mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Солтүстік Корея несіне сеніп секіреді?

Reuters

Әлем елдері, соның ішінде АҚШ пен Ресей, сонау 2011 жылдан бері Сирия билігі мен оппозиция арасында жүріп келе жатқан әскери қақтығысты бейбіт жолмен шешуге ынта-ықылас байқатқанымен, әзірге нақты нәтижелерге қол жеткізілмей отыр. Алыс-жақын шетелдік БАҚ-тардың осы мәселеге қатысты тұжырымына келсек, ол — Сирия АҚШ пен Ресейдің жаңа үлгідегі қарулы күштерінің сынақ алаңына айналды деуге келіп саяды. Соған дәлел ретінде базбір сарапшылар АҚШ кемесінен Сирияның Хомс өлкесіндегі Шайрат аэродромына бағытталып ұшырылған 59 «Томагавк» ракеталарының басым көпшілігінің нысанаға дөп тимеуіне Ресейдің заманауи қаруы кедергі болды деген уәжді алға тартады. Мұны АҚШ Қорғаныс министрі Джим Мэттистің: «Біз Ресеймен әкери іс-қимылымызды өзара үйлестірмейміз, олармен шабуылымыз жайлы келіспейміз және күштерімізді біріктірмейміз», — деген мәлімдемесі де растайтын сынды. Осыдан келіп, екеуінің илегені де бір терінің пұшпағы екеніне қарамастан, әлгі алпауыт екі елдің сыртқы саясаттағы ұстанымдарында бір-біріне кереғар келетін тұстар соңғы кездері айқын бой көрсетіп жүр. Мәселен, АҚШ-тың Сирияның Шайрат әуежайына шабуыл жасауын РФ президенті В.Путин: «Трамптың бұл әрекеті халықаралық құқыққа сай емес», — десе, өз кезегінде Д.Трамп: «Путин Асад режимін қолдауды доғаруы керек, олай етпеген жағдайда жаңа санкциялар саламыз», — деп сес көрсетті. Соған қарағанда, жыланның жусауын білетін әккі саясаткер Генри Киссинджердің: «Трамп АҚШ-ты әлем қожайынына айналдыруды қолға алды», — деген сөзінің жаны бардай көрінері хақ. Өткен ғасырдағы «қырғи-қабақ» соғыс жағдайы әлемдік сахнаға қайта оралса, мұның тек Таяу Шығыстың ғана емес, күллі әлемнің өзгерісіне әкелуі мүмкін екенін көзі қарақты саясаткерлердің ешқайсысы да жоққа шығармайды. Міне, осылайша, екі алпауыт елдің арасында әлемдік гегемонияға ие болу жолында жүріп жатқан текетірес үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін туғызып отыр. Мұны Корей түбегінде қалыптасып отырған жағдай одан әрмен ушықтыра түсуде. Бұған АҚШ вице-президенті Майк Пенстің Оңтүстік Корея мен Жапонияға жасаған сапары кезінде: «Солтүстік Кореяға қатысты Вашингтон «стратегиялық шыдамдылық дәуірін аяқтады», ендігі жерде «бейбітшілік тек күшпен» қамтамасыз етілетін болады», — деп мәлімдегені дәлел болатыны анық.

