Әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін сезінуде

Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысып, сол форум аясында өткен «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиынына қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап.Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі. «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді. Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болды. Еуразиялық экономикалық одақтың осы процестегі рөлі аса маңызды. Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа одағы платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады»,— деді.

(5)