mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Жас министрлердің мемлекеттік тілге шорқақтығына кім кінәлі?

Тимур Сүлейменов

Ел болашағы жастардың қолында екені даусыз. Алайда жастарымыз өздеріне артылған сенімді қаншалықты ақтай алып жүр? Олар еліміздің дамуы жолында қазақ тілінің мәртебесі биік боларына сенімді ме? Ел Президенті үнемі жастарды қолдап, биік мансап жолында өрлеуіне ықпал етуде. Артылған сенім өте үлкен. Оны түсінетін жастар мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысса керек-ті. Өйткені мемлекеттің тірегі — ана тілі. Онсыз ұлттың бет-бейнесін айқындау мүмкін емес. Осы орайда көңілде түйткіл көп. Көңіл кірі айтса кетеді емес пе?
Әңгімені әріден өрбітсек, Ұлттық экономика министрі болып, артынан сөзге ілігіп, қамауға алынған Қуандық Бишімбаевтың ана тіліне бүйрегі бұрмастан кеткені белгілі. Солқылдақ жас шыбықтың онсызда сот алдында жаны солқылдап жатқанда табалағандай болмай, сөзді осы жерде доғарайық.
Ал ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың мемлекеттік тілге деген немқұрайлы көзқарасы көпшіліктің көңіліне кірбің түсіргенін қалай ұмытайық? Кейін ар-ұяты оянып, бір жылда қазақ тілінде баяндама жасауға уәде беріп құтылғаны да есімізде. Ол күннің де таяп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Өздері басқарып отырған қазақ халқына уәде беру мұнымен тоқтап қалған жоқ. Биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қазақшаны қақпайтын ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов журналистердің өткір сауалынан кейін таяу уақытта қазақ тілінде жетік сөйлеуге ант-су ішті.
Айтпақшы, сол жолы жаңадан тағайындалған министр журналистерге сұхбаты барысында Мәскеуде жұмыс істеген жылдарында қазақ тілін ұмытыңқырағанын жеткізген еді. «Мәскеуде 5 жыл қызмет ету барысында өз ана тілімді ұмытыппын. Бірақ та алты айдың ішінде қайта меңгеріп шығамын», — деген еді ол сеніммен. Алла сәтін салса, ол күн де таяу.
Күні кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасы таныстырылғаннан кейін Әділет министрі тілшілердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың бірі министрдің мемлекеттік тілді толық меңгеруіне қатысты болды.
«Сіз қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін өзіңізді жетілдіріп, сабақ алып жатырсыз ба? Бізге қашан мемлекеттік тілде толық жауап бересіз?» — деген тілші сауалына ведомство басшысы Бекетаев: «Бір жылдың ішінде толық меңгеріп шығамын. Қазір аптасына үш рет сабақ алып жүрмін. Ауылға барған кезде тұрғындармен, туыстарыммен тек қазақша сөйлесемін. Бұл бағытта жақсы тәжірибе алып жатырмын», — деді ол.
Тәуелсіздік жылдарында тәрбие алған, азаттықтың ауасын еркін жұтқан жас министрлердің бүгінгі кейпі осындай. Егер тілге жанашыр журналистер қауымы талап етпесе, жас министрлердің қазақ тіліне деген «құштарлықтары» ояна қояр ма еді? Әй, қайдам?
Бір қуанарлығы — бүгінгі жастардың өз айыбын түсініп, иілуге дайын тұратындығы. Әйтпесе бірінің ағасы, бірінің әкесі деңгейдегі Ерлан Ыдырысов мырзаға ұқсап «Қазақ тілін білу үшін менің миымды ауыстырмаса, үйрене алмаймын» десе, не дер едік? Тәубе!

 

(41)