«Жібек жолы» экономикалық белдеуі жайлы не білесіз?

2013 жылдың күзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған іссапары барысында өзара бірігіп, Жібек жолының экономикалық белдеуімен Жібек жолының ХХI ғасырдағы теңіз жолын жасау жөніндегі ұсынысын жариялаған болатын. Идеясын алғаш Қазақстанда ортаға салып, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Осыдан бері 3 жылдан астам мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» идеясы кең етек алып, 100 ел қуаттап, ал 40-тан астамы Қытаймен ынтымақтастыққа қол қойды», — деп мәлімдеді ҚХР мемлекеттік кеңесінің мүшесі Ян Цзечи.
Биылғы Давоста 17 қаңтарда өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда ҚХР Төрағасы СИ Цзиньпин өзінің бағдарлы сөзінде көпшілікті 2017 жыл 14-15 мамырда Пекинде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты Халықаралық ынтымақтастық форумына (BRF) қатысуға шақырды. Форум мақсаты — халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін өзара қарым-қатынастарды реттеу, жеткен жетістектерді қорытындылап, бұдан кейінгі іс-шараларды жоспарлау, заманауи Жібек жолын жасауды жалғастыру тетігін өзара жан-жақты кеңесіп жүргізу арқылы құру, Жібек жолы бойы елдерінің әрекеттерінің жоспары мен стандарттарын бір жүйеге келтіру.
Осы баяндағанымыздан аталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жайлы біраз дерекке ие екеніміз көрініс тапқан сияқты. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылдың 16 сәуірінде ҚХР мемлекеттік кеңесінің нұсқауымен 16 беттік «ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесе жасаудың іс-әрекеті мен тамаша келешегі» жайлы буклеті. Биыл отандық газеттердегі «Караван», «АиФ» тағы ресми ҚХР өкілдерімен сұхбат жарияланды. Алайда Қазақстанда бұл жоба туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтің тым аз екендігін де мойындауға тура келеді.

Экономикалық жобадағы Қазақстанның атқаратын рөлі қандай?

Ең бірінші кезекте «Жібек жолының» құрлықпен өтетін Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын көлік-өтпелі дәліз рөлін атқарғанын атап өту керек. Бұдан 2000 жылдар бұрын Ұлы Дала арқылы өтетін Жібек жолының осы тұсы қауіп-қатерсіз болмағаны тарихтан белгілі. Жібек, форфор ыдыс, қағаз, бағалы зергерлік бұйымдар артқан сауда керуендерін қай жерде қай тонаушы қарақшылауын топшылау оңай болмағаны түсінікті. Бүгін Ұлы Даланың бұл тұсындағы теміржол, автокөлік өтетін ХХІ ғ. Жібек жолы ең қауіпсіз ғана емес, ең ыңғайлы да, тиімді болары сөзсіз.
Жібек жолындағы Қазақстанның екінші рөлі мұнай-газ құбыр көлігінің дәлізі ғана емес, Батыс Қытайға осы құбыр арқылы тасымалданатын энергетикалық ресурстарды табиғаттан шығарып жөнелтуші, ұсынушы рөлі. Бұл, әрине, ұтымды рөл емес, өйткені ол біздің елімізді Қытайдың шикізат алатын базасына айналдырады. Әрине, егер Қазақстан өз экономикасын «Бір белдеу, бір жол» жобасы толық жүзеге асқанға дейін 3-і жаңғыртудан өткізсе, сонда құбыр көлігімен дайын өнім: жанар-жағармай айдаса, онда шикізат базасы емес, толыққанды серіктес, ынтымақтас тең дәрежедегі ел болар едік. Бұл біздің үкіметтің осы бағыттағы экономикалық саясатының басты шарты болмақ.
Қазақстанның үшінші рөлі экология-лық зардаптардан әбден титықтаған Қытай өнеркәсібі мен химиялық және дамылсыз қолданудан шаршаған ауыл шаруашылығы үшін тыныстауға қажет табиғаты бұзылмаған таза өкпедей өңір. ҚХР-ның ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьуэй Қытайдан көшірілетін 51 кәсіпорын жайлы былай ағынан жарылды: «Бұл ешқандай көшіру емес, барлық кәсіпорындар жаңа, ешқандай ескірген қоңдырғылар мен технологиялар болмайды. Барша өндірістер өзара тиімділік негізінде құрылады. Бірінші кезекте мұнай-химия, тау-кен, тамақ қайта өңдеу, автоқұрыстыру т.б.» Уәде әдемі, бірақ оны біздің тарапымыздан бақылаудың жолдары қалай болар екен? Қазіргі қазақ қауымын ойландырып отырған да осы мәселе…
Төртінші рөлі, әрине, органикалық табиғи таза азық-түлік өнім өндіретін, ауыл шаруашылығының мүмкіндігі 1 млрд. адамды асырауға қабілетті ел. Бұл — біз үшін өте ұтымды рөл. Мәселен, АҚШ азық-түлік өндірісі мен экспортын экономиканың сыртқы саясаттағы стратегиялық саласы деп танып, шетелдегі тұтынушыларына алыпсатарлық саяси қысым жасауға ешбір тартынбай келеді.

