80 млн доллар қарыз қайда жұмсалады?

Парламент қабырғасында өткен жиында медициналық сақтандыруға Халықаралық даму және қайта құру банкінен алынатын 80 млн доллардың 14 миллионы халықаралық кеңесшілер тартуға жұмсалатыны белгілі болды. Бұл мамандар сақтандыруды сәтті іске асырған мемлекеттерден шақырылмақ екен. Ал қалған қаражат нақты қайда жаратылатыны белгісіз. Бұған өз ойын білдірген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев: «Сол мамандардың білім-біліктілігін жетілдіру сияқты мәселелерге мемлекеттің бюджеті де жетеді. Біз осы  қарыз алуға неліктен құмармыз? Қаржыны алдық па қарызға, соны ертең кәсіпорындарға немесе кәсіпкерлерге беруіміз керек. Арзан пайызбенен, мысалы. Ертең кәсіпкерлер соны қайтарады. Ары қарай сыртқы қарызды да қайтаруға мүмкіндік болады. Ал мынау беріліп отырған қарыз, бұл қайтпайды.  Бұл ақша жаратылады. Болды»,— деп, наразылығын ашық айтты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов болса: «Бұл өте күрделі жұмыс. Біздің тарапымыздан күшіміз жетпейді. Сондықтан шетелдік эксперттерді осы жұмысқа әкеліп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 90-шы жылдары міндетті медициналық сақтандыру қорының қандай болғанын. Белгілі себептермен ол әрі қарай жүрмей қалды. Сол кездегі кемшіліктерді болдырмау үшін, осындай дүниежүзілік тәжірибелерді дұрыстап қарап, жаңадан осы жүйелерді енгізейік деп отырмыз. Десе де, «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, бұдан сабақ алуымыз керек»,— деді.

(21)