Шымкентте енді балабақша салынбайды

Otyrar.kz

Шымкент шаһарының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында: «Шымкентте биылдан бастап балабақша салынбайды.  Біз осындай шешімге келдік. Бұдан былай әр балаға қажетті қаржыны бөліп, жекеменшік балабақшаларға төлейміз. Бұл екі жаққа да тиімді. Біріншіден, кәсіпкерлердің жұмысы жүреді. Екіншіден, мемлекет те қаражатын үнемдейді. Құрылысқа, жобалау құжаттарына артық қаржы жұмсалмайды. Өйткені балабақшаны кәсіпкердің салғаны жеңілдеу. Ең бастысы, балабақшаға баратын балалардың саны артады»,— деді. Өз кезегінде кәсіпкерлер шымкенттік бөбекжайларға мемлекеттен төленетін қаражаттың тым аздығын тілге тиек етті. Мәселен, Аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева: «Жекеменшік балабақшадағы әр балаға ай сайын бөлінетін 8 мың теңге тамақ пен қажеттіліктен артылмайды. Ал кез келген  кәсіпкер табыс тапқысы келеді ғой»,— деген уәжді алға тартты. , дейді ол. Бұл мәселеге қатысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: «Қазір барлық өңірлерде осы сынды мәселелерге қатысты ұсыныстар талқыланып, оны оңтайлы шешу жағы қарастырылып жатыр. Еліміздегі барлық облыстардан балабақшалар үшін қанша қаражат бөлінетіні, оның инфляциялық деңгейі туралы ақпараттар жинақталуда. Алдағы күндері ортақ жоба жасалып, ұсыныстар  Ұлттық экономика министрлігіне жолданатын болады»,— деп сендірді.

(40)