Бұл жоба ел экономикасына не береді?

Егер ҚХР жауапты қызметкерлерінің тең мүдделі, өзара келісім, өзара тиімділік, ынтымақтастық пен достық және БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің т.б. халықаралық ұйымдардың қолдауын тапқан жоба, өз билігіміздің ымырашылдықтан аулақ, ұлтжанды, қауқарлы, табанды әрекетіне сүйенсе, әрине, оң әсер ететін жоба екені сөзсіз.
Әсіресе ішкі тар шеңберлі нарық қысып отырған ауыл шаруашылығы ұзақ мерзімдік ауқымды сыртқы нарықтық сұраныс орын алса, біздің органикалық өнімді қымбатқа алмақшы болып отырса, әрине, қуанбасқа шара жоқ. Жоғарыда атап өткен ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: «Сіздердің азық-түліктерің: бидай, ұн, бал, өсімдік майы, әсіресе ет Қытайда өте тапшы, өйткені оған сұраныс зор. Еске салып өтейік: 2010 жылы Ресеймен кедендік одаққа мүшелікке өткенде сыртқы нарық 150 млн. адамға өседі деп бөркімізді аспанға аттық. Алайда Ресей экономикасымен біз бәсекелес екенімізді әдейі ойлағымыз келмеді. Өткен алты жылдың нәтижесі мардымсыз. Ал Қытайдың ауыл шаруашылығы бізбен мүлдем бәсекелес емес, сондықтан ауыл шаруашылығы үшін жобаның пайдасы мол.

Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік және геосаяси жағдайына әсері

Еуразия өңірінің бұл жоба толық құрылып іске асырылған жағдайда орасан зор өзгерістер орын алуы мүмкін. Инфақұрылымның өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар мерзімін мейлінше қысқартып, шығындарды азайтары сөзсіз. Соңғы кезде саясатта орын алып отырған санкция соқтығыстары, оқшаулану (изоляционистік) саясаттың орнын шынайы жаһандану үдерістері жеңсе, өзара тиімді халықаралық еңбек бөлісі негізінде әр ел өз экономикасының абсолюттік, салыстырмалы және бәсекелестік артықшылықтарын толық пайдаланар болса, онда саясатта өктемдік, таптаурындылық, заңсыздық жойылары хақ. Көбінесе экономикалық қанағат таппаған мүдде саяси қақтығыс тудыратыны белгілі.
«Жібек жолы» экономикалық белдеу бойында жаңа елді мекендер бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары ашылады, әртүрлі мекемелер жұмыс істеп, әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Геосаяси арасалмақ АҚШ, Еуропа құрлығынан Еуразия құрлығына ойысады. «Бір белдеу, бір жол» жобасына топтасқан елдер Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік геосаясатын өздері өзара кеңес, өзара татулық, түсіністік пен теңқабырғалы қатынас арқылы шешетін болады.

Еуразиялық экономикалық Одақ пен РФ қатынасына ықпалы

«Бір белдеу, бір жол» атты «Жібек жолы», экономикалық белдеу бірлесе жасау жобасын Ресей де қолдап отыр. Әрине, РФ әрқашанда КСРО кезінде уысында болған елдердің сыртқы «тартылыстарына» қызғанышпен алаңдаушылық танытып отыратыны белгілі. Алайда бұл жолы бұл жобаға бірлесе кіріп отырмыз ғой. Бұған дейінгі ШНОС, ОДКБ, ВТО сияқты ұйымдарға бірге мүше болып келеміз. Оның үстіне «Бір белдеу, бір жол» ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық нәтижелері ЕЭО мүдделерін жоққа шығарып жатқан жоқ. Олардың мақсаттары мен міндеттері бірін-бірі толықтырып АҚШ, ЕО-ның және басқа да саяси шиеленіс тудыратын бірлестіктер мен блоктардың саяси ұстанымдарынан мүлдем аулақ.

Жанкелді Шымшықов, экономист сарапшы

(123)