«Таңғы шық елі» мен «Ұлы Дала елі» — ынтымақтастықтың символы

Қазақстан мен Оңтүстік Корея Республикасы арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастар түрлі халықаралық бағдарламалар аясында жылдан-жылға дамып келе жатқаны белгілі. Бұл байланыс Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрнағы жылғы «Таңғы шық еліне» ресми сапары барысында да көрініс тауып, беки түскен болатын. Арадағы қарым-қатынас білім-ғылым саласында да жақсы жолға қойылған. Жыл сайын екі елдің түрлі жоғары оқу орындары араларында студенттердің білім алушылар санының арта түскені осының айғағы. Осы ЖОО-лар ішінде біздің Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің алдыңғы қатарда тұрғандардың бірі екенін мақтанышпен айтуға болады.
Жуырда, яғни 2017 жылдың 5-6 мамыр күндері Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшілігінің ұйымдастыруымен, Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Қоғамдық дипломатия: Корея Республикасы — Қазақстан Республикасы» атты семинар да осы ынтымақтастық қарым-қатынасымыздың бірден-бір дәлелі болса керек. Аталмыш жиынға Қазақстандағы корей тілі мен корейтанушы оқытушылары, Алматы, Астана, Өскемен, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Шымкент және Ақтөбе қалаларының 20 шақты оқу орнынан 50 оқытушы мен студенттер және магистранттар қатысты.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігімен қатарласа шапқан Корея Республикасымен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасқа да 25 жыл толыпты. Аталмыш басқосу да осы мерейлі датаға тұспа-тұс келіп отыр екен. Сонымен қатар, тағдырдың айдауымен, өткен ғасырдың ортасында Қазақ еліне, қазақ жеріне келген корей диаспорасы, бүгінде тонның ішкі бауындай күй кешіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқанына да 80 жыл болыпты. Қазақ ұлтын да, оның тілі мен салт-дәстүрін де құрметтеп, адал еңбектерімен ерекшелене білген корей ұлт өкілдерінің жалпы қазақ халқына деген ризашылықтары шексіз. Өйткені олар қиыншылық көріп, арып-ашып келген кезде дархан көңіл, кең пейіл қазақ халқы қолдарындағы барымен бөлісіп, достық құшағын жайғанын олар ешқашан естен шығарған емес. Семинар барысында осы бір көзден кетсе де, көңілден өшпейтін тарихи датаға да аса мән берілді. Әрине, Қазақстандағы корей ұлты өкілдері де Ассамблеяның белді мүшесі ретінде өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен әдебиетін және өзге де ұлттық ерекшеліктерін сақтап келеді. Олардың бірнеше мәдени орталықтары да бар. Дегенмен, семинар барысында «Ариран» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Чин Ёнсонның «Ариран» — Отанынан шалғайдағылардың әні» дәрісі көңіл толқытарлық, әсерлі өтті. Ол «Ариранның» корей диаспорасымен бірге бүкіл әлемге таралған корей халқының ұлттық әні екендігін айта келіп, аудиторияның назарын сирек кездесетін Ариран жазбаларына аударды.
Семинар барысында KIMEP профессоры Ли Гынджун өзінің «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынас үшін «Жаңа Жібек жолы» — Қазақстанның экономикалық жүйесін түсіну мен геосаяси жағдайының маңыздылығы концепциясының шеңберінде екі ел арасындағы қоғамдық дипломатияның стратегиясы мен маңыздылығы» атты дәріс оқыды. Осы орайда айта кетер бір жайт; Қазақстанда Оңтүстік Корея кәсіпорындары мен кәсіпкерлерінің де көп екендігі. Олардың саны шамамен 300-ден аса. Міне, профессор Ли Гынджун өз дәрісі аясында корей бизнес-құрылымдарының менталитет айырмашылықтары мен кәсіпкерліктің қыр-сыры төңірегінде айта келіп, кез келген туындаған мәселелерді шешу үшін, Орталық Азия мен Қазақстанның мәдениеті мен экономикалық жүйесін терең түсіну жолында дипломатиялық бағытқа аса назар аудару керектігін жеткізді.
Келесі күні секцияларға бөлінген жиналыстар мен дөңгелек үстел өтіп, қатысушылар қоғамдық дипломатияны дамыту туралы өздерінің ойларымен, ұсыныстарымен бөлісті. Басқосуда Қазақстан корейтанушылары мен корей тілі оқытушыларының арасындағы нетворкты нығайту мәселесі де көтерілді. Мәселенің шешімі ретінде корейтанушы ұйымдарының ортақ ғаламтор парақшасын жасап, оқу орындары өздерінің жаңалықтарын жариялай алатын жаңалық бюллетендерін шығаруға келісті.
Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының уәкілі Хан Манчун осындай қоғамдық дипломатиялық семинарды жыл сайын ұйымдастырып, Қазақстан корейтанушыларының нетворгының дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсететіндігін айтты.

Фариза Борантаева

(42)