mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Ұлтты сақтаудың бірден-бір жолы — тілді сақтау

Қымбат Уахитқызы, Алматы қаласы бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының директоры: 

— Қымбат Уахитқызы, алдымен «Болашақ» қауымдастығы жайлы айтып өтсеңіз.
— «Болашақ» қауымдастығы — үкіметтік емес ұйым. 2001 жылы құрылған. Сол кезде «Болашақ» бағдарламасымен шетелден бітіріп келген түлектер, қазіргі Шымкент қаласы-ның әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және қазіргі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы сияқты түлектеріміздің бастамасымен құрылған. Осындай түлектердің басын біріктірейік, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырайық деген ұсыныс болды, Елбасы бұл ұсынысты қолдады. Біз Алматы қаласындағы филиалымыз. Заңды түрде тіркеліп, алты жылдан бері жұмыс істеп келеміз. «Болашақ» қауымдастығы 5 бағытта жұмыс жасайды. «Болашақ-Бизнес», «Болашақ-Спорт», «Болашақ-Білім», «Болашақ-Қайырымдылық» және қазақ тілін насихаттау, голливудтық киноларды қазақ тілінде дубляждау жобасы. Бұл жобаны алғаш ұсынған — «Болашақ» қауымдастығының құрметті мүшесі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек. Бұл жоба алты жылдан бері іске асырылып келеді. Қазақ тілінің дамуына осы жылдар ішінде көптеген оң әсерін тигізді. Еліміздің шетелге танылуына да әсер етті. Себебі біз тікелей әлемдік танымал киностудиялармен жұмыс жасаймыз. АҚШ-тағы «Disney», «Sony Pictures» студиясымен жұмыс істеп, голливудтық киноларды қазақ тіліне аударып жатырмыз. Қазақ тілі «Sony Pictures» студиясының әлемдегі аударылатын алтыншы тілі болып табылады. «Disney» ежелден келе жатқан студия болғандықтан, қазақ тілі 39-шы ресми дубляж тілі болып табылады. «Болашақ» қауымдастығының 4-бағыты «Болашақ-Білім» деп айтып өттік. «Болашақпен» бітіріп келген түлектердің басын қосып, жеке-жеке оқу орындарында, балалар үйлерінде дәрістер өткіземіз. «Болашақ-Қайырымдылық» — қайырымдылықпен айналысатын бағытымыз. Қарттар үйіне, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз калған балаларға қайырымдылық көмегін көрсетеміз. Алматы қаласында 12 жетім балалар үйі бар. Айына 1-2 рет жүйелі түрде қайырымдылық жасаймыз.
Енді ең бастыларының бірі соңғы 2-3 жылдың ішінде «Болашақ-Бизнес» жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша жұмыстар атқарып келеді. Бұл мақсатта көптеген ірі-ірі іс-шараларды өткіздік. Сингапурдан мықты-мықты кәсіпкерлерді спикер ретінде шақырып, тәжірибе алмасу мақсатында бизнес-форум өткіздік. «Болашақ-Бизнес кейстер» деген жинақ шығардық. «Стартап Болашақ» деген жобамыз бар. Мұны екі жыл қатарынан өткіздік. Бұл жерде жыл сайын жас кәсіпкерлердің стартап жобалары үшін 30-33 млн. теңге көлемінде гранттар бөлінеді. Біз үкіметтік емес ұйымбыз. Жобаларымызды жеке демеушілеріміздің қолдауымен жүзеге асырамыз.

МАҚСАТЫМЫЗ — ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ҚАЗАҚША КИНО КӨРУ ӘДЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

