Пхеньян кезекті рет зымыран ұшырды

Оңтүстіккореялық қару күштері штаб басшылары біріккен комитетінің мәлімдемесінде: «Солтүстік Корея күні кеше тағы да баллистикалық зымыранын ұшырды. Ол шамамен 700 шақырымға ұшты»,— делінген. Комитеттің мәліметінше, зымыран Пхенан-Пукто провинциясындағы Кусон уезінде ұшырылған.  Киодо агенттігінің хабарлауынша, Жапонияның министрлер кабинетінің бас хатшысы Есихидэ Суга КХДР зымыранының шамамен 30 минут ұшып, Жапон теңізіне құлағанын, бірақ Жапонияның шектік экономикалық аймағына жетпегенін мәлімдеген. Суга КХДР зымыран сынағынан жапон кемелеріне зақым келді делінген ақпарат түспегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, оның айтуынша, Жапония жаңа сынақтарды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі резолюциясын бұзу деп есептелетіндіктен, ҚХДР-дің Бейжіңдегі елшілігіне нота жолдаған. Ал мұны қатаң айыптап отырған АҚШ әкімшілігіндегілер: «Солтүстік Корея тым ұзақ уақыт бойы қатер төндіріп отыр… Осы соңғы провокация барлық елге Солтүстік Кореяға қарсы бұдан да қатаң санкциялар енгізуге себеп болуы қажет»,— деген мәлімдеме жасады.

(17)