Сұрапыл соғыс қасіреті

Сарғайса да тарихтың ақ парағы,
Ол күндер мәңгі есте сақталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер, өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған азаматтар тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жуықтарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске алады.
Бұл жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап, Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, тылдағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған зауыт пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.

Осы әділетсіз арпалысқа Қазақстанның 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама боздақтар қыршынынан қиылды… Ішінде ақыны да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең, дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен…
Фашистік Германия тізе бүкті… Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің де өмірін қиып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. 66 жыл бұрынғы жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдарындағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 66 жыл өте шықты.
Ұлы жеңіске жетуде біздің жерлестеріміздің де зор үлесі бар. 454 қазалылық жауынгерлер де кешегі Ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында кеуделерін от пен оққа тосты. Азап пен тозаққа толы соғыста Қызылорда облысы, Қазалы өңірінің бес перзенті Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың төрттен бірі.
Қазалыдағы атты әскер полкінің негізінде құрылған 75-ші теңізшілер бригадасы Мәскеу түбіндегі қанды соғыстарға қатысып, кейіннен 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта жасақталып, Сталинград шайқасында үлкен ерлік көрсетті.
Қызыл Армияның алғы шебіндегі бөлімдерінің бірі ретінде Берлин қаласына алғашқылардың қатарында кірді. 1942 жылдың тамыз айында Ақтөбеде жасақталған 101 дербес атқыштар бригадасының құрамында 886 қазалылық болды. Новгород, Псков жерлерін жаудан тазартуда бригада құрамындағы қазалылықтардың үштен бірі оққа ұшты. 123 қазалылық сол ерлігі үшін өкімет наградаларына ие болды. Қанды қырғынға ұшыратқан Сталинград қоршауына 2 мыңға жуық қазалылық қатысты. Осы майданда да 700-ден астам жерлестеріміздің өмірі қиылды. Олар, сондай-ақ, Ленинград пен Прибалтика, Украиина мен Белоруссия, Кавказ бен Қиыр Шығыс майдандарындағы шайқастарға да қатысты.
Финляндия соғысынан елге жеңіспен оралып, 1941 жылы ағайынды Дербісалиевтер Ұлы Отан соғысына қайта аттанған.
Сермағамбет Дербісалиев 83 дивизияның 101 атқыштар полкінде болып, ұрпақтың болашақ бақыты үшін қан майданда соғысқан. Ол 1943 жылы Орлов қаласының маңында болған кескілескен шайқаста оң қолынан ауыр жараланып, елге оралды. Дербісалыдан екі ұрпақ қалады. Бірі — Сермағамбет, екіншісі — Ермағамбет. Сермағамбет атадан Едіге, Тұңғышбай, Қобылан, Темірхан тарайды. Сермағамбет 1945 жылы Күлбараш апаймен шаңырақ көтерген. Ағасы Ермағамбет Дербісалиев соғыстан алған жарақатынан ауылға келген соң қайтыс болған. Осы кісінің зайыбы Бипатима апайды Сермағамбетке қосқан. Олардан 10 бала өсіп-өнген. Барлығы қазір өз алдына үй болып, әр салада жұмыс істейді. Үлкен қызы Ақсырға мұғалімдіктен зейнеткерлікке шыққан. Меткүл де зейнеткер. Гүлжаһан Байқоңыр қаласында тұрады, Тұңғышбай спорт мектебінде жаттықтырушы, Майра мектепте жұмыс істейді. Қобылаш 60-шы жол диспетчері, кенже баласы Темірхан оқушылар үйінің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Сермағамбет Дербісалиев 40 жыл жұмыс жасаған аудандық почта байланысы торабынан зейнеткерлікке шыққан. Бүгінгі таңда ұл-қыздарынан 40 немере мен 22 шөбересі бар. Сермағамбет ақсақалдың майданда мерейі үстем болып, сый-құрметке бөленген. Соғысқа қатысқан қайсарлығына ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы», «СССР Қарулы күштеріне 60 жыл, 70 жыл» мерекелік, «Маршыл Г.К. Жуковтың» естелік медальдары және еңбегіне «Еңбек ардагері» медалі берілген. Ол кісі 2009 жылдың қаңтар айында 91 жасында қайтыс болды.

Серік Ардақ

(379)