mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамды екіге бөліп тұр

12 мамыр күні «Ақ жол» партиясының ғимаратында «Рухани жаңғыру: Латын әліпбиіне өтудің маңызы» атты жиын өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты. Сан түрлі ойлар айтылды. Алайда жиналғандардың көпшілігі латын қарпіне көшетін кездің жеткеніне табан тіреді. Сүбелі ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Еске салсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындаған мақаласында Ұлттық рухани жаңғыру Ұлттық рухани деколонизациямен латын әліпбиіне көшу жайын сөз еткен болатын. Артынша қоғамда сан түрлі пікірлер қайшылығы пайда болып, интернет әлемінде екіұдай болып тартысу жүріп берді. Содан бері қызу талқыланып жатыр. Бұл жолғы жиыннан да «Темірді қызған кезде соғуға» талпыныс байқалды. Жақтайтындардың сөзіне қарасақ, орыстың рухани отаршылдығынан құтылудың, рухани тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі — әліппе ауыстыру. Қарсылық көрсетіп жатқандардың сүйенері: Латын қарпіне көшер болсақ, онсызда қауқары аз қазақ тілінің келешегі бұлыңғыр. Қазақша газеттердің тиражы азаяды. Оқырман жоғалтады. Одан кейінгі өзекті проблема қатарында «латын әліпбиіне мемлекет тұтас, түгел өте ме, әлде тек қазақ тілі ғана өте ме?» — деген сауал тұр.
Тағы бір қорқыныш: орыс мектептерінің 70 пайызында қазақ балалары оқиды. Ертең екі әліпби елді екіге бөліп, қазақтілді және орыстілді болып бөлінген бір қазақ тағы да екіге бөлініп кетпесіне кім кепіл? Латын тіліне көше қалған жағдайда мемлекеттік ісқағаздарын орыстілділер кириллицамен, қазақтілділер латынмен жазып жатса, нағыз рухани бөліну осы емес пе? Латынға өтуге қарсылардың екінші басты қаупі осы күнге дейін кириллицада басылған миллиондаған әдеби-мәдени, тарихи, рухани кітаптарымыздан айырылып қалып, тағы да тамырымыз қиылып кетпей ме деген күдік-күмән. Бұлай алаңдау да түсінікті жайт. Бірақ қазіргі технология заманының жетістіктері бұл күдікті жоққа шығарады. Біріншіден, миллиондаған әдеби, мәдени, ғылыми еңбектердің ішіндегі асылы мен жасығы іріктеліп, елге пайдалы дүниелер іріктеліп, сүзгіден өткізіп алатын боламыз. Сондықтан мемлекеттің тұтастығы мен бірлігі — Тәуелсіздігіміздің берік негізі екенін ойласақ, латынға мемлекет болып, қазақ тілімен бірге орыс тілі де тұтас, түгел өтуі керек! Бұл — жақтайтындардың көзқарасы.
Аталмыш жиында 42 әріпті кириллица мен 34 әріпті латын алфавитінің шығындары туралы да сөз қозғалды. Оған нақты жауап берілді. 1924 жылдың өзінде Орынбордағы қазақ білімпаздары съезінде баяндама жасаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов «араб графикасын баспаханада құюға 15 пұт қорғасын кетсе, латынға 2,2 пұт қана кететінін» нақты дәлелдеп, экономикалық тиімділігін көрсетіп беріпті.
Осы жиында латынға баяғыда өткен Өзбекстан мен Әзірбайжандағы ахуал да әңгімеге арқау болды. Олардың бүгінгі тіл төңірегіндегі жетістіктері де айтылды. Қорыта айтқанда, бұл жиын латын әліпбиіне қатысты «Ақ жол» партиясының ұстанымын білдіргендей әсерге қалдырды. Бұл жиын латынға көшу жайлы отырыстың алғашқысы һәм соңғысы да емесін айтқымыз келеді.
Берік Дүйсенбинов, мәжіліс депутаты:
— Кезінде түрік тіліне қалай модернизация жасалды, тап соның сәті бізге бүгін келіп тұр. Біз көптеген терминдерді аударып жатырмыз ғой, егер латын әліпбиіне көшетін болсақ, онда көп дүниелер сол қалпында түсер еді. Сонда қазақ тілі білімнің, ғылымның тілі болар еді. Ол үшін көптеген латын терминдерін аударудың да қажеті болмайтыны белгілі.
Алдан Смайыл, жазушы:
— Латын әліпбиіне көшу — Қазақстан үшін өте күрделі процесс. Оған бұл мәселенің төртінші мәрте көтеріліп отырғаны дәлел. Бұрын да талай ғалымдар жиналып, мәселені жан-жақты талқылаған. Елімізде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе де бар. Кезінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілгенде ғалымдар дәл осылай жиналып, пікірлерін білдірген болатын. Тіпті осы жолдан өткен мемлекеттерге ғылыми экспедициялар да жіберілген. Сол тәжірибелер мен пікірлер жинақталып, жеті жоба болып жарық көрді. Соның ішінде кемі үш жобада қазір айтылып жүрген мәселелердің бәрі қамтылған. Бұл — ғылыми және мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар. Демек, жұмыстың көбі кезінде жасалып қойғандықтан, сол жобаларды қайта қарастырып әрі қарай жаңғырту қажет.
Қазыбек Иса, журналист, ақын:
— Мысалы, мен өз басым, тоқетерін айтқанда, орыс кириллицасы қорасынан, отарлықтан шығу үшін кез келген алфавитке өтуді қолдар едім. Ал латын алфавиті кез келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті, №1 алфавиті. Интернетті қарап отырсаңыз, сауалнамалар мен пікірлердің 80 пайызы латынды қолдайды. Ал қарсы шығып жатқан азын-аулақтың көбісі жасы үлкен жасамыстар. Кері тартқан ғалымдар. Осы біздің кейбір шалдар бір сәт өздерінің қамынан да басқаны, болашақты, ұрпағының жайын ойласа болады ғой. Әрқайсысы өзінің жасап алған өзімпаздық өрісі тар «теорияларының» тұтқыны болмай, алға да бір қарау керек қой. Осы орыстың кириллица қорасынан шығуға қорқатындар неге негізсіз қалтырай беретініне түсінбеймін. Ресейдің анау-мынау бұлталақтап, былқылдағандарды езіп-жаншып кететін империялық керзі етігін жалау болып шығатынын ғұламамыз Олжас Сүлейменовтер неге 26 жылдан бері түсінгісі келмейтініне таңым бар…

(45)