mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

Қадірлі отандас, Қазақстанды өз Отаныңдай көрмесең, бәрі бекер!

Мен пойыз үстінде Қостанайдан келе жатқан орыс қыз-жігіттермен әңгімелестім. Үшеуі де көңілді жандар екен. Жасымның үлкендігін сыйлап, жоғарыдағы орныма біреуі жайғасып, маған төменгі орынды берді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, аядай купеде болған соң, олардың әңгімесіне мен де араласып отырдым. Әрине, орыс тілінде сөйлестік. Сөз арасында «Мемлекеттік тілді неге білмейсіңдер?» — деген сауал қойдым. Үшеуі бір-біріне қарап, қызарақтап, сасып қалды.
— Шындықты айтайын ба? — деді Саша қағылездік таныта қолын көтере. Басымды изедім.
— Қостанайда негізінен орыстар тұрады. Яғни бізде қазақ тілін үйренетін орта жоқ. Мектепте қазақ тілі пәні оқытылғанмен, оның әншейін аты ғана. Біз одан бірен-саран сөз үйренгенмен, кейін оларды да ұмытып қалдық. Қысқасы, бізде мемлекеттік тілді үйренетіндей қажеттілік болған жоқ. Біздегі жиналыстардың бәрі орыс тілінде жүреді. Тіптен, Алматыда да, Астанада да жағдай осылай. Мен таң қаламын кейде, кілең қазақ басшылар отырған жиналыстарда да олар өзара орысша сөйлеседі. Қазақ достарым көп. Олардың дені орыс тілінде сөйлегенді жақсы көреді. Рас, мойындаймыз, бұл — қазақтардың мемлекеті. Бірақ олар өзінің тілін білмесе, оған жанашырлық танытпаса, біз не істемекпіз?
— Иә, иә, Саша дұрыс айтады. Алдымен мемлекеттік тілді биліктегілер біліп, оны құрметтеуі тиіс. Арнаулы тіл туралы заң бар деп естідім. Сол заңды олар өмірде жүзеге асыру керек. Әйтпесе оны несіне шығарды?
Бұл Юрий деген азамат болатын. Сөзге қыз да (атын ұмыттым) араласты.
— Ағатай, қысқасы, бәріне қазақтардың өздері кінәлі. Бізді балабақшада, мектепте, жұмыста мәжбүрлесе, неге біз қазақ тілін үйренбейміз? Үйрену үшін уақыт белгілесін. Алты ай, бір жыл ма? Үйреніп аламыз…
Мені арадай «талаған» олардың айтқандарына қарсы ешқандай уәж айта алмадым. Қысқасы, тас талқан болып жеңілдім. Олардың сөздерінде ащы шындық бар еді. Шындығын да, біз, қазақтар, өзіміз кінәліміз. Рух, намыс жоқ жерде сені кім көрінген осылай басынады, осылай аяққа таптайды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көңілде жүрген сан сұрақтың, сан күдіктің, сан үміттің жауабын бергендей болды. Осы мақаланың ішіндегі айтылғандар орындалса, қазақтың еңсесі көтерілетіні сөзсіз. Қазақтың еңсесі дегеніміз: ол — тілінің өркендеуі, ол — рухының асқақтауы, ол — намысының қайралуы.
Аталмыш мақала шыққан соң, көктемде тасыған селдей пікірлер тасқыны БАҚ-тарға да, сайттарға да, желілерге де лақ етіп құйылды. Пікірлер авторлары — сан түрлі мамандық иелері. Оның ішінде саясаткерлер де, кәсіпкерлер де, әнші-жыршылар да, тарихшылар да, депутаттар да, бәрі-бәрі бар. Елдің екінші тынысы ашылғандай бейне. Елбасымыз тұншығып жатқан еркін ойлардың тығынын ашып берді. «Ойпырмай, мына ұлттық мәселені айтсам, қызметімнен айырылып қалам ба?» — деп үрей астында көміліп жатқандар, «ұлттық намыс» «ұлтық рух» деген сөздерден қарадай қорқатындар бас көтеріп, аттың басын жіберіп жатыр. Бұл не? Бұл — жаңғырудың басы. Біздің жүрегімізге осылай батылдық орныққанда ғана қазекеңнің нағыз күні, нағыз шынайы тәуелсіздігі келеді. Сонда ғана ол орыстың, қытайдың, өзге этностардың артынан көз жұмып мөнтеңдеп ере бермей, оларды қайта соңына ертеді. «Шаңыраққа қара!» — деп, оларға тіктеп қарап, көңіл көзін ашады.
«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» — деп Абай атам айтқандай, Елбасымыз шамырқанып, қазақ рухының туын желбіретіп жатқанда, біздің әрқайсысымыз қарап отырмауымыз керек.
Қазір редакция телефонына жиі-жиі қоңыраулар шалынып жатыр. Басты мәселесі — «Рухани жаңғыруға» деген ниеттері мен ықыластары. «Біздің мынадай ойларымыз бар» немесе «Менің мынадай жасайтын істерім бар» дейді. Ықыластары көл-көсір. Комиссия құрылып жатыр. Осы комиссияның мекенжайы, телефондарын барлық БАҚ-та беру керек сияқты.
Бүгінгі мақаламда айтайын деген ең сүбелі ұсынысым — Рухани жаңғыру майданына басқа этнос өкілдерін де шақыруымыз қажет. Мәселен, олимпиада және басқа ірі жарыстар болғанда ол этнос өкілдерін шетелдіктер «қазақтар» деп ортақ атаумен атайды екен. Қазақстан мен қазақ күшейсе, байыса, қуаттанса, олар да күшейеді, олар да байиды. Сондықтан олар да ойлануы тиіс.
«Туған жерге туыңды тік!» демекші, Қазақстан — олардың да туған жері. Ауылдарына қамқорлық жасасын. «Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады», — деп мақалада айтылғандай, патриоттық қозғалысқа қосылсын. Ең басты нәрсе — мемлекеттік тілді үйренсін. Бұл дегенің қазақты, Қазақстанды сыйлағаны деп білеміз.
Міне, көрдіңіз бе, мен пікірлескен Саша мен Юрийдің айтқандарынан, сын-ескертпелерінен қорытынды шығаратын кезең келді. Алдымен, қазекең, өзіңнің тіліңді үйрен, дініңді жүрегіңе сіңір, рухыңды көтер, намысыңды қайра! Содан соң одан өзге этностар өзінен өзі үлгі алады, біздің соңымызға еріп, қатарымызға тұрады. Қысқасы, рухани жаңғыру бәрімізге ауадай қажет.

(43)