Шаңырақ шайқалмасын

Отбасы — шағын мемлекет. Десек те, мемлекеттің мықты болмауы халыққа кері әсер беретіні анық. Осыны шағын мемлекетті құраушылардың басым көпшілігі түсіне ме екен? Отбасының екіге айырылуына не себеп? Кінәні кімнен іздейміз? Кінәлілердің соңы не болады? Бала тағдырына кім жауапты?
Бүгінде БАҚ-тың қайсысынан болмасын көріп, еститініміз өгей ата-анадан зәбір көрген жазықсыз балалар. Салдары неден туындап отыр? Ажырасудан бастау алған жағдайлардың көптеген себептері бар. Мінез-құлық, материалдық жағдай, жұмыс, карьера, баспана, перзент сүйе алмау, маскүнемдік, құмарлық, өзара сенімсіздік, ата-ене, қайын жұрттың әсері, санай берсек, тауысу қиын. Бүгінгі қоғам тұрғысынан алғанда, ажырасуға соқтыратын басты себептердің бірі — материалдық жағдай. Мысалы, ер адамның өз отбасын дұрыстап асырамауы, олардың күнделікті қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауы шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал Ислам діні ер адамға бір құшақ отын жинап әкеліп, сату арқылы болса да, отбасын асырауға бұйырады. Майлықожа ақын «Болымы жоқ бозбала, бейнеттен қашар бұлтаңдап» деп жалқаулықты сынаған. Отбасының бұзылуына көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бір-бірін алдап, өтірік айтып, өзара сенімнен айырылуы да себеп. Бір-бірінің күнәлі іске барғаны жайлы күмәнданатын ерлі-зайыптылар бар. Босағаны пәк аттамайтын қыздар да ұшырасады. Сондықтан күйеулері кейде әйелінен безінеді.
Ер мен бойдақ кездеріндегі арман-қиялдары отбасы құрған кездерінде жүзеге аспай қалса, соған бола ажырасып кететіндері де бар. Мысалы, тұрмыс құрған соң, тек күйеуімен жеке өмір сүруді, тапқан табыстарын тек өздеріне ғана жұмсауды армандаған қыз баланың алдынан ата-ене, қайын жұрт деген мәселелер шығады. Күйеуі ата-анасына қарауға, олардың қас-қабағын бағуға көңіл бөлетін адам боп шығады. Көптеген ұрыс-керістер осыдан шығады. Ал, негізінде, әрбір адам отбасындағы берекенің қайнар көзі қария кісілер екеніне көңіл бөлгені жөн.
Күйеуінің өз әйелін жөн-жосықсыз ұрып-соғып, орынсыз тоқпақтай беруі де бір күні әйелдің ажырасуға тілек білдіруіне алғышарт болады. Негізінде, әйел ұрып-соғумен тәрбиеленбейді. Оны Алланың дінін, иман негіздерін, шариғат қағидаларын үйрету арқылы тәрбиелеу керек. Күйеуін дұрыстап сыйламаса, ақыретте не күтіп тұрғанын түсіндірген дұрыс. Алладан, ақыреттен қорықпайтын адамды ұрып-соғып тәрбиелеймін деу — бекершілік. Үй иесінің маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуы, құмар ойындарына беріліп кетуі, ұрлық жасауға әдеттеніп кетуі, бала-шағаның қажеттіліктерін мүлде ұмытып кетуі көп жағдайда отбасының ажырасуымен аяқталады. Сондай-ақ, кейде жаңа құрылған отбасының бұзылуына екі жастың туыстарының арасындағы түсініспеушілік те себеп болатыны өкінішті. «Дұрыс той жасамады, жақсы киіт кигізбеді, құдалықты жақсы күтпеді» деген секілді болмашы сөздер ерлі-зайыптылардың бүкіл өмірін қор етеді. Отбасылық тату-тәтті өмірмен салыстырғанда, бұл кәделердің түкке алғысыз екендігін құдандалы ата-аналар естен шығармаса екен. Отбасын құрған ер мен әйелдің бірі өз бақытын сырттан, көшеден, өзге адамнан іздейтін жағдайлары да бүгінгі қоғамда жоқ емес. Ер адамның өз отбасында тастап, өзге әйелмен қол ұстасып кетуі де көп кездеседі. Бала-шағасын қараусыз қалдырып кету ата-ананың қай-қайсысына болса да сын.
Ажырасқан жандар психологиялық соққы алады. Ауыр күйзеліске түсіп, түрлі жүйке ауруларына да ұшырап жатады. Мұндай толыққанды емес отбасыда тәрбиеленген баланың жағдайы да мәз болмайды. Мысалы, сәби кезінде шешесі әкесінен ажырасып кетті делік. Жастайынан әке жылуын, оның тәрбиесін көрмей өскен бала өзгешелеу ержетеді. Нәзік жыныстыларға тән мінез-құлық қалыптасатыны да жасырын емес.
Адамзат қоғамындағы моральдік дағдарыстардың ішіндегі, «ғаламдық рухани мәселелер» деп арнайы атап көрсетуге болатын жағымсыз жағдаяттардың ішіндегі маңызды мәселелерінің бірі — жанұялардың ажырасу санының көбеюі және оның біздің елімізге де келіп жетуі. Зерттеушілердің пікірінше, бүгінгі қоғамымызда ажырасу әлеуметтік феномен ретінде қалыпты жағдайға айналып бара жатқандығы да рас.
Жауапкершілікті сезінбеу мен өмірді байсалды деп түсінбеушілік. Өмір жеңіл-желпі «жетпіс-сексен жылда әйтеуір сүріп тастайтын» шоу емес. Сондықтан бұл тұста ең басты түйін: жанұялық өмірдің өмірмәнділік жауапкершілік екендігін жастардың санасына сіңірумен келіп түйінделеді және бұндай насихаттың өзі ата-ананың жауапкершілігі болумен жүктеледі.
Бүгінгі өркениет аясындағы адамзат әртүрлі әлеуметтік мифтерден, идеологиялардан, сендірулерден бойын аулақ ұстауға тырысады, сондықтан бұрынғыша алдамшы өмірмен қанағаттанудың дәуірі де өтіп бара жатыр. Екі жұптың бір-бірін іргелі өмірмәнділік мәселелерде алдаусырату, жалған ақпараттармен сендіру, түптеп келгенде, ажырасуға алып келеді. Сондықтан ішкі шынайы мазмұны мен болмысын, алдымен, болашақ жұптардың өздері бүкпесіз түрде баяндаулары қажет, тіпті «айтылмайтын ақиқаттарды» да бір-біріне жариялауы тиіс. Осындай ақиқаттарға қаныққаннан, тіпті оған көндігіп, келіскеннен кейін ғана жанұя құруға бет бұруы қажет. Сәйкесінше, біз күн сайын қайталап жүрген демократиядағы саяси жариялылық пен мөлдірлік тек мемлекеттік деңгейде қалып қоймай, жанұялық өмір аяқталғанша оның өн бойында жалғасын табуы тиіс. Себебі «мемлекет — үлкен жанұя, жанұя — шағын мемлекет» қағидасын қай кезде де ұмыт қалдырмауымыз қажет.

Жадыра Мұсабай

(56)