— Президенттің стипендианттарысыздар, үлкен мәдениеттің, өркениеттің мүшесісіздер. Болашақ ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Өркениет өнімі — Оскарға ұсынатын киноларды қазақ тілінде қашан сөйлетеміз?
— Біз үш студияның киноларын аударамыз. Бұл жобамен тікелей айналысатын — Астана қаласындағы әріптестерім. Біздің мақсатымыз — осы киноларды көретін қазақтілді көрермендердің санын арттыруға ықпал ету. Мақсатымыз өте әйгілі Оскар жүлдесін алған киноларды аудару емес. Егер мониторинг жасап көрсеңіз, 18 киноны аудардық. Көбісі балаларға арналған мультфильмдер. Жас ұрпақтың қазақша кино көру әдетін қалыптастыруды өз міндетіміз санаймыз. Негізгі аудиториямыз — жасөспірімдер. «Батыл жүрек», «Көліктер 2»-ні қазақша дубляждадық, осы жылы «Көліктер 3»-ті аударамыз. 18 киноның 70 пайызы жасөспірімдерге арналған. Ересектерге арналған «Агент 007: Спектрді» аудардық. Мониторинг жаса-ғанымызда, көрермендер балаларға арналған киноларға көбірек келеді екен. Себебі ата-аналар бала-ларының қазақша үйренгенін қалайды, сосын қазақша киноға апарады. Қазақшаға дубляждалған ең бірінші киномыз — «Көліктер 1». Ол қаншалықты пайда түсірді дегенге келсек, орыс тіліндегі нұсқасымен бірдей табыс әкелді. Шамамен 15 миллионға жуық қой деймін.
— Бірнеше жыл бұрын заңға «Қазақстан территориясына келген барлық шетелдік кинолар қазақ тіліне аударылуы тиіс» деген өзгеріс енгізіп еді…
— 2012 жылы заңға толықтыру енгізілді. «Фильмді прокаттау тілі» деген бөліміне сәйкес, онда «2012 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан территориясына келген барлық шетелдік кинолар қазақ тіліне және басқа да тілдерге аударылуға тиіс» деп жазылған. Өкінішке орай, бұл бастаманы бірден іске асыру мүмкін емес. Мысалы, елімізге жылына 250-ден аса шетелдік кино әкелінеді екен. Оның бәрін қазақ тіліне аударуға мүмкіндік жоқ. «Болашақ» қауымдастығынан басқа ешкім онымен айналысып жатқан жоқ. Біз жылына 4 кино аударамыз. Мамыр айында «Галактика сақшыларын» шығарамыз. Маусым айында «Көліктер 3»-ті шығарамыз. Жуырда орыс тілінде Тимур Бекмамбетовтың киносын қазақ тіліне аудардық. Көпшілікке ұнады.
— Орыс тіліндегі киноларды аудару өте жақсы бастама дер едім. Кинотеатрларда көбіне ағылшын тілінен аударылған кинолар көрсетіледі. Жалпы дубляж жасаудағы біз біле бермейтін ерекшеліктерді айтып берсеңіз.
— Киноны дубляждау үшін дубляждаушы режиссер тағайындалады. Бізде кинолардың көпшілігін дубляждауға жауапты болған — Айжан Жамшитова. Алдымен олар актер таңдайды. Ол үшін бірнеше тесттен өтеді. Мысалы, олардың дауыстарын алдымен Қазақстанда, содан соң Мәскеуде тексереді. Содан соң қай студиямен жұмыс жасасақ, АҚШ-тағы сол студия олардың дауысын мақұлдайды. Креативті хатта дубляж режиссері жалпы ұсынып жатқан актерлердің мінез-құлқын, жасы, даусының тембрі туралы сипаттама береді, қандай рөлде ойнайтынын айтады. Дыбыстауды сол кинода ойнаған актердің өздері мақұлдайды. Мысалы, Уилл Смиттің дауысын дыбыстауға адам табу өте қиын болды. Оған Азамат Қанапия деген актердің дауысы ғана сай келді. «Алғашқылар дәуірінде» де Левитанның дауысын дыбыстау қиын болды. Өте көп актерлердің дауысын саралай келе Азамат Қанапия екі рөлді дыбыстады. Левитанның да дауысын керемет келтірді. Ал соңғы дубляждалған «Алғашқылар дәуірі» фильміне дубляж режиссері өзі актер таңдап, дыбыстады. Тимур Бекмамбетовтен баспасөз мәслихатында журналистер «сіз дыбыстайтын актерлерді таңдадыңыз ба» деп сұрап жатыр. Сонда ол кісі «мен дубляж режиссеріне сендім, соған толық келісемін» деді.
Бұл өте қиын жұмыс. Таудың қарлы жерінде, суық жел, космоста ай-тылған сөздерді біресе төмен, біресе көтеріңкі дауысты келтіру өте қиын болды дейді Азамат. Актерлер әрбір рөлді жеке-жеке дыбыстайды, соңында сол дыбыстардың барлығын біріктіріп, жинақтау дейді ғой, оны бұрын шетелде жасайтын, соны тарихта бірінші рет Қазақстанда жасадық. Оны Астанада орналасқан «Арай медиагруп» атты студиямыз жасап шықты.

