Біздің елдер маңызды жобаларды жүзеге асыруы керек

Ақорданың баспасөз қызметі: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы және оны дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, тараптар мемлекеттер арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту мәселелерін, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілерін, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайын талқылады»,— деп хабарлайды. Сонда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті: «Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өндіріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ, тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Бізге интеграциялық процестердің маңызы зор. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы рөлі ерекше»,— деп атап өтіп, «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды.   Қазақстан Президенті кездесу соңында Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды.

(6)