Минус екі

Ташкентте бокстан құрлықтық дода жалғасып жатыр. Бұл жарыста күзде Германияда өтетін әлем чемпионатына лицензиялар беріледі деп хабарлайды prosports.kz.

Ширек финалға шыққан он боксшымыздың екеуі жарыс жолынан шығып қалды: Жомарт Ержан (49 кг) турнир қожайыны, Олипмиада чемпионы, сол салмақтың рейтингісінде бірінші тұрған Хасанбой Дусматовқа жол берді. Бірақ Ержан Германияға баратын мүмкіндігін жоғалтқан жоқ – ол әлі Ташкентте қосымша жекпе-жектер өткізеді.

Әділет Құрметов (60 кг) те өз рейтингісінде бірінші тұрған боксшымен кездескен. Моңғолиялық Отгондалай Доржнямбуу, өкінішке қарай, бірінші раундта жеңіске жетті – Құрметовтің қабағы жарылып, дәрігер оған кездесуді жалғастыруға рұқсат берген жоқ.

Енді жартылай финалға өткендерге тоқталсақ. Таңғы сессияда Қайрат Ералиев (56 кг) жапон қарсыласын жеңсе, Василий Левит өзбектің жас спортшысы Санжар Тұрсыновтан басым түсті.

Бақдәулет Ибрагимов шри-ланкалық Душан Сапарамадуды өте сенімді ұтып, жартылай финалда өзбек Икболджон Холдаровпен күш сынасады.

Әбілхан Аманқұл (75) болса, сириялық Абдул Аззизді жарыстан шығарып тастады. Отандасымыздың да қарсыласы өзбек болмақ. Ол Исраил Мадримовпен кездеседі.

Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларын өзара тағы бір кездесу күтіп тұр. Жартылай финалда Азамат Исақұлов (52) пен Жасұрбек Латипов қолғап түйістіреді.

Абылайхан Жүсіповтің қарсыласы қытайлық азулы Лю Вей болған. Лю «China Dragons» командасының мүшесі, кезінде WSB рингінде Данияр Елеусіновпен жұдырықтасқан. Абылайхан Аспан асты елінің боксшысынан айласын асыра алды. Енді ол жартылай финалда моңғолиялық Тувшинбаат Бьямбамен күш сынасады.

Суперауыр салмақта сынға түсіп жатқан Қамшыбек Қоңқабаев үндістандық Сатин Кумарды 5:0 есебімен сенімді жеңді. Ол финалға берілер жолдаманы сириялық Хуссейн Яшаишпен сарапқа салады.

Осылайша, Қазақстанның сегіз боксшысы Гамбургте өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

(65)