— «Джунгли кітабында» «барлығы бір-бірімен қабысып тұр, кешегі күн мен болашақ» деген жолдар жиі айтылды. Бұл жерде «болашақтықтарды», өздеріңізді меңзеп тұрған жоқ па?
— Бұл жерде «Болашақ» қауымдастығын насихаттауды мақсат тұтқан жоқ. Дубляждау барысында солай сөз қолдануға тура келген. Әлемдік студиялардың талаптары өте мықты. Басқа тілге аударылса да өте мықты. Олардың мақсаты — прокатшыларға, бизнесмендерге ұнау емес, көрерменге ұнау. Біздің де мақсатымыз осы. Сөздер көрерменнің көңілінен шықсын деген мақсатты көздейді. «Қазақфильмде» істейтін мамандар барлық мәтінді тексеріп шығады. Жұмыс өте көп. Тексті аудару, оны тексеріп шығу, оны дыбыстау, оны әртүрлі тембрлермен келтіру. Біздің дубляж актерлеріне ризамын, жалақылары аса көп болмаса да, жұмыстарына бар ынталарымен берілген.

ҚАЗАҚТІЛДІ КӨРЕРМЕН САНЫН АРТТЫРУ — ӘРБІР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫНЫҢ
ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

— Дубляж актерлерінің қаламақы-сы қандай? Актерлер қаламақыға қаншалықты көңіл бөледі?
— Бұл жөнінде мен де білмеймін. Ең бастысы актерлерге бұл жерде жұмыс істеу ұнайды. Олар дубляж жұмысына көздерінен от ұшқындап, құлшына кіріседі. Олар шынымен жандары ашып, киноға туысқандарын шақырып жатады. Қазір көрерменнің көпшілігі киноның орыс тіліндегі нұсқасына барғысы келеді. Әрбір адамда патриоттық сезім болу керек. Біз киноларды аударғанмен, келетін көрермен болмаса, еңбектің еш кеткені. Қазақтілді кино көрермендерінің санын арттыру әрбір Қазақстан азаматының жауапкершілігі деп білемін. Кейбір кинотеатр басшылары қазақ тіліндегі киноларға ешкім келмейді деп ренжиді. Неге прайм-таймда аз уақыт көрсетіледі деп журналистер сұрап жатады. Біздегі кинотеатрлар жекеменшік. Олардың басты мақсаты — пайда табу. Олар басында қазақшасын прайм-таймда қояды, қазақтілді нұсқасына көрермен көп жиналмаса, алып тастайды. Прайм-таймда көрермен сұранысына қарай тұрады.
— Өзіңіз білесіз, қазір қазақша ресурстар өте аз. Балаға кешке дейін «Балапан» арнасын көрсете алмайсың. «Ютубтың» бәрі орысша, қазақша мультфильмдер өте аз. Қазақ тілін дамыту үшін интернет ресурстарында не істеу керек? «Болашақ» қауымдастығында кино саласында, не анимация саласында оқитын шәкірттер бар ма?
— Сәкен Жолдас деген түлегіміз бар. Лос-Анжелесте оқыған тағы бір түлегіміз бар. Олар қазір өздері студия ашып жатыр. Олардың бәрін де мазалайтын нәрсе — қаражат. Сонда да осы салада талпынып, әрекет жасап жүрген 3-4 түлекті білемін.
Біздің аударған 18 киномыз неге интернетте жоқ деп сұрайды кейбіреулер. Бұлардың барлығы дискте бар, кино шыққаннан кейін 1-2 айдан соң диск те шығады, «Меломанда» сатылады. Әрине, аса қымбат деуге келмес, 1-2 мың теңге ғой. Бірақ интернет кеңістігінде жоқ, тегін жүктеп алуға мүмкіндік жоқ. Себебі бұл — әлемдік студиялардың талабы. Егер пират нұсқаларын көрсе, олар бізбен жұмыс жасауды тоқтатуы мүмкін.
Мысалы, қазақ тілін қалай көркейтуге болады? Менің өзім ағылшын тілін үйренемін деген кезде барлығын интернеттен тегін қарадым. Мультфильмдер, кинолар, кітаптары — барлығы қымбат болғанмен, тегін нұсқалары болды. Барлығы қолжетімді. Бізде қолжетімді емес. Әрине, уақыт керек. Заң да қабылданды, сәтті іске асырылып келеді, қарқынды әрекет етпесе де, бастамасы бар. Өкінішке орай, бізде сыншылар көп. «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой қазақ.
— «Джунгли кітабының» аудармасының аудиториясы көп болды деп айтып қалдыңыз. Көп көрермен жинауының себебі неде?
— Маңызды рөл ойнайтын аударма сапасы ғана емес, киноның өзі қызықтыра білуі керек. Бұл киноға балалар ғана емес, ата-аналардың өздері қызықты. Аударма сапасы да сәтті шықты, адамға рух беретін кино. Бала бұған әсерленеді. Тағы бір айта кететін жайт, әлеуметтік желіде пост жазатын таныс журналистеріміз, блогерлеріміз бар. «Джунгли кітабында» барлығы бірігіп, көп ақпарат таратты. Осындай кино шығып жатыр, қоғамды осы киноға барайықшы деп үгіттеді. Өте намысшыл азаматтар көп болды. Әрбір журналист 60-80-ге дейін репост жасады. Солардың арқасында көп адам жиналды.
— Статистикаға сүйенсек, қазақ тілінде сөйлейтін, ойлайтындардың қатары күн сайын көбейіп келе жатыр. Сіздер бір жылда 4-5 кино аударатын шығарсыздар, қазақтілді көрермен сұранысына сай, коммерциялық жобалар негізінде бәлкім одан да көп аударма жасар ма едіңіздер?
— Бұл жобамен айналысатын астаналық әріптестеріміз екенін айттым. «Болашақ» — жеке қайырымдылық қор. Оның жеке директоры, жеке кеңесі бар, кеңестің төрағасы — Бауыржан Қыдырғалиұлы. Сол кісі 6 жыл бұрын бұл идеяны колдап, әлі күнге дейін жобаның жұмыс істеуіне атсалысып келеді. Біз қоғамдық ұйымбыз, біздің ақша табу мақсатымыз жоқ. Мақсатымыз — қазақ тілінің дамуына ықпал ету. Болашақта табыс табуды мақсат қылатын басқа да жекеменшік ұйымдар шығатын шығар. Біздің партнеріміз — «Марвин» компаниясы. Алматы қаласы әкімшілігі, «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастыру процесімен айналысады. Әрдайым жеке демеушілеріміз болады. Мысалы, былтыр киноны дубляждауға түрлі құрылыс компаниялары демеушілік етті. Биыл да түрлі ЖШС-лар қол ұшын созды. Ал «Марвин» компаниясы техникалық жағына да, шығармашылық процесті ұйымдастыруға да тікелей жауапты.
— Демеушілер арасында «Болашақтың» түлектері бар ма?
— Иә, «Болашақ» түлектері де бар. Ара-тұра демеушілік жасап тұрады. Негізінен демеушілеріміз жергілікті кәсіпкерлер.

