жүрміз. Қырғыз президентінің бұл сөздері әрекетке ұласып, Ресейдегі мигранттардың онсызда қиын өмірін жеңілдетуге оң әсерін тигізеді деген үміттеміз.

Қазыбек Халықбек

(20)