Шаш алдыру үшін орыс тілін үйрендім

Қазіргі ресми атауға еніп, арнайы таңбаланып қалған «оралман» қазақтың бірі менмін. Әйтпесе жеті бабамның басы қазақтың даласында шашылып жатыр. Түбі Батыс, Ақтөбе жақ деседі… Шығысқа жетіп, шығысқа жол алып кетуге себеп болса, өз алдына бөлек әңгіме…
2003 жылы бастауыш сынып оқып жүрген кезімде Алтайдың ар жағынан асып, Зайсанға жеттім. Шекарадағы шерімді бөлек жазармын.
Алғаш табанды Өскемен қаласына тіреп, сонда үш ай көлеміндей тұрақтадық. Әкем достарының «алдымен бар, көр» деген сөзіне қарамай, «өз Отаным! Өлсем, сүйегім далада қалмайды» деп, келе сала елдің азаматтығын алып, 40 жылдан аса көтеріп жүрген өзге елдің құжатын өзіне қайтарып, туының түсі де, құжатының түсі де көк төлқұжатын алды. Бәріміз алдық. Отағасынан бастап, отанасы қостап…
2003 жылдары Өскемен қаласында қазақша сөйлейтін адам көрсем, әкемді көргендей қуанатын едім. Түсі қазақ, тілі шала адамдармен орыс ағайындар күн кешіп жатқан. Әкем жетектеп мектепке алып барды. Қазақ деген атауымыз ортақ болмаса, бөтенсің! Бөтен! Бір апта өте салып, орыс тілі апайым «Родина» деген тақпақты жаттауға берді. Айналдырған сегіз жол өлеңді жаттай алмай екі күн жыладым. Кеткім келді. Келген жағым жат болса да мені түсінетін еді ғой деген арам ойға келе бердім. Бірақ бәрімізді, мені ұстап қалған әкеміз еді…
Жаттауға берген тақпақты келесі апта айтатын болып, іштей «уф» деп қуанып қалдым. Ары-бері жүріп азып-тозып кеткеніміз көрініп тұр. Әкем өсіп кеткен шашымды алдыруға көшеге алып шықты. Әлі есімде, ымырт тартқан шақ. Көше бойын жағалап келеміз. «Шаштараз» деген сөз көрсек, жүгіре басып ішіне енеміз. Бірақ шаш алып тұрған орыс апайды көріп, шығып кетеміз. Әкем алдымда, мен артында келе жатырмын. Бала көңіл түк жоқ. Бір көшенің бойында тұрған «парикмахер» деген үйге кірдік. Ішінде бір адам бар екен. Кезек бізге келді. Мен есіктің шетінде жетім қозыдай жан-жанғыма қарап әлекпін. Әкем ақырын басып орыс апайға: «ұлымның шашын алдырайын деп едім, қысқартып бересіз бе?» деп қазақша төге салды. Төгілген сөздің біреуін іліп алса ғой, жарықтық. Сәл ойланып барып: «извините, я не поняла?» деді ол. Қазір бұл сөздің мағынасын ана тілімдей біліп тұрмын. Сол кезде мен үшін бір өзгеше әлем еді ғой. Тілмен түсіндіре алмайтынын білген әкем, маған бір қарап, орыс апама бір қарады да, қолымен мені көрсетіп, сосын өзінің шашын ұстап иіліп ымдап жатты. Білесіз бе, мен үшін әкем асқар тау еді. Білесіз бе, мен үшін әкем абыройы асқақ ақын, мен үшін ұлы адам еді. Бірақ дәл қазір өз еліне келіп, өз жерінде тұрып, өз тілінде сөйлей алмай, мылқау болып тұрғанын көру — қасірет… Бала болсам да намыстың жаспен өлшенетін өлшемі жоқ. Ызадан жылап жібердім. Әкем маған жалт қарады да, күліп қана іштей «ештеңе етпейді» дегендей ым жасады. Бірақ оның да ішінде күйік жатқанын сезіп тұрмын. Баласы үшін бәрін жасай алатын әке, баласы үшін тілдің құдіретін, қасиетін түсіндіріп келе жатқан әке бір-ақ сәтте мылқау болды да қалды. Ақыры алдыра алмадық.
Үйге келе жатырмыз. Мен артта, әкем алдыда. Қазір ойласам, алдыда келе жатқан әкем жылаған екен… Әлсіздіктен емес, өткір тілі бар ақындығының көк тиын екенін сезініп жылаған екен. Үйге жетіп қалған кезде: «Құлын, орыс тілін үйрену керек. Өлмеу үшін оқы! Үйрен! Енді саған Алтай жұрты жоқ. Елің осы!» — деп ақылын ызаланып айтты.
Ертең дүйсенбі. Сабақ басталады. Мен орыс тілінен беретін қазақ апайымның бетіне қарап тұрып, ызалы жүрекпен, тістеніп тұрып «Родина» тақпағын жатқа оқыдым. Өмірімде бірінші рет орыс тілінен «4» деген баға алдым. Келесі жексенбі келгенше орыс тілін жатпай-тұрмай оқыдым. Себебі шашымды әлі алған жоқпын…
Мені өлтіріп, қайта тірілткен — намыс.
Марғұлан Ақан

(144)