Вайнерлер — қазір тренд

— Оқырманға айтсам-ау дейтін тілегіңіз бар ма?
— Менің тілегім — қазақ тіліне дубляждалатын киноларымыздың көрермендері көбейсе екен деймін. Дубляждау жобасы біздің мемлекеттік тіліміздің дамуына оң ықпалын тигізіп келеді. Халықаралық аренада қазақ тілі танымал бола бастады. Жалпы Қазақстан азаматының өз тіліне деген жанашырлығын, санасын ояту, балаларын қазақтілді киноларға апарғызу мақсатымыз.
Біздің жобамыз да ұлттық мәдениетті сақтап қалуға ықпал етіп жатыр. Ұлтты сақтаудың бірден-бір жолы — тілді сақтау. Тілдің дамуына үлес қосатын осындай жобаларды көбейту керек. Ол кез келген адамның қолынан келеді. Қазір кез келген вайнерлер орыстілді. Вайнерлер — қазір тренд. Ең кем дегенде нашар видеоның өзін 300 мың адам көреді. Вайнерлер қазақтілді болса, оның өзі қалай әсер етер еді?! Жұрттың бәрі дубляжбен айналысуы мүмкін емес, ол қаражатты қажет етеді. Ал ондай видеоларды жасау кез келгеннің қолынан келеді ғой. Жұрттың бәрінің қолында телефон бар. Мысалы, Тұрсынбек Қабатовты алайық, оның өзіндік аудиториясы бар. Залды толтырып тұрып жинайды. Содан неге вайнер жасамасқа? Тұрсынбектің әзілдерін қазір инстаграмда вайнер ретінде шығарған ғой. 1-2 минуттық. Солар 500 мыңға дейін көрермен жинайды. Соны қарап отырсам, 1-2 минуттық, көп уақыт алмайтын, қарағанда ой салатын ұтқыр әзілдерін ойып береді. «Өрмекші адамды» біз де аударып отырмыз ғой. Өрмекші адам деген бүйі ғой, соны қаһарманға айналдырып отыр. Бұл — идеология. Біз де содан үйренуіміз керек. Біз тарихта бар батырларымызды солар секілді көрсете алмай жүрміз. Қазақ тілінде сайрайтын жастарымыз тапшы қазір. Әсіресе кинода таза қазақша сөйлей алатын актерлер тапшы. Қазақша білетіндер санаулы: Гүлназ Жоланова, Тәуекел Мүслім, Кәмшат Жолдыбаева. Сондықтан та болар, оларды киноға көп шақырады, сұраныс көп.
— Сұхбатыңызға рақмет!

(114)