mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ЭКСПО көрмесін жабдықтауға кеткен шығын неге жұмбақ?

ЭКСПО жақындаған сайын «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысадының» кебі келіп тұр. Өйткені шетелден келетін қонақтар сынап та, мінеп те кетуі әбден мүмкін. Көрменің ұйымдастырылуына көңілдері толып жатса, игі тілектерін аямасы да белгілі. Сол себепті ЭКСПО-ның ойдағыдай өтуі қазақ елі үшін үлкен абырой! Түрлі алып-қашты әңгімелер айтылып жатқанымен, көңілге жұбаныш болар жақсы жаңалықтар да басым. Соның бірі — ЭКСПО — 2017 халықаралық көрмесіндегі Қазақстан павильоны 90 пайызға дайын екендігі. Бұл жайлы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлады.
«Қазірдің өзінде Қазақстан павильоны 90 пайызға дайын. Өздеріңіз білетіндей, өнертапқыштардың туындыларын төрешілер таңдап алды. Осы уақытта балама энергетика салаларына, жалпы айтқанда, «жасыл экономикаға» қатысы бар 28 туынды іріктелді. Оның 11-і макет ретінде, ал қалғаны видео ролик ретінде көрсетілетін болады. Макеттер қазіргі уақытта Санкт-Петербургте жасалып жатыр. Менің орынбасарым өткен аптада барып келді, жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде. Видео роликтер де жасалуда. Шамамен 1-2 аптаның ішінде толығымен дайын болады», — деді министр.
Осы ретте журналистердің ЭКСПО павильонына қанша қаржы жұмсалғанын білгісі келген сауалдары жауапсыз қалды. Энергетика министрі Қазақстан павильонына бюджеттен қанша ақша жұмсалғанын қазіргі уақытта айта алмайтындығын былайша жеткізді:
«Алдымен жұмысты бітірейік. Одан кейін ашық түрде айтатын боламыз», — деді ол.
Айта кетейік, ЭКСПО — 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекке дейін созылады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігі ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растады.

(61)