«Батыстың батпағына» батқандардың мақсаты не?

Жақсы мен жаманды, пайда мен залалды айыратын ақылы, өзін-өзі танып, сезіне алатын тереңнен толғар парасаты бар саналы тіршілік иесі ретінде құбылыс пен затқа «бағалы» немесе «бағасыз» деп, «құнды» немесе «құнсыз» деп баға бермей тұра алмайды әрі сол «бағалы» деп есепке алып, ескерген нәрсесіне ұмтылмай тұра алмайды. Яғни мақсат-мұратсыз өмір сүре алмайды. Сол мақсат адамның бағыт-бағдарын ғана айқындап бермейді, әрекет-амалының негізіне, өмірге деген құштарлық-құлшынысын қозғаушы күшке айналады. Көріп отырғанымыздай, мақсат — адамның көзқарас-дүниетанымына тікелей тәуелді тірек-ұғым. Ал дұрыс таным бақыттың табан тірер нүктесі екені, қате таным қайғы-сордың қайнары екені даусыз ақиқат. Түйіндесек: не құнды — сол мақсат, ал мақсат — өмірдің мәнін анықтайды. Яғни, нені қадір-кие тұтсақ, біздің де адамдық дәреже-қасиетіміз сол деңгейде болмақ…

Кезінде өлімнен ұятты күшті көрген, малы — жанының, жаны — арының садағасы болған, «Еменнің иілгені — сынғаны, ердің екі сөйлегені — өлгені», «Ғалым болу — оңай, адам болу — қиын», «Он ақылдыдан бір мейірлі артық» деп, ұятты, арды, намысты, мейірімді, адамгершілікті бәрінен жоғары қойған ел едік. Қазір ше?
Біздің ресми түрде мойындаған, қағазға түсіп қатталған құндылықтарымыздың айтары жоқ. Олар: еркіндік, теңдік, өзара көмек, бауырмалдық, адамгершілік т.с.с. Ал іс жүзінде, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде біздің әрекет-амалдарымызды бағыттап отырған құндылықтар мыналар: пайда табу, ләззат іздеу, тояттану, атақ, бедел, билік, бәсеке т. б.
Елімізге батыстың озық технологиясы мен тозық мәдениеті қоса келді. Батыстың жетілген техникасы мен жалт-жұлт еткен затына таң қалған жұрт оның өмір салтына да бас ұрып, құндылықтарын талғамсыз қабылдап отыр. Мұның бірнеше себептері бар: 1) тұрмыс-шаруасы күйлі, техникасы озық болғанына қарап, «бізден мықты екен, өмірді де бізден жақсы түсінетін болар» деген, өзін төмен көрген, екі ғасырлық отарлаудың сызы өткен дімкәс сана, құлдық психология; 2) ақпарат құралдары арқылы ағылып жатқан тоқтаусыз, талғамсыз ағынның гипноздық күшінің әсері; «тамшы тама-тама тасты да теседінің» кебі; 3) нарықтың пайда, сауда, бәсекелестік сияқты экономикалық ұстындарын адами қарым-қатынас жүйесіне де көшіре салған ессіз еліктеушілігіміз.
Тамырын иман-таразысы жоқ білімсіздіктен алған бейқамдық «батыстық батпаққа» батырып барады. Бұл «батпақтың» баттиған көріністері мыналар: жеті атасына дейінгі қыздарға «ұрғашы» деп емес, «әпке-қарындас» деп қараған, қамқор болып, қыздың арын ел арына балаған қазақтың түнгі көшеге шыққан қаракөздерге қуыршақ, тауар ретінде қарайтын хайуани дәрежеге дейін құлдырағаны; ол аз болса, «мәдениетті, өркениетті» жұрттарша жезөкшелер үйін ашып, салық салып, мемлекет қазынасын қалыңдатып, ел-жұртты «марқайтайық» деген сайтани санаға жетуі; жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған есті елде ескерусіз қалған жетімектердің еселеп көбейіп, есепсіз сатылып жатқаны; қарияны «дария», қартты «қазына» деп қастерлеген жұртта «қарттар үйінің» қатарының өсуі; есігінде құлпы, даласында түрмесі болмаған дана халықтың атажұртында абақты көбейіп, түрмесінде бос орынның болмауы; қызына қырық, ұлына отыз үйден тыйым салған, тазалық пен пәктікті қастерлеген, ұрпағын тал бесіктен, тіпті ана құрсағынан бастап тәрбиелеген текті қауымның тексіз сериалдарды бала-шағасымен бірге тамашалайтын ессіз тұтынушы дәрежесіне түсуі; «Я Алла, өзімді алсаң ал, пейілімді алма» дейтін, бірінде бірінің бөлінбеген еншісі бар қонақжай дархан елдің, күні кеше ғана қуғындалған өзге ұлттың өкілдеріне таба нанның жартысын, екі бөлмесінің бірін берген жомарт жұрттың заманның тыныш, тұрмыстың кең кезінде шеттен «елім, жерім, бауырым!» деп келген қандасын қабылдай алмай жатқан, қадірлей алмай жатқан жатбауыр қалыпқа, тасбауыр мінезге жетуі; тағы басқа да айта берсең, еңсеңді баса беретін, жараңның аузын тұзды сумен жуғандай жайсыз жайлар…
Бізде мақсат пен қажеттілікті шатастырып алушылық бар. Қаттырақ айтсақ, көбіміз тіпті мақсат-мұратымыздың не екенін әлі толық түсінбеген күйдеміз. «Өмірге не үшін келдік? Тірліктің мәні мен сәні неде? Жаратушы алдында, адамдар алдында, ата-баба, ұрпақ алдында, қоғам алдында қандай парыз-қарызымыз бар?» секілді адамдық ар-ұжданымызға, азаматтығымызға сын сауалдардың нақты жауабын көбіміз әлі таппағанбыз. Тіпті кейде «тереңге кетіп ой қорыту, толғанып тұжырым жасау қабілет-қасиетімізден ажырап бара жатқан жоқпыз ба осы?» деген қауіп келеді басқа…
Қазіргі ақпарат заманында «шайнамай жұтқан» хабар-ошардың көптігі сондай, қорытып үлгере алмай жатырмыз. Мидың ішінде сансыз хабар, сапырылысқан ой көп те, жүйе жоқ, тұжырымдалған, жүрекке бекіген сенім жоқ. «Мүмкін олай шығар, мүмкін былай шығар?» деген сансыраған сенімсымақтар есеңгіретіп, ебіл-дебіл ғып қойған көбімізді. Мойындайық: өмірдің мәні анықталған айқын көзқарас та, нақты мақсат та жоқ бізде. Әңгіме бұл жерде экономикалық, саяси, топтық, тұрмыстық кішігірім мақсаттар жөнінде емес, «Мен осы үшін өмір сүрем, осы мақсат жолында ұйқы-күлкімді ғана емес, керек болса, жанымды беруге бармын» деп айта алатын, басты бәйгеге тігетін нағыз мақсат, өмірлік мұрат хақында. Мақсат нақты болмағаннан кейін әрекет-амалдарымыз да шалажансар…
«Көзбен көріп, қолмен ұстамасам — сенбеймін» дейтін атеистік тәрбиенің уы сіңіп кеткендер болмаса, есті жанның мақсаты — Адам болу, азамат болу, Жаратқан Иесінің разылығын табу. Кіші мақсаттар — осы мақсатты толықтырушы, осы мұраттың садағасы. Қалғаны: ұйқы, киім, күлкі, тамақ, үй… — бәрі қажеттіліктер. Сократ қария айтпақшы, «Тамақ ішу үшін өмір сүріп жүрген жоқпын, өмір сүру үшін тамақ ішіп жүрмін».
Әрине, «бар» болған жақсы, тек «қолдың кірі» дүниені жинау үшін жанталасып жүргенде, жан-дүниеміздің жұтаң тартып бара жатқаны алаңдатады. Білім алуға, құлшылық қылуға, пікірлесуге, сырласуға уақыт таппайтын «пысықтығымыз» қынжылтады. Негізінде, мақсат үшін қажеттіліктер құрбан болуы керек еді ғой… Шәкәрім атаны тыңдаңызшы:
Шаранамен келіп едің,
Бөз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?..

Алғадай Әбілғазыұлы

(95)