Хрущевтің солақай саясатына қарсы шыққан қазақтар

Кез келген мекемені басқарудың өз ерекшеліктері болады және басшы адам белгілі бір саясатты ұстанады. Түрлі адамдармен тіл табысып, халықпен санасып жұмыс істеуі — өнер. Ал мемлекет басқаруға ерекше дарын керек екені түсінікті. Барлық адамдарға жағу мүмкін емес, дегенмен халықпен ақылдасып, олардың пікірімен санасқан басшы көп қателесе қоймайды. Өзімбілермендікке салған басшылар түбінде халықтың назасына қалады. Сондай басшылардың бірі 1953-1964 жылдары Кеңес үкіметін басқарған Хрущев еді.
1961 жылдың 12 сәуірінде дүниежүзінде тұңғыш рет ғарышқа Ю. Гагарин ұшқанда, барлық Кеңес Одағының халқы сияқты оқушылар біз де қуандық. Сол кездегі біздің түсінігіміз бойынша, дүниежүзінде бізден мықты ел жоқ. 1960 жылдары Хрущевтің «Американы қуып жетіп, басып озайық!» деген ұраны шыққан еді. Ел арасындағы көзі ашық айтқыштар осы ұранға анекдот та ойлап тапқан-ды. Үлкен жиналыста Хрущев осы ұранды айтқанда, бір коммунист қол көтеріп: «Никита Сергеевич! Қуып жетсек жетейік, бірақ басып озбайықшы», — депті. «Неге?» — десе: «Басып озсақ, артымыз көрініп қалады», — депті әлгі коммунист. Иә, анекдоттың шығуына да осындай жағдайлар себеп болған. «Өткенді жамандасаң, болашақ саған тас атады» деген мақал бар. Хрущевтің кезінде Сталин «халық жауы» деп жазықсыз ату жазасына кескендерді тоқтатқаны, түрмеге қамап, Сібірге жер аударылған кінәсіз адамдарды босатқаны және Ақмоладағы «АЛЖИР» лагерін жапқызғаны тарихта бар. Оны ұмытып,айтпай кетуге болмайды. Ол медальдің бір жағы. Ал ауыл шаруашылығына енгізген «жаңалықтары» дамтудың орнына кедергілер келтірді. Көптеген ауылшаруашылық дақылдарының орнына жүгері өсіру, мақта өсіруді шаршылап-ұялау әдісімен дамыту, тың және тыңайған жерлерді кеңейтіп,егін егу сияқты мәселелерді жаңа бастама деп өндіріске ендірді. Ресей мен Украинадағы астықты алқаптардың орнына жүгері егіп, оның орнына Қазақстанның солтүстігіндегі тың жерлерді игеріп, совхоздар құруды қолға алды. Сол мақсатта 1954 жылы 2-наурызда «Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту және тың мен тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулысын қабылдатты.