Вашингтон мен Пхеньянның текетіресі

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран мен ядролық сынақтарын жасауына байланысты Пхеньянмен шиеленісі күшейген тұста Корей түбегі жағалауына жақын маңға «Карл Винсон» авиа-тасымалдағышын жіберуге пәрмен берген. Десе де, АҚШ авиакемелерінің С.Корея іргесіне келуі үрейлендіруден гөрі, әскери шабуылға көбірек ұқсайды. Бұған қолдау ретінде Жапония да аймаққа екі эсминецін жіберді. Пхеньян мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен мезгілде Солтүстік Кореяда осы елден шыққан АҚШ азаматының ұсталғаны туралы хабар тарады. Қазір Солтүстік Кореяда АҚШ-тың кем дегенде екі азаматы ұсталған. КХДР АҚШ-тың күш көрсетуінен айылын жимайтынын айтып: «АҚШ зымырандармен соққы берсе, біз де оған дәл сондай соққылармен қарсы жауап береміз», — деп қоқиланып отыр. Ел басшысы Ким Чен Ын ел астанасы Пхеньянда эвакуация жасап, бүкіл ел көлемінде соғыс режиміне дайындалуға бұйрық берді. Солтүстік Кореяда соғыс режимі жарияланды. Армияға соғыс режиміне өту бұйырылып, елдің әр жерінде соғыс дабылы қағылды. Солтүстік Корея Тынық мұхитының батысында жапониялық эсминецтермен бірге әскери жаттығу өткізуге дайындалып жатқан америкалық авиа тасымалдаушы кемені суға батырып жіберетінін мәлімдеп, доқ көрсетті. Бұл туралы Түркия теле-радио орталығының ресми сайты хабарлады. Осылайша, Корей түбегіндегі ушыққан шиеленіс мүдделі елдерге соғысқа бет бұруға түрткі салатындай деңгейге дейін ушығып отыр. Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартпай қасарысса, АҚШ әскери әрекеттермен дөңайбат танытуда. Сондықтан Жапон, Қытай, Оңтүстік және Солтүстік Корея, АҚШ, Ресей мүдделері тоғысып жатқан Солтүстік Шығыс Азияның алдағы жағдайы не болатынына нақты жауап беру өте қиын. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон журналистерді қабылдағанда алдағы уақытта Трамп үкіметінің Солтүстік Кореяға қандай әрекеттер қолданатыны туралы тіс жарып ештеңе айтпаса да: «Егер Солтүстік Корея ядролық сынақтарды тоқтатса, онда АҚШ бұл елмен келіссөз жүргізуді қолдайды», — деп, әлем жұртшылығының көңіліне үміт ұялатқан. Бірақ осыдан бір-ақ күн бұрын ол Сирияға жасалған шабуыл кезінде: «Бұл — осы секілді өзге елдерге жасалған ескерту. Егер халықаралық нормаларды бұзушылар болса, осындай жауап алады», — деген болатын. Ендеше, сөзі мен ісі бір арнада тоғыса бермейтін ресми Вашингтонға толық сенім артуға болмасы анық. Шын мәнінде, Трамп үкіметі өздерін «халықаралық жандарм» рөлінде сезінетіндіктен, төрткүл әлем елдерінің баршасына дерлік осындай ескертулер жасауды бұлжымас заңға айналдырған. Нақты деректерге келсек, Солтүстік Корея, рас, БҰҰ Қарарын елемеді. Әпербақан Ынның күш көрсетуге бағытталған іс-әрекеттері АҚШ бастаған Батыс елдерінің қышыған жеріне дөп тиді, өйткені бұл оларға бүгіндері өңірде қалыптасып отырған жағдайды желеу етіп: «Баллистикалық зымырандар мен ядролық сынақтардың көбеюі АҚШ пен оның одақтастарын алаңдататын ең басты қауіп. Сондықтан біз қорғануымыз керек», — деп ақталуға негіз болып отыр. Сосын, Трамптың АҚШ билігінің тізгінін ұстауы осы елдің бағзы замандардан бері ұрандап келе жатқан: «Америка — күллі әлемде бірінші», — дейтін эгоистік пиғылын қайта оятып, Ақүй қожайынының әлемнің әр тұсында АҚШ-тың беделі мен ықпалын арттыруға бар «күш-жігерін» салуына ықпал етті. Солтүстік Кореяға Конгресстің талаптарын белінен басып, өз бетінше бұйрық берген Трамптың пәрменімен Ақ үй билігінің батыл әскери шаралар қабылдауы да соның дәлелі болса керек. Көршісінің агрессиялық саясатынан іш тартып қалған оңтүстік кәрістері де амалсыздан АҚШ-тың қолтығын паналап, осы елмен Солтүстік Кореяға қарсы әскери әрекеттерді бірлесіп жүргізу туралы жоспарларын бекітті.

 Әлемдік сарапшылар пікірі

Осыларды екшей келе, кейбір сарапшылар Кәріс түбегінде әскери іс-қимылдың туу мүмкіндігі соңғы 30 жылдағы ең жоғары шекке жетті деп есептесе, енді біреулері АҚШ-қа Солтүстік Кореяға қарсы іс-әрекеттерді аса сақтықпен жүргізу керектігін алға тартады. Оның өзіндік себебі де бар, өйткені Солтүстік Корея Сирия емес, оның қолында ядролық қару бар. Бұл елге шабуыл жасаймын дегендер мұны әсте естерінен шығармауы қажет. Сол себепті Солтүстік Кореяға Сириядағыдай зымыран шабуылы жасалса, оның салдары өңірлік тұрақтылыққа қаншалықты зардап тигізетінін ойлаудың өзі бойды тітіретеді. Солтүстік Кореяның Сириядан артықшылығы — бұл елдің ядролық қаруға ие екендігі және мұнда оппозициялық күштердің жоқтығы. Сосын АҚШ-қа Солтүстік Кореяның ұлттық идеологиясын ескермей болмайды, ол тұтастай қатаң режимге бағындырылған. Бұл режим соғыстың шығынын есептеуге бас қатырмайды, оған жеңіске жету ғана маңызды. Сондықтан АҚШ соғыс ашар болса, ресми Пхеньян шама-шарқын безбендеп жатпастан, тек жеңіс жолында ғана соғысқа кірісері сөзсіз. Осыларды таразылаған әлем саясаткерлері Корей түбегіндегі қатердің артуымен бірге, әлемге де ядролық соғыс қаупінің төнуі күшейіп келе жатыр деген пікірде. Олардың уәжі: «Солтүстік Корея екінші Сирия бола қоюы екіталай, бірақ түбекте соғыс өрті тұтанса, оның жалыны шарпитын аумақ Сириядан әлдеқайда зор болары кәміл. Соғыс өрті әлемнің қай түкпірінде тұтанса да, оның түпкі мүддесі алпауыт елдерге келіп тіреледі. Сөйтіп, ол әлем алпауыттарын еріксіз үлкен ядролық соғыс алаңына алып шығады. Сондықтан бұл соғыста жеңуші болмаса да, жеңілуші күллі адамзат қоғамы болары шүбәсіз», — деуге келіп саяды. АҚШ-тың кейбір басылымдары: «Болашақ босқындар легін тоқтатамыз деген себеппен Қытай мен Ресей Солтүстік Кореямен шекараға әскери техникаларын, әскерилерді шоғырландыруда», — деген ақпарларды жариялады. Бұл әлем елдері назарын басқаға бұру үшін жасалып отырған қитұрқы саясат болуы да ғажап емес. Қалай десек те, бүгіндері осындай ақпарат шайқасының соңы үлкен соғысқа ұласып кету қаупінің артып отырғанын жоққа шығаруға болмайтындай. Ендеше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Қазақстан да осы мәселеге қатысты өзінің міндетін абыроймен атқаруы тиіс деу абзал.

(417)