Мемқызметкерлер неге жиі ауысады?

Бұл сауалға «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев: «Сатып алулар және бақылау-қадағалау органдарында жұмыс істейтін мамандармен қиянатқа бармау жөніндегі арнайы келісімшарттар жасаса отырып, оларды жиі алмастыру міндетін бекіту қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттік қызметшілер арасында жиі ауыс-түйіс жүргізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың бірі болып саналады. Жемқорлықтың жоғары дәрежесіне ие лауазымдарды атқаратын қызметшілерді ауыстырудың қажеттілігі, қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына итермелеуі мүмкін бақылау-рұқсат беру функцияларына ұзақ уақыт ие болуымен байланысты. Аталған шара мұндай қауіп-қатерлерге жол бермеуге бағытталған. Батыс Еуропа елдерінде ротация әр екі жыл сайын, жемқорлыққа анағұрлым бейім салаларда жыл сайын жүргізіледі. Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сатып алулар саласында 73 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, оның 32-сі сотқа жіберілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деректеріне сәйкес, бұл салада сотқа тартылғандар саны 40 пайызға ұлғайған»,— деп түсіндірді.

(15)