Ол өзі айтқан ұсыныстарын пленумдар мен жиналыстарда «партия айтты, бітті» деп зорлап қолдатып отырды. Сөйтіп, 1954-1955 жылдары 18 миллион гектар тың жерді жыртқызып, 337 кеңшар ұйымдастырды. Ол кеңшарларға сырттан 350 мыңнан астам адам әкелгізді. Осы адамдардың көпшілігі түрмеден босатылған бұзақылар еді. Ол астықтың бітік шығуы ауа райына тәуелді екеніне көңіл аудармады. Оған 1963 -1964 жылдардағы қуаңшылық мысал бола алады. Ойланбай істеген осындай кемшіліктер халықтың наразылығын туғызды. Шетелден астық сатып алып, дүниежүзінің алдында КСРО-ның беделіне дақ түсті. Хрущевке қарсы келіп сөйлеу мүмкін емес кезде шаруашылықты жақсы білетін оқымыстылар мен мамандар арасында Хрущевтің пікіріне қарсы өз ұсыныстарын айтқандар да болды. Солардың бірі Мұрат Майлыбаев еді. Ол кезде Мұрат Майлыбаев КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары лауазымды қызмет атқаратын. Мәскеуде өтіп жатқан пленумда Хрущев өзінің жаңа «бастамасы» мақтаны шаршылап өсіру әдісін мақтап жатқан. Оның сөзі ду қол шапалақтаумен қызу қуатталып жатқан кезде Майлыбаев орнынан тұрып: «Құрметті Никита Сергеевич! Жақсы сөздеріңіз үшін рақмет, бірақ мен сізбен келіспеймін, мақтаны «шаршылап ұялау әдісімен» өсіруден тартар зиян көп, біздің пікірімізбен санассаңыз екен. Бұл сізге де, партия саясатына да қарсылық емес», — деп, өз пікірін айтқан. Өзіне қарсы айтылған пікірге ыза болып, құлағына дейін қызарып, ашуға булыққан Хрущев жарты сағат үзіліс жариялайды. Үзілістен соң Хрущев: «Жолдастар, осылай болатынын білгенбіз. Бірақ партия ешқашан жаңылмайды, артқа шегінбейміз. Бұған дейін де, бұдан кейін де тек қана ғылым жетістіктеріне сай жұмыс істейміз!» — деп сөзін аяқтайды.
Пленумнан кейін ұйымдастыру мәселесін қарап, Майлыбаевты партиядан шығарып, жұмысынан босатқан. Кейін мақтаны жаңбырлатып суаруға қарсы шыққан Мақтаарал совхоз-техникумының директоры, профессор Бәкір Әлібаев та партиядан шығарылып, жұмысынан босатылған. Сондай-ақ, жүгері өсіруге қарсы пікір айтқан бір қазақ ғалымды да «жиналысқа арақ ішіп келіпті» деп, партиядан шығарып, жұмыстан босатып жіберген. Ғылыми дәрежесінен айырып, жүйке ауруы емханасына жатқызып тастаған. Ал жүгерішілік науқаны талай гектар жайқалған жүзімдік алқап пен мәуелі бақтардың тұқымын тұздай құртқан.
Хрущев бастаған орталықтың қазақ халқының мүддесіне сай келмейтін солақай саясатына ашықтан-ашық қарсы тұрған, қара басының қамынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қоя білген Жұмабек Тәшенов болды. Орталық «Тың өлкесін дамытып, елімізде астық өндіруді молайтамыз» деген сылтаумен тікелей Хрущевтің ұсынысымен еліміздің солтүстігіндегі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Көкшетау облыстарынан «Тың өлкесі» деген аймақ құрды. Орталығына Ақмоланы белгілеп, атын Целиноград деп өзгертеді. Түпкі мақсат осы облыстарды Ресейге қосып беру еді. Өлке басшылығына Мәскеуден Т. Соколов деген өз адамдарын жібереді. Ол әлгі аталған Тың өлкесін иемденіп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл 1960 жылы еді. Хрущевке арқа сүйеген Соколов: «Біз Мәскеуге қараймыз», — деп, бюджетті жоспарлауға қажет маңызды мәлімет бергізбейді. Соколовтың бұл әрекетіне ашынған Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов дереу Целиноградқа ұшып келіп, облыс басшыларының жиналысында мәселені төтесінен қояды. Соколовтың бассыздығын бетіне басып, қатаң сөгіс береді. Кемшілік екінші рет қайталанса, басшыны орнынан алып, 24 сағат ішінде Қазақстаннан қуып шығатынын ескертеді. Сондай-ақ, «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін шегелеп тұрып айтады. Сол жылдары Министрлер кеңесінде келер жылғы елді өркендету жоспарын келіскен жиынында Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасы орынбасары А.Козлов мінберден: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ешнәрсе сұрамаймыз. Тек, Мәскеудің бөлгеніне тиіспесеңіздер болғаны», — деп сөз сөйлейді. Сол кезде Тәшенов оны дереу тоқтатып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында және оны Қазақстанның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияға мүшесіз. Осы сыңарезулігіңізді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан соң аяқ жетер жеріңізге барып, арызданатын боласыз!» — деп, дереу тойтарыс береді. Сонымен қатар, осы жиында «Тың өлкесі», яғни Қазақстанның бес облысы Ресейге берілмейтіні, бұл жайында қайта сөз қозғамауды жалтақпайларға қатаң ескертеді. Сөйтіп, Хрущевтің Мәскеуден арнайы жіберген кеудемсоқ адамдарын осылайша тәубесіне келтірген болатын.
1961 жылы Хрущев Тәшенов пен Қонаевты Мәскеуге шақырып, осы мәселе жөнінде сөз қозғайды. Мәймөңкені білмейтін, ешкімнен тайсалмай тура сөйлейтін Тәшенов: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», — деп, турасын айтады. Өңі бұзылып, беті қызарып, өзіне қарсы пікірін жалтақтамай тура айтып отырған Тәшеновке: «Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің? Бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі — бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру — КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі!» — дейді. Сонда Тәшенов Хрущевке тура қарап: «Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикасының Конституциясын жою керек. Ал ол Конституциялардың баптарына сай «әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ». …Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден таймаймыз, ондай құқығымыз бар», — деп, турасын айтады. Бұл, әрине, Тәшеновтей принципшіл, ұлтшыл, әділетшіл, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоя білген азаматтың жүрек жұтқан ерлігі еді. Осы кездесуден кейін Хрущев та өз райынан қайтып, оның пікірімен санасуға мәжбүр болады. Бірақ көп ұзамай Тәшеновты орнынан босатып, жарты жылдай қызметсіз қалдырады. Ақыры елі үшін туған 46 жасар Жұмабек Тәшеновты Шымкент облыстық Атқару Комитеті бастығының орынбасары қызметіне төмендетіп жібереді. Егер Тәшенов кезінде орталыққа тойтарыс бермесе, Сарыарқаның бес облысы Ресей қарамағына өтіп кетері даусыз еді. Осы бес облыс аумағында төрт миллионға жуық Қазақстан азаматтары мен 555.5 мың шаршы шақырым жер бар екенін ескерсек, Тәшеновтың ерен ерлігі мен еңбегі еске түседі. Сондай-ақ, Маңғыстауды Түркіменияға, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге батыл түрде қарсы болған. 1958 жылы Қазақстан басшылары Яковлев, Журин бастаған, С.Бәйішов пен Қ.Шәріповтар қостап, «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бағыт-бағдарламасы коммунистік идеологияға сай келмейтіндігі және қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырғаны туралы мәселе қойылып, «Қазақ әдебиеті» газетін жауып, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығару мәселесін талқыға салады. Сол бюрода Сақтаған Бәйішов «Қазақ әдебиеті» газетінде А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі бар десе, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «…қазақтілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правдаға» қосып, мен редактордың орынбасары болып қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», — деп сөйлеген. Осындай жағымпаздарға жаны түршіккен Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып отырсың өзің?!» — деп басып тастаған. Ақыры бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталады. Осы газеттерді Тәшеновтың жабылудан аман сақтап қалғаны және қазақ ұлтының әдебиеті мен өнеріне ерекше мән беріп, құрметтегенінің дәлелі. Әрбір қазақ азаматтары өз халқының болашағы үшін солақай билік жүргізген шенеуніктерге қарсы тұрып, өз мүддесінен ұлт мүддесін артық қойған Мұрат Майлыбаев, Бәкір Әлібаев және Жұмабек Тәшенов сияқты ерлерді мақтан тұтамыз. Оның сыртында Тәшеновтың 20 наурыз туған күні екенін ұмытпай атап өтуіміз керек.

Әкебаев Беркін, республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері

(240)